Көрермен жүрегін жырмен жылытқан

0
2202

Өлең әуеде қалықтаған, көңіл шарықтаған, әуезді ән жүректі тербеген, жан жадыратқан әдемі кештің куәсі болдық. Жай ғана айта салар кеш емес, рухани шөлдеп жүргендердің шөлін қандырған, сезім сыйлаған, көңіл пернесін дөп басқан поэтикалық әлемге сапар шегіп қайттық десек те болады. Атауының өзі неге тұрады. «ЖАПЫРАҚ ЖАУҒАН КҮЗ»: күзгі аспанның күрсінісі мен кемсеңін сезіндірді, ақындардың өлеңі мұң билеген көңілді толқытып сала берді, сонсын жанардан мөлт-мөлт етіп жас та тама берді… мұндай лирикалық өлеңдертек күзде ғана туатындай ма, қалай, өзі?

Әлбетте, бәріміз де күзді жақсы көреміз, мейлі, мұңайтып, жылатса да жек көре алмаймыз. Ал күзгі көңіл-күйді ақындарша жырлау, қолдан келмейді. Біз тек іштей үнсіз ғана қоңыр күйге салынып, қоңыр әнді ыңылдағандай боламыз. Ақындар тілімен айтқанда: жапырақ көмген іздерді тамсана басып жүріп өтеміз, бірақ, жапырағы тоналған тал-қайыңға көңіл айтпаймыз. Ал ақындар, ақындар деген күзге адал, ұғынысып, сонсын шүйіркелеседі. Бір сәт сырласады да. Кейде қосыла ән де айтады. Сол үшін де күздің ақын досы көп пе дейсің. Жетісудағы жеті ақынның театрландырылған поэтикалық әдеби-сазды кешінде осыны анық аңғардық.
Шындығында, күз – өлең оқитын маусым ғой. Құлазыған көңілге медеу болып, жаураған жаныңды жылытады. Б. Римова атындағы театрда өткен әдеби-сазды кешті тамашалауда тоңған жанымыз жылынып, солғын тартқан жүзімізде реңк ойнады. Осы бір әдемі кеште ақындар жырларымен қоңыр күздің сәлемін де жеткізді. Жұматай ақын айтқандай, бәріміз де үзіліп жерге түскен жапырақ жүрек пендеміз.
…Шыр айналған өмір мен өтіп жатқан уақытты бейнелеп ақындардың шеңбер бойымен айнала өтуі, жапырақтың саулап жерге түсуі… сахна декорациясы… бәрі-бәрі ғажап дерсің.  Бұған дейінде жетісулық жеті ақынның өнеріне, өлеңдегі әлеміне тәнті едік, ал мына поэтикалық кеште режиссер әр ақынды актер, әнші етіп жіберіпті. «Жапырақ жауған күзде» Жетісудың жеті ақынынан жауған жыр

көрерменді қоңыр күздегі қоңыр күйге бөледі.

Ақындар жыры жүректен жүрекке жетті. Бір мен емес, кешке барған барша жұртты өнерлерімен тәнті етіп, қарбаласып жатқан уақытта ерекше дүние жасаған, жырларымен елдің жүрегін иіте білген ақындарға бас имеу, күнә болар сірә… Ақындар көрерменмен сырласса, көрермен ақындарымен қауышты. Күзгі дала көрінісін, өмірдің шынайы бейнесін жырмен әспеттеген әр ақынның өлеңі жүрек қылын тербеді. Өлеңмен бірге кеудеде маздап үміт жанды. Жапырақтар мұңы, әр ақынның үні әр жүрекке төгіліп жатты. «Жапырақ жауған күзден» мөлдір жыр тыңдап, жақсы ой арқалап қайттық.
Алматы облыстық мәдениет басқармасы қолдап, Қазақстан жазушылар одағының Алматы облыстық филиалының атсалысуымен ұйымдастырылған поэзия кешінде көрерменін өлеңмен әлдилеген ақындарға (Сағыныш Намазшамова, Жұматай Оспанұлы, Гүлбақыт Қасен, Айнұр Төлеу, Жангелді Немеребай, Әмина Адайхан және Салтанат Құмархан) жүректерге жетер жырларыңыз сарқылмасын дейміз.
«Жапырақ жауған күзден» әркім өзінің бір жапырағын алып қайтқан да болар… Әдемі кештің әсерінен шыға алмай, әлі де тербеліп, тебіреніп жүрміз.

 

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Ж. МҰСАБЕК.


ПІКІР ЖАЗУ