Көктал ауылында қатымхана ашылды

0
3474

 Кеңестік кездегі дінге қырын қарау саясатынан елімізде мешіттер саны азайып, халық діннен алыстап  кеткен еді. Алайда, Тәуелсіздік алғаннан кейін сауаттылық, имандылық деңгейі артып, адамгершілік, жанашырлық, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттерді насихаттайтын түрлі шаралар атқарылып келеді. Соның бір көрінісі – Талдықорған қаласы маңындағы Көктал ауылдық мешітінің жанынан қатымхана бой көтеруі. Мешіттің салынғанына 10 жылдан асқанымен, қатымхананың ашылуы осы жылға бұйырыпты.

Берекесі мен бірлігі жарасқан Еркін ауылы, Көктал елді мекені жылдан жылға дамып, көркею үстінде. Оған дәлел ауылда мешіт, жастар саябағы, аурухана, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш бой көтерген. Осының барлығына мұрындық болған ауыл ақсақалдар кеңесі.
– Ауыл ақсақалдар кеңесінің ұсынысымен көп мәселе шешімін тапты, қазір ауылда жолдар жөнделіп, су құбыры тартылып, газдандыру жүйесі жүргізілуде. Алдағы уақытта жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету үшін арнайы шот ашып, сол бойынша жұмыс жүргіземіз. Халықтың жағдайы жақсы болу үшін қолымыздан келгенін жасап жатырмыз. Ендігі мақсат Көктал ауылының атына Есберлі атамыздың есімін беру – дейді Еркін ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тортай Ізбасқанов.
Қатымханының ашылуына дәнекер болған ауыл ақсақалдары да ішкі қуаныштарын жасырмады. Солардың бірі – Мамай Нұрышев.
– Қазіргі кезде қай ауылда болмасын мешіті, жанында қатымханасы бар. Заман дамыған сайын неше түрлі кафелер, мейрамханалар салынып, қайтыс болған адамның жетісін, қырқын, асын беру сияқты қалыптасқан дәстүрлерді сондай мекемелерде өткізу дағдыға айналған. Алайда, той-думан, ойын-сауық болып, шайтанның суы құйылатын жерлерде, ондай шараларды өткізу дұрыс емес. Сондықтан ауыл халқына қатымхана қажет болды. Демеуші іздеп біраз жүрдік. Дегенмен,  «Жанашыры болса – ел тозбайды, азаматы болса – ел азбайды» дегендей, ауылымыздағы жомарт жандардың бірі Сүндетбай ұсынысымызды қабылдап, осы бір сауапты істі өз мойнына алып, абыроймен атқарып шықты. Алғысымыз шексіз,бұл ісі көпке өнеге болады, – дейді ауыл ақсақалы.
Өз кезегінде сауапты іске бастама болып, жұрттың алғысына ие болған «Айгерім» шаруа қожалығының басшысы Сүндетбай Қибанұлының айтуынша, 320 адамға арналған қатымханаға бас-аяғы 30 миллион теңге жұмсалған. Қаражатты кәсіпкер өз қалтасынан шығарған.
– Еркін ауылдық ақсақалдар кеңесі келіп өтініш жасағанда бас тарту тіпті ойымда да болмады. Жарты жыл ішінде құрылыс толығымен аяқталып, қатымхананы халық игілігіне бердік. Тек осы ауыл тұрғындары ғана емес, барлық мұсылман қауымы келіп пайдаланамын десе есігіміз ашық. Ас, қырқы, жетісі сияқты діни шаралар өткізсе кісі басына 100 теңгеден төлейді. Одан жиналған қаражат осындағы қызметкерлердің айлығына және газ, су сияқты қатымхананың шығынына жұмсалады. Қатым-хананы ақсақалдар мүшесіне өткіздім, ары қарай өздері басшылық етеді. Өзім 20 жылдан бері шаруа қожалығын басқарамын. Қожалықта 10-15 түйе, 100-ден аса жылқы, 1500-ге жуық қой ұстаймын, екі қабатты асханам бар. Әкем Қибан Есжанов малшы болған, мен есепші мамандығын тәмәмдасам да, «Әке көрген оқ жонар» дегендей, мал шаруашылығымен айналысып кеттім. Бірақ бақыт байлықта емес. Еліме, халқыма титтей де болса көмегім тисе маған одан асқан бақыт жоқ – дейді жаны жомарт жан.
Қатымхананың ашылу құрметіне аруақтарға құран оқылып, алғаш рет ас берілді. Шара барысында журналист Ырым Кененбай ағамыздың «Батыр бабалар ізімен» атты тарихи-танымдық жинағының тұсауы кесілді. Мұқалы, Орақ батыр, Сыпатай батыр, Ескелді батыр, Қабан батыр, Балпық би, Тәттәбай мерген, Есберлі би, Жолбарыс батыр, тағы да басқа ел қорғаны болған батырлардың ел тыныштығы жолындағы жасаған ерліктері жайындағы кітап көпшілікке таратылды.
Қатымхананың ашылуына жиналған қараша қауым, кітаптың тұсаукесеріне куә болып, көңілдері марқайып тарқасты.
Ал, «Батыр бабалар ізімен» кітабы жайындағы жазбаны газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Мадина АКМАТОВА


ПІКІР ЖАЗУ