Отыз үш жыл кітапхананы басқарған Нағима Нұрқалбаева туралы бір үзік сыр

75

Кімге болса да тірліктің бір күні тоқтайтыны – ақиқат. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр шіркіннің бұралаң жолында уақыт тоқтаусыз зымырап барады. Күні Кеше ғана кітапхана саласына үлкен еңбегі сіңген  Нағима ЖАБАЙҚЫЗЫ Нұрқалбаева өмірден озды.  Бүгін міне, оған да 100 күн толыпты..

Талдықорған  және  Алматы облысының  орталығы  Талдықорған  қаласының білім,  қоғам,  мәдениетіне өзіндік үлесін қосқан, өткен күннен ойып тұрып орын алған Нұрқалбаева Нағима Жабайқызының ғұмыр тарихына көз жібертсек дейміз..

Нағима Нұрқалбаева 1946 жылы 12 қыркүйекте Талдықорған қаласында дүниеге келген. Сол заманда қалада қазақ мектебі болмағандықтан, оны ата-анасы М.Горький атындағы орыс мектебіне берген екен. Өзінің білімділігі мен біліктілігінің арқасында 1963-1966 жылдары  Лепсинск мәдени ағарту техникумының «Кітапхана ісі» бөлімін тәмәмдайды. 1968-1973 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының «Кітапханатану және библиография» мамандығы бойынша бітіреді.

Еңбек жолын 1966 жылы С. Сейфуллин атындағы Талдықорған облыстық кітапханасында бастайды. Кітапханада оқырмандарға қызмет көрсету, кітап қорын жинақтау мен өңдеу, әдістеме бөлімдерде кітапханашы және бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. Ал, 1981-1990 жылдар аралығында Талдықорған облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры қызметіне тағайындалып, тоғыз жыл абыройлы қызмет атқарады. Еңбегінің нәтижесінде 1990 жылы С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапхананың директоры қызметіне тағайындалады. Сол аралықта  Егеубек Далбағаев, Камал Абдрахманов,  Рахмет Есдәулетов сынды бірқатар елдің ардақты азаматтарының көмегімен талай мәселелерді шешіп, кітапхана жұмысын гүлдендіруге бел сыбана кірісті.

1997 жылы  Талдықорған  Алматы облысының құрамына кіруіне байланысты, С. Сейфуллин атындағы облыстық аймақтық кітапханасының директоры болып қызмет атқарады.  Ал, 2003 жылы Алматы облыстық кітапханасының Талдықалаға көшірілуіне байланысты Талдықорған қалалық В.Маяковский атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры қызметіне тағайындалады және мұнда 2005 жылға дейін, зейнетке шыққанша еңбек етеді. Зейнетке шыққан соң да,  2006-2014 жылдар аралығында Талдықорған қалалық экономика және жол колледжінің кітапханасында меңгеруші қызметін атқарған.

Нағима Жабайқызы Талдықорған және Алматы облыстарында кітапхана саласында 48 жыл қызмет еткен, оның 33 жылын кітапхана директоры қызметінде абыроймен жұмыс  жасаған. Бұл ретте жұмысқа асқан махаббаты мен адал еңбегінің, төккен терінің арқасында көптеген марапатқа ие болды.

1991 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен, 1999 жылы Талдықорған қаласы әкімінің Алғыс хатымен,  2001 жылы 1 желтоқсанда ҚР «Тәуелсіздігіне 10 жыл» толуына байланысты  мерекелік  медальмен және дәл сол жылы ҚР мәдениет және білім министрлігі, Талдықорған қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен, ҚР Президент жанындағы ұлттық отбасы және әйелдер жөніндегі комиссиясының дипломымен марапатталды. Ал 2005 жылы Алматы облыстық мәдениет басқармасының Алғыс хатымен,  Құрмет грамотасымен  және Алматы облыстық кітапханасының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Алғыс хатын иеленді. Араға бес жыл салып,  2010 жылы  Талдықорған  қаласының экономика және транспорт колледжінің Құрмет грамотасымен марапатталады.

2016 жылы 8 наурыз мерекесіне орай облыс әкімі Амандық Баталовтың қабылдауында болды.

Ол руханият үшін өлшеусіз тер төкті. Саналы ғұмырында білім саласына мол еңбек сіңірген тұлға жұмыс бабымен  КСРО, республикалық, облыстық және ауданаралық өткен конференцияларға,  семинарларға, жиналыстарға қатысып, өзінің көпжылдық тәжірибесімен бөлісті. Ауыр кезеңдерде Кітапхана ісінің жандануына, кітап қорының молайуына барынша үлесін қосуда Алматы, Мәскеу, Санк-Петербург қалаларындағы баспаханалармен үздіксіз хат алмасып,  жауаптар алып тұрды. Әрбір жаңадан шыққан жинақты назардан тыс қалдырмай, кітапхана сөресі мен оқырманның қолынан табылуын қамтамасыз етті.

