Санитарлық автокөліктер 80 пайызға жаңартылды

0
1986

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында шалғайдағы өңірлерге көлік арқылы дәрігерлік қызмет көрсету ісін қалпына келтіріп, денсаулық сақтаудың тиімді моделін құру арқылы үш жыл ішінде барлық ауылдық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториямен қамтамасыз ету қажет деген тапсырма берген еді. Бүгінде президентіміздің тапсырмасы орындалып, Алматы облысындағы санитарлық автокөліктер 80 пайызға жаңартылды. Жедел-жәрдем бригадаларының саны 165-тен 205-ке көбейген.

Талдықорған қаласының орталық алаңында облыс әкімі Амандық Баталов ел денсаулығын нығайту жолында қызмет етіп келетін медицина саласының ұйымына заманауи талаптарға сай жабдықталған жедел-жәрдем көлігінің кілттерін табыс етті.
Шарада сөз сөйлеген А. Ғаббасұлы өңірдегі індетпен күрес шаралары туралы баяндады.
– Елбасының тікелей тапсырмасымен және Президенттің Жолдауда жүктелген міндеттерін орындау мақсатында облыста азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғауда барлық жағдайлар жасалып келеді. Індет басталғанда, вируспен ең алғаш бетпе-бет келгенде бізде біршама қиындық болды. Қалай дұрыс емдеуді, бірінші кезекте не істеу керектігін білмедік. Бірақ қазір коронавирустың екінші толқынына дайындық барысында алғашқы кезеңдегі қателіктердің, кемшіліктердің бәрі ескерілді. Облыста індетпен күрес шараларына 13 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді, соның 8,8 млрд.теңгесі екінші толқынның дайындығына жұмсалып отыр. Вирусты жеңіл өткеру үшін бүгінгі күні істелген жұмыс аз емес. Талдықорғанда барлық қажетті құралдармен жабдықталған 200 төсектік жаңа аурухана салдық. Одан бөлек, ПЦР-зерттеу көлемін арттырдық, облыстың 13 ауруханасы кислород стансасымен қамтылды, медициналық мекемелердің әр төсегіне кислород жеткізілген. 180 медициналық жедел жәрдем көлігі мен шағын емхана түрінде жабдықталған 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. Соның арқасында облыстың шалғай елді мекендерінің халқы сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алады. Бұл ретте әрбір жедел жәрдем машинасы бүгінгі жаңа талаптарға сай жабдықталған, соның ішінде ИВЛ аппараттары да бар. Осының барлығы медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етіп, сала қызметкерлерінің өзіне жүктелген міндеттерді толық көлемде атқаруына мүмкіндік береді – деп атап өтті облыс басшысы.

DCIM101MEDIADJI_0008.JPG

Бірінші толқын кезінде маман тапшылығы қатты байқалғанын тілге тиек еткен Амандық Баталов бұл мәселені шешуде Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан 300-ден аса тәжірибелі маман шақырылғандығын, олардың тұрғын үймен қамтамасыз етілгенін де жеткізді.
Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков: – Қазіргі таңда 89 жедел-жәрдем көлігі және 12 жылжымалы медициналық кешен аудандық ауруханаларға тапсырылды. Бұған дейін 5 жылжымалы медициналық кешен болған, енді оның саны 17-ге жетті. Яғни, шалғай аудандардың барлығы медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі. Жылжымалы медициналық кешендердің ішінде жалпы қабылдау, акушер-гинеколог, сәулелік диагностика кабинеттері, дәріхана пункті, сараптама қабылдау аймағы және заманауи ультрадыбыстық аппарат бар. Қазір график дайындап қойдық, сол бойынша ай сайын ауыл-аймақтарға шығып тұрады – деді.
Жылжымалы медициналық кешеннің мүмкіндіктері шағын емхана іспетті, бұл облыстың шалғай ауылдарында тұратын халыққа арнайы медициналық көмектің қолжетімділігін екі есе арттырады.
Биыл Алматы облысында 12,9 млрд. теңгеге 17 медициналық нысан салынуда, олардың қатарында амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер бар. 7 нысанның күрделі жөндеудеуіне 3 млрд. теңге бөлінген.

Мадина МҰРАТБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