МЕКТЕП КІТАПХАНАШЫСЫ кімнен кем?

0
2380

«Мектеп» деп аталатын білім кемесінде жалақысы жанбағысына жетпейтін бір маман бар. «Жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» болса да олардың еңбегі әлі күнге ескерусіз келеді. «Арқалағаны – алтын» дейтін жөніміз бар. Білім беру жүйесінің бас-ты құралы – оқулық болса, сол оқулықты қабылдап алу, тарату, жоғын түгендеп, барын жарата білу де осы маманның мойнындағы жауапты іс. 38 мың теңге жалақыны місе тұтып келген қойдан момын бұл мамандық иелері гуманитарлық білімі бола тұра, мектеп ұжымында «техникалық қызметкер» санатына жатады екен.

Жұмысқа күнделікті ауылдан қалаға қатынап жүргенімізде, жолай көлік тоқтатып тұрған әйелді ала кетуді жөн көрдік. Сөйтсек, ауылдағы мектеп кітапханашысы екен. Әңгіме барысында сөз мамандық жайына ауысқанда әлгі жолаушымыз іштегі назын жайып салды.
«Шағын ауылдық округтерге кейде оқулық жетіспей, жеткізілмей қалатыны бар. Ондайда басшылық тарапы «қалай да сол кітапты тап!» деп буынсыз жерден пышақ салады. Оқу жылы тақалған сайын күнде шақырып алып, есеп алады. Тым болмаса, іздеген кітабыңды шарқ ұрып, жалына-жалбарына жүріп өзге бір кітапханадан тапсаң, соны әкелуге не көлік қарастырмайды, не жол ақысына қаржы бөлмейді. «Бізде қарастырылмаған» деп шығарып салады. Өз қалтаңнан жырып отырып көлік жалдап, аноу бір ауданның кітапханашысымен келісіп жетпеген кітапты толықтырамыз. Бұл менің ғана емес, бүкіл мектеп кітапханашысының басында бар жағдай. Себебі, оқу жылы басталарда барлығы ұлардай шулап, жанталаса оқулық іздеген кітапханашылардың басы WhatsApp-тағы бір топта қосылады», – деп ағынан жарылған келіншекке бұл мәселе қалай да көтерілу керек екенін айтқанымда, азар да безер болды. Екі сөзінің бірі: «Нанымнан айырылып қалмаймын ба?» деумен болды.
Педагог мәртебесі сөз болғанда ұстаз қауымының алғысына бөленген Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов мұғалімнің ғана емес, мектептегі өзге де еңбегі сіңген қызметкерлердің көңілін бір марқайтқысы келгендей. Білім ордасының қызметкерлері қос қолдай келісіп, қуана қабылдайды деп күткен бастаманың соңы дауға ұласа жаздады. Кітапханашылардың мәртебесін көтеремін деп, ұстаздар қауымының титығына тиіп кеткенге ұқсайды. Мұғалімдер жылдар бойы тірнектеп жиған абыройы мен арқа еті арша болып жеткен мәртебелеріне басқалардың ортақтаса кетуіне көнбейтін болып шықты.
Осы мәселе төңірегінде ізденіп көргенімізде, ұстаздар мен мектеп кітапханашылары арасындағы «араздықты» байқап қалдық. Алматы облысы, Қарасай ауданының мұғалімі А. Сағидолла кітапханашыларға үндеу жолдап, өзін құрметтейтін маман мұғалімдерді араластырмай-ақ жалақысын көтеруді ғана сұраулары керек еді деген сын айтты. Бұл жерде министрден «Педагог-кітапханашы» деген мәртебе беруін сұраған мамандарды меңзеп тұр. «Педагог» деп қосарланған статусты бөліске салғандары әбестік екенін аңғартты.
Қызметіне «педагог» сөзі жалғана қалғанда кітапханашылар мұғалімнің сағатына ортақтасып, нанын тартып жемейді ғой. Онда тұрған не бар деген ой да қылау берді санада. Дей тұрғанмен, әңгіменің төркіні әріде болып шықты.
«Осы кезге дейін мұғалімдер болып, қоғам болып педагог мәртебесін көтеру, жалақы өсіру төңірегінде, мұғалімдер неге көше сыпырады, неге біреудің концертіне барады, неге оларды тоқпақтай береді деп талай шуладық қой. Қанша рет хат жаздық, министрге, басқасына. Бірақ, кітапханашылар бізді қолдап, не хатымызға қол қойған емес, не бізге қосылып, қарсы шыққан емес. Олардың қосылмайтыны – бізге, мұғалімдерге жасалған қысастар мен заңсыздықтарға кітапханашылардың да үлесі зор. Мен өзім сарай газеттері деп атаймын, сол газеттерге зорлықпен жазғызуды мек-тепте кітапханашылар жүзеге асырады. Педагог мәртебесі туралы заң шығып, мұғалімдердің жалақысы көте-ріле бастағанда, үкімет те, билік те бізбен санаса бастаған кезде, енді келіп, педагог болғысы келіп қалыпты», – деп ойын білдіреді zhasalash.kz. сайтында А. Сағидолла
Ұстаздар қауымы өздері жаңадан иеленіп, мәртебеге енді қол жеткізген тұста «педагог» статусы әркімге бір беріліп, мән-маңызын жоғалтып алудан қорқады. Ұстаздардың пікірінше, кітапханашылардың функционалдық міндеттері педагог статусына сай келмейді екен.
Алдыңғы жылы президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Аймағамбетов мырзаның әлі күнге назарына түспей келген бір мәселенің шетін шығарған-ды. Мемлекет басшысы мектеп кітапханаларының кітап қоры ескіргенін әрі жұтаңдығын алға тартқан. «Мұқият айналысу және нақты ұсыныстар енгізу» туралы тапсырма алған министр «нақты ұсынысты» кітапханашыға мәртебе беру мәселесінен бастаған көрінеді. Бас ұстаздың емес, тағы да Тоқаевтың тапсырмасы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім саласында «Оқуға құштар мектеп» жобасын қолға алған еді. Мемлекет басшысы білім саласының Жол картасын дамыту бағдарламасында мектеп кітапханаларын қажетті көркем әдебиеттермен қамтамасыз етуді тапсырған. Осы мәселенің барлығы ескеріліп, заң жүзінде қолға алынған жағдайда мектептер 5 жыл ішінде 100% көркем әдебиеттермен қамтылады. Кітапханашылардың әлеуеті көтеріліп, жалақылары артады деген уәде берілді. Уәде орындалғанша қанша кітапханашы зейнетке шығып, қанша кітап сөресі бос қаларын кім білсін…
P.S.
Бұл мәселеде Аймағамбетов кітапханашы мен ұстаз арасындағы кикілжіңді өршітпей: өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай алып шығар деген ойдамыз. Қанша дегенмен, мектеп кітапханалары туралы түйткілді ойды министр емес, өзге емес, Мемлекет басшысының өзі көтерген жоқ па?

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

Біз қай санатқа кіреміз?

Оқу жылы басында тонналап келетін кітаптарды өзіміз тиеп, тасимыз. Ауыр болғанына қарамастан мектеп кітапханасына кіргізіп, жинақтаймыз. Зейнет жасына таяған кітапханашылар бар, кейбірі жүкті болады, енді бірі жақын арада оперциядан шыққан болуы мүмкін. Оның ешбіріне қарамастан, «грузчик» секілді жұмыс атқарамыз. Кітап ауыр болғандықтан тасымалдаушы көлік қымбат сұрайды. Кітап тиеліп болғанша шопыр күтуге мәжбүр. Соның бәрін есепке алып, көп ақша талап етеді. Оның барлығын қалтамыздан төлейміз. Бізде кітапхана жағдайы жасалмаған. Сенсеңіз, тіпті кітапхана кабинеті де жоқ.
Ал, ауылдық жердегі мектеп кітапханашылары 0,5 «ставкамен» 38 мың теңге айлық алатыны рас. 2 студент баласы бар әріптесімді білемін, 38 мың теңге жалақы ештеңеге жетпейтінін айтады. Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын кітапхана қызметкерлеріне жалақы қосылды. Біз де сұрау салғанымызда, «сендер мәдениет қызметкері санатына жатпайсыңдар» деді. Педагогтардың еңбекақысы өскенде біз тағы сұрау салдық. «Педагог санатына кірмейді» деп тағы бетімізді қайтарды. Мектептегі техникалық қызметкерлердің жалақысына ақша қосылса да, кітапханашылардыкі өзгермейді. Сонда біз қай санатқа жатамыз?, – дейді білім мекемесінің атауы мен аты-жөнін толық көрсетпеуді өтінген Д. Мадина атты кітапханашы.

Д.БЕРЕКЕТ.


ПІКІР ЖАЗУ