Нағима Жабайқызы 1969 жылы Құлтай Нұрқалбайұлымен шаңырақ көтерді. Отбасында Берік,  Ардақ атты балаларын тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Олардан немере сүйіп, ата-әже атанды. Бұл отбасындағы барлық жан жоғары білім алған. Бірі – кітапханашы болса, бірі – тарихшы, біреуі – ұстаз,  енді бірі  жазушы.

Асыл жар, аяулы ана, сүйікті әже, үздік маман  бола білген Нағима Жабайқызы 2021 жылы 5 шілде күні ауыр дерттен бұл дүниеден озады. Талдықорған қаласының рухани өміріне елеулі үлес қосқан білікті басшы жайлы айтар сөз, жазылар қалам еш уақытта таусылмас сірә?!

Күні кеше ғана жандарында жүрген асыл жаннан айырылып қалған отбасымен бірге әріптестері қатты қайғыра еске алады..

–  Сізге кітап беретін кітапханышы, сізге белгісіз әлемді ашуға көмектеседі, ол арқылы күмәндарыңызды, көңілсіздіктеріңізді жеткізуге, қазіргі бақытты сәттерді сезінуге, қызықты сұрақтардың жауабын табуға көместеседі. Мен ешқашанда таңдаған мамандығыма өкінбедім», – деген екен бір сөзінде Нағима Нұрқалбаева. Иә, осы сөздерінен-ақ арман жолында аянып қалмағанын аңғаруға болады.

Міне, осындай жауапты жұмыстардың басы-қасында жүрген Нағима Жабайқызы  шәкірт тәрбиелеуден де, кенде болмаған. Атап айтсақ, облыстық С. Сейфуллин атындағы кітапхананың директоры М.Нұрғалиева, К.Пішпекбаева, Г.Мұқанова,  К.Сейітжанова. Әр аудандағы кітапханаларды басқарып отырған шәкірттерін тәрбиелеу жолында жұмыс жасап, дұрыс бағыт беруде Нағима Жабайқызының тигізген үлесі мол. Ол бұл тәлімгерлеріне жұмыстың жүйелілігін ғана үйретіп қоймай, сонымен қатар аудан басшылары мен ел-жұртқа ұсына жүріп, директорлыққа да ұсынғанын айтпай кетуге болмас. Мұның өзі оның жүрегінің жұмсақ әрі кеңдігінің дәлелі екенін аңғартады. Сондай бір шәкірттерінің қатарында болған жан Нағима Жабайқызын еске алып, қатты қайғырады :

«1984 жылдан бастап Нағима апаймен кітапхана саласында бірге қызмет атқардым. Ол кісі біраз жыл сол кездегі Облыстық С. Сейфуллин атындағы кітапханы басқарды. Нағима Жабайқызының мектебінен өткен мен секілді кітапханашылар облыс, аудан, қалаларда кітапхана директоры лауазымына көтерілді. Оқу бітіріп келіп, кітапхана табалдырығын аттаған жас кітапханашыларды осы мамандықтың қыр-сырына үйретіп,  білікті маман болып шығуына өте көп еңбек сіңірді. Ол кісіні мен өзімнің ұстазым деп есептеймін. Көзге көрінбейтін қиындығы көп кітапхана саласының майталманының шәкірті болғаныма қуаныштымын. Заманымыздың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев атап көрсеткендей, мен кітапхананы ақыл-білім адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханшыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары деп санаймын деген болатын. Әр кітапты көздің қарашығындай сақтауға, болашақ ұрпаққа аманаттап кетуге әрқашан әзірміз. Қанша ұрпақ ауысса да, кітап оқу үдерісінен алшақтаған жоқпыз. Осы кітапхана ісінің дамуына Нағима Жабайқызы өзінің саналы ғұмырын арнады.  Жатқан жері жайлы,  жаны жәннатта болсын болсын», – деді Талдықорған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі КММ-нің директоры Күлжан Сейітжанова.

Бүкіл саналы ғұмырын елі мен жерін өркендетуге арнаған, бақытын еңбектен тапқан Нағима Нұрқалбаевны тағы бір еске алудың сәті келе жатқан сияқты. Биыл кітапхана саласының нағыз маманы Нағима Жабайқызы  көзі тірі болса 75 жасқа толар еді. Жетісу өңіріне, жалпы Алматы облысына өшпес із қалдырып өмірден көшкен адамның рухына  құран бағыштау марқұмның көзін көрген, шәкірт болып бірге жүрген, соңында қалған ар-ожданы бар азаматтардың парызы деп білемін. Отбасы мен артында қалған балаларына, жақындарына тағы да, қайғырып көңіл айтамыз..

Арайлым БЕЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ

Бөлісу: