«Жанұядағы» жүйелі жұмыс

405

«Талдықорған қаласындағы аз қамтылған және көп балалы отбасыларға арналған «Жанұя»  әлеуметтік орталығы» 2020 жылы өз жұмысын бастады.  Орталық  Талдықорған қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бастамасымен құрылды.

Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар орталықтың демеуімен әл ауқатын жақсартып, аяқтарынан нық тұруға мүмкіндік алады. Кез келген жанның қолы жететін бұл орталықтың ашылғанына аз уақыт болса да  атқарған іс-шаралары ұшаң теңіз. Атап айтсақ,  өткен жылдың көрсеткіші  бойынша Талдықорған қаласында 4637 көп балалы отбасы тіркелген. Жыл басынан бері Талдықорған қаласындағы «Жанұя»  әлеуметтік орталығына 2500-ге жуық азамат өтініш білдірген. Оның ішінде Заң консультациясын 288 әйел пайдаланса, психологтың жеке кеңесіне 506 әйел жүгінген. 23 адамға әлеуметтік көмек көрсетілген. «Жанұя»   орталығы ашылған сәттен бастап 25 бала орталық тәрбиешілерінің қарауында   болған.  Осындай ауқымды көмек көрсетуінің арқасында көптеген ананың  өмір сүруге деген құлшыныстары артқан.

Көмекке зәру жандарға қолдау көрсету мақсатында «компьютерді меңгеру», «кондитер», «аспаз», «массаж» сияқты қысқа мерзімдегі мамандықтарды оқыту ойластырылып, жоспарлы түрде жүзеге асырылуды басты назарға алған.  Сонымен қатар заңгер, психолог кеңестеріне ақысыз қолжеткізе алады. Орталық еңбектене білетін отбасының кез келген мәселесін  шеше отырып, сол жанұяның мемлекеттің бір  іргетасы болуына жол ашады. Кей кездері тегін орталықтар өз қызметін дұрыс атқармайтынын байқап жатамыз, бұл жерде бәрі басқаша. Келген адамды жылы шыраймен қарсы алады. Әрбір атқарылып жатқан іс-шараларынан  мін табу мүмкін емес.

 

Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың әлеу-меттік осал жағдайын ескере отырып «Жанұя»  әлеуметтік-кәсіпкерлік орталығы «Шаған» мейрамханасы және «Пиар»  сұлулық салонымен «Жігер»  орталықтарының кәсіби саланы игеруге қолдау көрсетумен қатар сертификаттар тапсыру және олардың өз бетінше жұмысқа орналасуы үшін келісім-шарттардың арқасында жұмыстарын жоспарлы түрде атқарып келеді. Жанар Болатқызының басқаруымен  жұмыс істеп келетін орталық бір емес  бірнеше жанға қолдау көрсеткен. Атап айтсақ, 2020 жылы тағдыр тауқыметін көрген А.Урузбаева «Қарекет қоры»  республикалық қорына   өтініш білдіре отырып,  бүгінгі күні Ескелді ауданының Қарабұлақ кентінде тұрғын үйге қол жеткізді. Сондай-ақ, «Жанұя»  орталығының қолдауымен үй-жайларды жинау бойынша жұмысқа орналастырылды. Сөйтіп, бір отбасының толыққанды жағдайының жақсаруына  қолдау көрсетілді. Сонымен қатар 1979 жылы туылған  азамат, үшінші  топтағы мүгедек Б.Тұрғанбаеваның  жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасуына  көмек көрсетілді. Қазіргі таңда  ол   тігінші мамандығы бойынша жұмыс жасауда.

Бұл тек  екі адамның өміріндегі жағдай, ал орталықтан көмек алғандардың қатары  сансыз.  Халыққа қызмет көрсету орталығына баламен барып, кезекте тұру мәселесін осы орталық оңтайлы шешіммен шешіпті.  Баласымен келген жанға е.gov порталы арқылы оңай әрі жылдам қызмет көрсетілсе,  мұнда құжат дайын болғанша баласын қарап беретін мектепке дейінгі даярлық топ та бар.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов Талдықорған қаласының көп балалы және аз қамтылған отбасыларына арналған «Жанұя»  әлеуметтік орталығында жағдайы төмен азаматтар үшін аптасына бір рет қабылдау жүргізу барысында    талай жанның  өтінішін қабылдап, сауалдарына жауап іздеп, шешімін табуға жол сілтеген.

Айта кетейік, осы жылдың алты айында орталыққа төрт жүзден аса әйелдің   өтініші түскен. Соның ішінде, 58-і  жұмыспен қамтылса, 126-сы үш  айлық оқу курсын аяқтап, алған дәрістері бойынша  қызмет етуде.

Қиналғанға демеу  беретін орталыққа келушілер саны күн санап артып отыр. Ендеше,   орталық жұмысы одан әрі жандана бергей.

  Ардагүл ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