Оқу жылы қорытындыланды

1109

Кезекті оқу жылын артқа тастап, еліміздің барлық білім ошағында соңғы  қоңырау соғылды. Алайда, биылғы  қоңырау үні бұрынғыдан өзгерек. Себебі, әлемді алаңдатқан пандемияға байланысты мерекелік шара онлайн режимде өткізілді. Жаңа форматтағы  оқытудың қиындығына қарамастан, облыс аумағындағы ұстаздар мен оқушылар үшін тағы бір оқу жылы сәтті аяқталды. Өңірдегі оқу жылының қорытындысы  жөнінде «Jetisy Media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында сөз болды.

Жиында алғашқы болып сөз алған Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова аймақтағы  білім саласы  өзгерістеріне  нақты тоқталып, ұстаздардың онлайн білім берудің алғашқы тәжірибелік сатысынан сүрінбей өткенін тілге тиек етті.

– Оқу жылының төртінші тоқсаны оқушыларымыз бен ұстаздарымызға оңайға соқпағаны белгілі. Кедергілер мен қиындықтарды бірлесіп еңсеруге тура келді. Шәкірттеріміздің алаңсыз білім алулары үшін мектеп мен ұстаздар қауымы бар күштерін салды. Жылдар бойы  жинақталған мол тәжірибе мен педагогикалық шеберліктің арқасында  білім беру ұйымдарының ұстаздары қиындықтарға қарамастан аса жауапты әлеуметтік тапсырманы абыроймен атқара білді. «Сыңғырла соңғы қоңырау» мерекелік шарасы да онлайн негізінде  облыстық «Жетісу» телеарнасы арқылы өткізілді. Алдағы уақытта аттестат тапсыру мен Ұлттық бірыңғай тестілеуде де өзгерістер болады, – деді ол.

Төтенше жағдайға байланысты биылғы 9 (10) және 11 (12)  сынып оқушыларына қорытынды аттестаттау тапсырылмайды, аттестат ағымдағы оқу жылының жылдық бағалары негізінде берілетін болады. Биыл облыста 1177 «Алтын белгі» мен 851 «Үздік аттестат» иегері бар. Мектеп бітіруші түлектерге салтанатты түрде аттестат тапсыру 3-4 маусым күндеріне белгіленген. Сондай-ақ, салтанатты шараға қатысатын адамдардың саны шектеледі және санитарлық-гигиеналық талаптар қатаң сақталады.  Бұл жөнінде орта білім беру бөлімінің басшысы Айжан Адамбекова нақтылады. Айтуынша, түлектер мен ата-аналарының, ұстаздардың денсаулығына қауіп төндірмеу үшін салтанатты жиынға тек 11-сынып бітіруші мен ата-анасынан тек 2 адам қатыса алады. Сонымен бірге, бірқатар шараларға қатаң тыйым салынады. Атап айтсақ, педагогикалық этиканы сақтау мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ақшалай қаражат жинауға, мектеп әкімшілігі мен педагогтарға сыйлық ұсынуға, мерекелік кешті ойын-сауық нысандарында ұйымдастыру мен қала ішінде көлікпен қыдыруға рұқсат етілмейді.

– Өздеріңіз білетіндей бірнеше жыл қатарынан еңбек нарығының қажеттілігіне қарай облыс әкімінің гранты беріліп келеді. 2017 жылы жергілікті бюджет есебінен 100, 2018 жылы – 106, 2019 жылы облыстық бюджеттен жалпы конкурс бойынша – 150, көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына – 100 және республикалық бюджет есебінен атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларына 301 білім беру гранттары тағайындалған болатын. биыл жергілікті бюджет есебінен 200 білім беру грантын тағайындау жоспарлануда,– дейді Айжан Маманқызы.

Биыл облыста мектеп бітіретін 15256 түлектің 11589-ы ҰБТ тапсыру үшін базаға тіркелген. Олар сынақты 20 маусым мен 5 шілде аралығында тапсыратын болады. Бүгінде өңірде 16 тест тапсыру орталығы бар, олардың біреуі жоғары оқу орнында, біреуі колледжде, ал қалғаны мектеп базасында орналасқан. Бірыңғай тестілеу барысында бір аудиторияда отыратын тест тапсырушылар саны азайтылып, арақашықтық сақталуы қатаң қадағаланбақ.

Мұнымен қоса, өңірдің Бас мұғалімі білім беру нысандарының құрылыс мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базаларын жаңарту мақсатында ағымдағы жылға 5 млрд. 070 млн. теңге қаржы бөлініп, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар сатып алуға 3 млрд-тан  астам қаржы қарастырылған. Үш ауысымда оқитын  мектептерді жою үшін 17 білім ошағының  құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 10-ы   жыл аяғына дейін  аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен бірге, облыс бойынша 55 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

 

 

Бөлісу:
ТегтерБІЛІМ

ПІКІР ЖАЗУ