Жалған вакцина құжатын жасаған дәрігерлер тұтылды

478

Індет өршіп барады. Үшінші, төртінші кезеңі шектік мөлшерден асып, асқынуда. Бірақ, карантин талаптарын сақтап жатқан халықты байқамайсың. Керісінше, жасырынбақ ойнағандай  тығылып, той-томалақтарын өткізіп әлек. Мейрамхана қожайындары да асап қалғысы келеді. Мутацияның неше түрі болады деп дабыл қаққан Денсаулық  сақтау министрі  сөзіне құлақ асып, сақтық шарасын орындап жатқандар некен саяқ. Қазақстанның барлық аймағы «қызыл», «қоңыр қызыл» аймақта тұр. Халықтың карантиндік шараларын ескермегендіктен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев мейрамханалардың әр босағасына  полиция күзетін қоюда. Жалпы, республика бойынша ковидтің ахуалы  әсіреп барады. Мұны Үкімет басшысы Асқар Мамин де мойындады.

«Бұрын Жемқорлық індет, оны жою міндет» деп майдан аштық. Енді «Ковит» індет, онымен күресу міндет» деп ала шапқын болып жүрміз. Індетті жеңілдетеді деген вакцина төңірегінде де алып қашпа әңгіме «қамқа тонға сіркелеген биттей, өріп жүр. Тіпті бұл  жөнінде Шымкент қаласының тұрғыны жоғары маман дәрігер   Айна Бакееваның  әлеуметтік желіде өзіндік піркірін айтуда. «Былай тартсаң арба, былай тартсаң өзгіз өледі» демекші, вакцина алушылар екіге жарылған дәрігерлердің қайсына сенерін білмейді. Тіпті, вакцина туралы ресейлік кейбір дәрігерлердің көз қарасы екі түрлі. Сонда кімге сенеміз?  Індет жұққан жағдайда жеңіл өтеді деген ақ халаттылардың және мемлекеттің тұтас халық екпе алуы керек деген міндеттемесі әуелі, мемлекеттік органдарда жұмыс істейтіндері мәжбүрлі түрде екпе салдыруға, әрі бұқараға үгіт-насихат ретінде көрсетіп бақты. Қазір жалпы халықтың басым бөлігі екпе алуда. Тіпті екінші кезеңін қабылдап жатқандар да көбейіп келеді. Алайда, «Ақыш таздың амалай» дегендей,  вакцина алмаудың амалын тапқандар  әрі ақша көрсе әкесінде сатып жіберетін дәрігерлер мен әкімдік қызметкерлер арасынан да табылуда. Мәселен,   Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Талдықорған қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің лауазымды тұлғасы болып табылатын мониторингтік топ мүшелерінің сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің жолын кескен. Бұл қылмыстың бел ортасында мемлекеттік қызметтегі адам өзінің қарамағындағы бас маманмен сөз байласып, «Covid-19» коронавирус инфекциясымен күрес бойынша дағдарысқа қарсы шаралар кезінде адамдар көп жиналатын іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынғанына қарамастан қала рестораторлары мен  сауда өкілдерінен оларға қатысты әкімшілік шаралар  қабылдамау  үшін жүйелі негізде 20 мыңнан 270 мың теңгеге дейін пара алған. Бизнесін тоқтатпаудың амалын қарастырған мейрамханалардың бес бірдей әкімшісі пара береміз деп қылмыстық жауапқа тартылуда. Дүниенің соңына түскендер індет ошағы адамдар көп жиналған жерден қаулаған өрттей  лаулайтынын біле тұра көз жұмбайлыққа баруда.

Жалпы Алматы облысында карантин талаптарын бұзғандарға 69 млн. теңге айыппұл салынған. Санитарлық-эпи-демиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, облыста жергілікті атқарушы органдар жанында 268 мониторингтік топ жұмыс істейді. Олар халықтың санитарлық-эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық шараларды сақтауын бақылайды дейді. Жыл басынан бері мониторинг тобы 22 мыңнан астам рейд жүргізіп, 127 мың нысанды қамтып, 1082 карантин режимінің бұзылу фактісін анықтаған. Бұлардың басым бөлігі той, қыз ұзату, құда күту, туған күн жасау  және отбасылық, ұжымдық  іс-шара, өткізгендер карантиндік  режимді сақтамағандары үшін айыппұл арқалаған.

Енді вакцина төңірегіне ойыссақ.«Адам жанына араша» болады  деген дәрігерлердің де қолдары таза болмай шықты. Вакцинацялау құжатын саудалағандар шетінен топырлап торға түсіп жатыр. Мұны да жемқорлықпен күрес агентігінің ақпаратынан алдық. «Жалған құжаты жасаушылар, «Нұр-сұлтан» қаласы және, Ақмола мен Алматы облыстарында қолға түсіпті. Олар іс жүзінде вакцинацияланбаған адамдарға паспорт жасап, вакцинаны жерге төкендері айтылуда. Халықтың  денсаулығын байытуға алынған екпелер жерге төгіліп, оған бөлінген бюджеттік қаражат желге ұшты»  –  дейді жемқорлықпен күрес агенттігі. Ал, Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев ПЦР анықтамасы мен вакцина паспортын қолдан жасап сатқандарға қатысты  медициналық мекемелерінде вакцина құжаттарын қолдан жасаудың екі жағдайын анықтаған. Оның біріншісі №21 емханада  анықталса, екіншісі,№4 қалалық емханадан шығыпты. Бұл жағдайларды қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өзі анықтап, істі Алматы қалалық полиция департаментіне  жолдаған.   «Бақсам, бақа» екен демекші,  жалған вакцина мен ПЦР анықтамасын  қолдан жасайтындар туристік фирмалардан да табылған. Олар қажылыққа баратын адамдардан сұранысына орай жалған құжаттар жасап беріпті. Тәжтажалдың тауқыметі мұнымен де бітпейді. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық дәрігерлердің де көзін байлап, арандарын апандай ашуда. Жалпы республика бойынша екі күннің бірінде вакцина төңірегінде жалған паспорт жасаушылар туралы ақпарат еститін болдық.  «Біреу тойға айналғанда, біреу қорадағы қойға айналып» тұрған қатерлі заманда адамдар да қорқып-үркуді қойған. Оған басты дәлел, карантиндік режимді сақтамай  той-томалақ жасаса, базарлар мен сауда үйлерінде бетпердесіз жүргендер құмырсқадай құжынап жүр.  Сотпен де, полициямен де,  үркіте алмайтын дәрежеге жеттік. Адамзаттың өзіннің санасы оянып, қауіп-қатердің өршуі, адам баласын қынадай қырып жатқанын      көзбен көрген дәрігерлердің өздерінің қолдары таза болмаса, кімге өкпе артқандаймыз. Әйтесе, «қызылдан қоңыр қызыл аймаққа» өттік, сақтаныңдар, вакцина алыңдар десе де жайбарақат жүрген халықты көріп қынжыласың. «Ойбай вакцина алсаң ауру жұқпайды» екен деп,  емханалардың маңайында топырлап жүрген де қара халық. Осы вакцинаның төңірегінде айтылып жатқан пікірлер шын ба, өтірік пе, оған да Денсаулық сақтау министрлігі  шала-құла ақпарат берген болды. Алайда, халықта не көгілдір экран арқылы нақты жауап берілмеді. Қытайдан, Арабиядан, Ресейден әкелінген екпелер жөнінде бірі ауыр, бірі жеңіл өтеді деседі. Мәселен, Талдықорған  қаласындағы бір азамат (аты-жөнін айтпай-ақ қоялық) Ресейге  оқуға бару үшін «Спутник V»  екпесін алыпты. Алайда, «Ресей шекарасына барғанда, бұл вакцинаны біз мойындамаймыз-деп әуре-сарсаңға салды. Сонда біздің кедендік одақтағы әріптестігіміз қайда қалды. Өздері шығарған вакцинаны мойындамаса, біз неге салдырып жүрміз» деген назын айтып қалды. Қазір халықтың екі ұдай болып екпеден үрейленіп жүргенін де осындай кереғарлықтан емес пе? Медперсоналдардың бірілі  –  жарымы қолға түссе,   әр салада алаяқтар кездеседі дейін десең Шымкент қаласында жалған вакцина жасаған 16 медқызметкер  тұтылған. Бұлар кіші қызметкерлер өздігінен ондай іске бара қоюы екіталай? Тіпті тұрақты түрде айналысқандары айтылуда. Демек топтасып қылмыс жасағандардың артында кімдер тұр. Жалған құжат жасағандар 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделгенін елдің бәрі біле бермейді. Бұл тараптан да  Денсаулық  сақтау  министрлігі құық қорғау органдарымен бірлесіп ақпараттық жұмыстарды кеңінен насихаттауы керек-ақ. Жалған құжат денсаулықтың кепілі бола алмайтынын,  бұқараға тәптіштеп түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Кешкі жаңалықтарда көгілдір экранда және әлеуметтік желіде қысқаша ақпараттар айтылды да,  қалады.  Жалпы екпе алушылар Алматы облысында барлығы 1 компоненттен  634 255 доза келіп түсіп, бүгінгі күні онымен 561 506 мың адам егілген. Екіншісімен – 406 345. Вакцина алған тұрғындар арасында мұғалімдер және  медицина қызметкерлері көш бастап тұр – 38 216 және 23 380, одан кейін Ішкі істер министрлігінің  қызметкерлері – 21 144 адам. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша Қазақстанда қолданылатын вакциналар коронавирустық инфекцияның Үнді, Британдық, оң-түстік африкалық және бразилиялық штаммдарына тиімді екен. Енді, 3-4 тамыздағы жағдай бойынша облыста 311 адамнан коронавиурсы анықталған. Індеті жұқтырушылар Талдықорған қаласы, Талғар ауданы Өтеген батыр ауылынан көп тіркелген.

