Желіндеген жемқорлық

57

 «Асқынған ауру алмай қоймайды» деген тәмсіл бар. Жемқорлық та сол кеселдің бір түрі. Мемлекеттік жүйенің жұлынына кіріп алған жегіқұртты жұлып, не ота жасап, сылып тастау «Антикор» деп аталатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдеріне оңай болып тұрған жоқ. Жеңұшынан жалғасқан, сыбайласқан, тамыр-таныстар, тіпті заңды қорғайды, қара қылды қақ жарады деген сот, прокуратура, министрлік, әкімдік жүйелер осы жемқорлықтың бел ортасында белсенділіктерін көрсетуде.

Қоғам болып күресіп жатқан жемқорлыққа қарсы қатаңдатылған заңнан аяғын тартып, жүрген шендіні көрмейсің. Керісінше, қара саннан қарпып жеген қасқырдай, мемлекеттік жүйеге, қоғамда қарсы шыққандар, бомба жарған террористер сияқты, ана жерден, мына жерден бұр0 ете қалатын болды. Көмейлері бүлкілдегендер бюджеттен бір, тендерден екі, одан қалса түрлі бағдарламалар мен бөлінген субсидиялардан жырымдап, пара дәмететін болған. Ал көрер көзге кәдімгі салиқалы-сабырлы, халықтың бет айнасына айналған мемлекеттік қызметкерлер. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Бұлардың да қатарында, елдің-жердің, мемлекеттің мүддесін көздейтіндер баршылық. Бірақ, олар некен-саяқ. «Өлең деген өсекші жұртқа жаяр» деп Абай дана айтпақшы, жемқорлардың жыры ұзақ-сонар қиса дастаннан кем болып тұрған жоқ. Бұл аңыз жырлар, батырлық, махаббат, бір перезентке зар болған бай-бағландар туралы басталып, аяғы батыры елін шапқан жауды қырып, сүйіктісіне қосылып, бейбіт өмір сүреді деп аяқталса, жемқорлардың жырларын естіген құлақтың да, көрген көздің де шарасынан шығатын болды. Естігенде жағаңды ұстап, таңқалып, басыңды шайқайсың. «Біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналыпты» дегендей, әлем болып пандемия мен ковидке қарсы төтеп бере алмай, кәсіпорындар тоқырап, жұмыссыздық белең алып, экономика шатқаяқтап тұрғанда бүйірден тиген бүйідей жемқорлардың жемсауы толмай-ақ қойды. Көмейлері көрдің аузындай ашылып, көздері қанталағандар, қаржы көрсе қақалмай жұтатындар «судың да сұрауы барын» білмейді емес, біледі. Біле тұра, білімді бола тұра, қарпып қалуды, «мұрның барда бір сіңбіріп қал» дегеннің керін жасайды. Интернет желісін ашып қалсаң, жемқорлықпен шатылғандар жайлы ақпараттан көз алдың тұманданатын болды. Шын өтірігін бір Құдай біледі-ау, бұл жеті басты айдаһарлар енді параны теңгемен емес доллар, евромен алатын болыпты. Мәселен, қарағандылық судья 30 000 мың евроны қостанайлық қаржы тергеуші 3000 мың АҚШ-тың көк қағазымен алыпты деген ақпарат интернетте тарады. Егер осы рас болса, құны түскен теңгені менсінбегендер параны көк қағазбен беруді талап еткен болып тұр ғой. Біздің қоғамда жемқорлықпен шатылмаған мекеме қалмады. Қыл аяғы, қоғамдық тәртіпті қадағалайтын, қылмыспен күреседі деген тәртіп сақшыларының өздері жемқорлықпен шатылуда. Одан қалса, есірткі тасымалдаушыларды қанаттарының астына алғаны жария болуда. Мәселен, Ішкі істер министрлігі Қызылорда облысында ұсталған полицей басшылардың қылмыстық істері туралы ақпаратын айтуға болады. Министірлік өзіндік қауіпсіздік департаменті, Қызылорда облысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бұрынғы бастығы 15 жылға сотталғанын айтты. Ол қарасораны өсірген қылмыскерлерге қамқорлық жасапты. Бұдан бөлек марихуананың ірі партиясына қатысы бар, тағы бір қылмыстық топты әшкерлеген. Олардан заңсыз қару жарақтар тәркіленген. Одан кейін Қызылорда облыстық полиция департаментінің басқарма басшысы мен оның қоластындағы қызметкері қылмыскерді қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін 7 миллион теңге көлемінде параны алған кезінде ұстапты. ІІМ ішкі қауіпсіздік басқармасының бастығы Арман Саданов, былтыр Қазақстанда сыбайлас жемқорлық үшін 51 полиция басшысы жұмыстан шығарылғанын айтты. Сонда деймін-ау, біз қоғам тыныштығын әрі қылмыскерлердің жолын кесуді кімдерге сеніп тапсырып жүрміз. Анау-мынау емес, сыбайластыққа қарсы 51 басшы, ойландыратын, толғандыратын мәселе. «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» деген мәтел тектен тек айтылмаған болар. Қазақстанда қызметтік орындар сатылады деген қауесет, гу-гу әңгіме жел көтерген құйындай шаңдатып тұр. Осы қауесеттің жаны бар ма деген ой қылаң береді. Шапқылап-шабылып, пара беріп алған қызметке жайғаса сап, жең ұшынан жалғасып пара берген қаржысын екі -үш есе етіп қайтарып алғысы келетіндер қылмысқа баратын шығар. Әйтпесе, білімі мен біліктілігі жоғары лауазымды қызметке жеткен тұлғаны ешкім де мәжбүрлеп қылмысқа итермелемейтін шығар.
Жемқорлықпен жүйелі күрес болмайынша мұның түбіріне балта шаба алмаймыз. Олармен аяусыз күрес жүргізілу қажет. Жиі-жиі төңкеріс жасап, патшасын да, басқасын да, оқыра тиген танадай қуалайтын көрші қырғыздарға жаңа сайланған президент Садыр Жапаров жемқорлықпен аяусыз күресетінін мәлімдеп, екі білегін сыбана кірісті. Әсіресе, сот жүйесіндегі судьялардың былығы әшкерленуде. Қауіпсіздік комитеті Жоғары сот судьяларына қарсы майдан ашты. Үш әріптің айтуынша, Жоғарғы сотта істейтін 35 соттың барлығы 5-70 «Мередес» «Джип», «Геленваген» автокөліктерімен жүретінін анықтаған. Тіпті бір судьяның 10 пәтері барын әшкерлесе, тағы бір судья ешқайда шықпаңыз деген ескертуді елемей Дубайға бала-шағасымен демалуға кетіп қалғанын айтып ашынды. Қырғызстандағы судьялардың жалақысы қазақстандық судьялардың қасында қол сүртуге де жармайды. Қырғызстандық қауіпсіздік комитетті кеден қызметіндегі шырмауықтай шырмалған кландық топтарды, жемқорлықпен айналысқандары құстырып миллирдтаған соманы мемлекет қоржынына салғандарын, одан бөлек мекеме қызметкерлерінің қандай жолмен байғандарын елеп-екшеп жатыр. Оның ішінде, төңкерістен соң, доғарысқа кеткен экс-президент Сооранбай Жиенбековтің туған туыстарын тергеуге шақыруда. Ал экс-президент балашағасымен шетел асыпты деген ақпарат тарады. Ал, қазақстандық судьяларға келсек, пара алудан алдарына жан салмай тұр. Ең жоғары жалақы судьяларда. Алайда, қарағандылық судьяның 30-мың параны евромен алуы ашкөздік емей немене. Грузияда төңкеріс жасап, Э.