Зертханалық орталықтарда 33 024  КВИ жағдайы тіркелген, оның ішінде 21 791 симптомдары бар. Бұл 100 мың тұрғынға шаққанда «Ковид-19»  – жұқтырушылардың көрсеткіші – 1545,1 құраған. Жалпы Жетісу аймағы бойынша індеттің  өсу қарқыны соңғы 2 аптада 0,7% – дан 0,9% – ға дейін артқан. Соңғы аптада ең жоғары өсу қарқыны Алакөл, Балқаш, Ескелді, Іле, Қарасай, Қаратал, Кербұлақ аудандарымен қоса және Сарқан қаласында байқалған. Соңғы тәулікте КВИ 311 жағдайы тіркеліп, өсу қарқыны – 1,0%, оның ішінде 266 симптомдық және 45 симптомсыз жағдай анықталған. Ауыздықтауға көнбей, тамырланып кележатқан Ковид індетін жұқтырғандардың, 311 жағдайының 39-ы 14 жасқа дейінгі балалар болса, оқушылар арасында 25 және студенттер арасында 1 адам тіркелген. Өңірдегі аудандар арасында, КВИ сырқаттанушылығы: Ақсу-6, Алакөл – 4, Балқаш – 4, Еңбекшіқазақ – 29, Ескелді – 4, Жамбыл – 18, Іле – 34, Қарасай – 32, Қаратал – 8, Көксу – 5, Панфилов – 12, Райымбек-2, Талғар – 36, Ұйғыр – 11, Кеген – 3, Қапшағай қаласы – 14, Талдықорған қаласы – 76, Текелі қаласы – 13,  барлығы 28 126 адам, тәулігіне стационардан 24 пациент, үй оқшаулауынан 40 адам алынды.Бірінші тамыздағы облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне жүгінсек, коронавирустық инфекция белгілері бар пневмонияның 46 жағдайы және 16 өлім жағдайы тіркелген. Оған қоса 87 адам емделіп шықты. 13 наурыздан 2020 жылғы көрсеткіш бойынша: ауырған –  61301, науқастың  3756-ы ажал құшып, ал жазылып шыққандардың саны 54851 жеткен. Дәл осы 3 тамыздағы көрсеткішке зер салсақ, Қазақстанда өткен тәулікте 6177 адам коронавирус індетінен емделіп шыққан. Ал, төртінші тамыздағы эпидемиологиялық жағдай бойынша, Алакөл, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Панфилов, Сарқан ау-дандарымен Текелі және Талдықорған қалалары қызыл аймақта орнығып, сары аймақта Іле, Қаратал, Жамбыл, Кербұлақ, Көксу, Ұйғыр, Ақсу аудандары тұр. КВИ және пневмония ауруы бойынша вакцина алмағандар арасында тіркелгені айтылуда. Алайда, жоғарыда айтылғандай  жалған вакцина құжатын жасаушылар Алматы облысында қолға түскенін ескерсек, өршіген індетпен бірге ашкөздігін пайдаланып жүрген дәрігерлердің де  жауапсыздығын көруге болады. Тағы да бір құлаққағыс, індеттің өршігенін елеп-ескермей,  той-томалақ және «ас»бергендерден тапсырып қабылдаған мейрамхана қожайындары ғана айыппұл арқалап қоймайды, енді соған барған қонақтардың да әрқайсысына 80 000 теңгеден айыппұл салынатын болды.

 

Айтақын МҰХАМАДИ

 

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