Шеварднадзены тақтан тайдырған, бүгінде Украинада мемлекеттік қызметте жүрген экс-президент Саакашвили ә-деп жұмысқа кіріскенде жемқорлықпен күресуден бастады. Әуелі күштік құрылымдары түбегейлі таратып жіберіп, шенді-шекпенділердің, тіпті өзі жақын араласқан достарының да беделіне қарамай, ішкен-жегендерін құстырып, Грузияны парақорлықтан ада еткенін он сегіз ғалам біледі. Міне жемқорлық пен күрестің нәтижесі. Бізде де, торға түсіп тұттылғандар, мемлекет қаржысын кері қайтарып, дүние-мүліктері тәркіленуде. Алайда, одан сабақ алып жатқан шенділерді көрмейсің. Керісінше, «береген-қолым алаған» дегеннің керін жасап, ұйымдасқан қылмыстық топтар, жемқорлар желіндеп, төлдеп жатыр. Төлдегені сондай, егізден үш емнен туғандар жария болуда. Оның бір дәлелі Алматы облысында жемқорлықтың желіндеп төлдегені сондай, білім басшысы қоластындағылармен (командасымен) торға топ ете қалды. Тергеу шынайы жүріп, ұйымдасқан қылмыстардың артында кімдер тұрғаны анықталатын болса, әлі талай басшылардың заң алдында жауап беруіне тура келеді.
Жетісудағы желіндеген жемқорлық дерегі өткен жылы да байқалған. Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ернар Мақажановтың айтуынша былтыр 277 құқық бұзушылық тіркеліп, оның 84 пайыздан астамы сыбайлас жемқорлыққа қарсы болыпты. 2020 жылы 232 іс сыбайластыққа қарсы анықталып, жемқорлар мемлекет қазнасына 4,9 миллиард теңге залал келтірген. Міне, мемлекетті, экономиканы құлдыратып тұрған кімдер екенін осы фактілерден білуге болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің аяусыз күресінің арқасында 4,4 миллиард теңге бюджетке қайтарылған. Жемқорлықтың көш басында кеден қызметі тұрғанын, былтыр осы салада 114 сыбайластық дерегі бойынша 33 мемлекеттік қызметші жауапкершілікке тартылғанын айтты. Екінші орынды тендірлетіп жүрген құрылыс саласы иемденген. Онда 28 дерекке қатысты 20 адам жауапқа тартылып 11 адам түрлі жаза арқалаған. Майлы шелпекке айналған жер қатынастары саласы да былыққа батыпты. 19 сыбайласқандар қылмысы тіркеліп, 18-і жазаға тартылған. Жіптің ұшын тарта берсең тарқатыла беретін жемқорлық тұрғын үй коммуналдық саласында да мәз емес екен. 17 жемқорлық қылмысы әшкереленіп 10 адам жазаға тартылып, жеті лауазымды тұлға темір торға тоғытылып, соталып кеткен. Денсаулық саласыда жемқорлықтың жетегінде кеткен. 15 сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысты 11 лауазамды тұлға қатаң жауапкершікке тартылған. Пара алу мен пара беруге қатысты 196 қылмыстық іс қозғалса соның ішінде 117 адам пара беріп жатқанда қақпан қауып, 75 лауазым иесі пара алу кезінде ұсталған.

ТҮЙІН ОРНЫНА: Кеңестік кезеңде сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Комисар Катани» деген италяндық көп сериялы филімді ел әлі ұмыта қойған жоқ шығар. Мемлекеттік жүйедегі шырмауықтай шырмалған, шенділермен күрескен комисар небір қауіп-қатерді басынан өткереді. Біздің бүгінгі қоғамғада сондай бір, бір емес-ау, бір жүз «Комисар Катани» қажет болып тұр. Ал, біздің комисарлар, есірткі өсірушілерді қанатының асытына алып, қорғап-қолпаштап, одан қалса, парамен шатылып жүр. Кейбір судьялардың әрекеті мынау! Сонда желіндеп егіздеп, сегіздеп төлдеп жатқан жемқорлармен кім күреседі?… Бір ғана қаржы полициясымен, қалың бұқараның айғай-атанымен жемқорлық жойыла ма?…

Айтақын МҰХАМАДИ

Бөлісу: