«Тіріге – нан, өліге – кебін керек»

0
1253

«Тіріге – нан, өліге – кебін керек,Кебінді де кім қазір тегін береді? деп Жандарбек бір айтыста қарсыласы оралдық Бауыржан Шимердиновке айтып еді. Бүгінгі қоғамда тегін еш нәрсе жоқ. Жұтып отырған ауаны да, қаңылтырға салып саудалаған «жұмыртқадан жүн қырыққандардың» заманы бұл. Капитализим дәуірі. Делдалдардың делебесі қозып тұрған мезгіл. Өткен жылы індет өршіп, адамдар қынадай қырылғанда көр қазатындар бағаны көтеріп жіберді. Тіпті көр қазатын адам табылмай, жарнама жасаған күнді ешкім ұмыта қойған жоқ.

Көр қазғанға 70000, ақымдағанған 80000 дегенде, «өлем десең көмем деген осы ғой» деп жағамызды ұстағанбыз. Биыл да көр қазушылардың дәуірі жүріп тұр. Алыс аймақтарда, елді мекендерде адам жерлеу қанша екенін білмеймін. Талдықорғанда көр қазу 40000 теңге, ақымдау 50000 теңге екен. Қымбатшылық көрге де жетіпті. Жалпы шариғат заңында көр қазғанға, мәйітті жуғанға тиісті ақысын беру көзделген. Бірақ, онда қалаған ақысы төленсін деген шариғи заң жоқ. Бүйректен сирақ шығарып жүрген тірілер ғой сол баяғы. Біздің қозғап отырған тақырыбымыз, көрдің ғана айналасы емес, жалпы қымбатшылық туралы. Бұған дейін де жазғанбыз. Азық-түлік, жанармай, коммуналдық төлемдердің бағасының шарықтағанын айтқанбыз. Енді құрылыс материлдарының бағасы аспандапты. Дүрліккен жұрт. Кебенекке оранған кедейлер кейіп жүрсе, балтырын байпақ қысқан бай-бағаландардың түкірігі жерге түспей тұр. Тіршіліктен түңілген тірілердің бармақ шайнап, бас шайқағаннан басқа қолынан келер дәрмені жоқ. Жеке меншіктің дәуірі дәрменсізге дәрі болмай тұр. Қыл аяғы қиыршық таспен құм да қымбаттап, дүрліккен жұрт таспен құмға қолдары жетпей, ірі көлемде сатып алып жатқан кәсіпкерлерге налып, карьердің басында ұзын-сонар кезекте тұрғандарын айтқан-ды. Өндіруші мен алыпсатарлар арасында туындаған жанжал Алматы облысында болған-ды. Осы құммен тасты тасымалдап, күн көріп жүрген камаз жүргізушілерде жұмыссыз қалдық деп ұлардай шулаған-ды. Себеп, қалталы кәсіпкерлер тас-құм  шығаратын компаниялардың, карьердегі қиыршық тастарды бірақ сатып алып, Алматы қаласына апарып, екі есе қымбатқа сатуда екенін айтқан көлік жүргізушілері тауып отырған нәпақаларынан қағылғандарын да тілге тиек етті.
Айбек Батырхан: «Мына жерден, ақшаларын алдымен бергенде құм-шағылды түгелдей сатып алған. Біз сияқты қарапайым жүргізушілерге жұмыс жоқ. Күнімізді осы тас, құм, шағыл тасып көруші едік. Карьердегілер де тауарлардың бағасын негізсіз көтеруде. Мәселен, бір ай бұрын ғана тоннасы 1200 бен 1300 теңге аралығында болған құм мен тас қазір 1600-ге дейін қымбаттады. Соның салдарынан үй салып жатқан жұрт камаз жүргізушілерінен құм мен тасты сатып алудан бас тартуда».
Ғалым Оспанов: «Қарапайым халыққа қиын болды. Бәріміз отбасын осы көлікпен асырап отырмыз. Бала-шаға үшін, 5-10 теңге табайық деп ойласақ, күнделікті баға аспандап барады. Соны қолға алатын құзырлы орындар болса десе, тас-құм шығаратын компаниядағылардың өз уәжі бар. Олар клиенттерді бөліп жармаймыз. Ал бағаны көтеруге мәжбүрміз. Өйткені өндіріс кезінде қолданылатын заттардың бәрі қымбаттады».
Михаил Гусев, «Кеңтас» ЖШС директоры: «Қымбатшылық тауар-лардың өзіндік құнының көтерілуіне байланысты. Соңғы кездері электр энергиясының да, дизель отынының да бағасы көтерілді. Метал құны шамамен 40 пайызға өсті. Ал біз жұмыс кезінде  металды көп қолданамыз. Біздің индустрия металға тікелей байланысты».
Даланың егін-тегін байлығын саудалап, мол табысқа кенеліп отырған карьер басшылары өндіріс кезінде қолданылатын заттардың бағасын түсірмесе, құрылыс материалдары да арзандамайды деп кесіп айтуда. Бәйтерек ауылында дәл осындай 10-нан астам карьер бар екен. Бәрінде баға шарықтаған. Баға бір көтерілсе оның қайтадан төменге түсуі екіталай. Нарық жүйесі, нарықтың талабы десек те, қал-құлт етіп, әрең күнелтіп отырған қараша қауымды ойлап отырған ешкім жоқ. «Өз күніңді-өзің көр» дегенге итермелеген билік Менделлеев кестесіндегі 90-пайыз қазба байлықтың үстінде отырып, қарашаны қыл аяғы топырақ пен құмға, тасқада зәруілетіп қойғанына тұрғын үй салушылардың және осы өнім арқылы күнелтіп жүрген камаз жүргізушілерінің зығырданын қайнатуда.
Әу баста қымбаттаған электр желісі мен жанармай бағасы, азық-түліктен бастап, құрылыс саласында қыспаққа алған. Енді, жеке тұрғын үй салушылар белуардан шығынға батуда. Мәселен, құрылысқа қажетті цементтен бастап, тас, құм, шағыл, тақтай, кірпіш, темір бағасын көрсеңіз көзіңіз тұнады. Көктемде цемент бағасы 1300 болса, қазір 1600, құм блоктың көтерме бағасы 180 теңгеден 400-ге, балкы 80-і 150000, рейка, 90-ы 160000, грабий 20000 мен 30000-ға, құм 50000, шағыл тоннасы 2500-ден бір камазы 50000, арматура рос 275х1мм 950, қытайдікі 11х1м 350 стойка( қада), 80х80 көктемдегі бағасы 1800 болса, қазір 3000 труба бұрын 20х40 160000 болса, қазіргі бағасы 575000, 930000 профиль 60х40 3200000, без стойка 640000-ға, қызыл кірпіштің бір талы 40теңгеден 60 теңгеге, көтерілген. Ал, осы өнімдерді саудалап жүрген арадағы делдалдар мен құрылыс дүкендеріндегі сатушылардың, әрі тасымалдап үйге дейін жеткізетін көліктің бағасын қосыңыз. Бұдан бөлек, құрылысқа жалдамалы жұмысшылардың еңбекақысымен күнделікті тұтынатын тамағын қоссаңыз қалтаңыздан қағылып шыға келесіз. Біз жалдамалы бұрыннан, үй-жай салып, бір үйдің, фундаментінен бастап, әрлеп, кілтін қолыңа ұстатын, Болат атты құрлысшыны әңгімеге тарттық.
Болат құрылысшы: «Қарамағымда өзіммен бес адамбыз. Баға деген жылына бір рет өссе ештеңе емес, күн сайын ырыққа көнбей барады. Құрылыс материалдарының құнын айтуға ауыз бармайды. Жай бір кішігірім бес бөлмелі үйді салып кіру үшін он бес миллион теңге кетеді. Қол астымдағы өзімді қосқанда бес жұмысшының әрқайсы ай сайын 200000 теңгеден табуымыз керек. Үй салушының материалы толық дегеннің өзінде бір үйді екі ай саламыз. Кейде тапсырыс берушілердің материалдары жетпей, күтіп қаламыз. «Ауылдағылардың аузы сасық» дегендей, көбіне мигранттарды жалдап жатады. Олардың бағасы төмендеу. Ал, біз өз құнымызды түсірмеуге тырысамыз».
Міне, бір ғана баспана салып кірудің бағасы он бес миллион болса, ондай теңгені үй салып жатқан қарпайым шаруалар да екінің бірі тауып бере алмасы анық. Тіпті, құрылысты бастап, орта жолдан шарықтаған бағаны көріп, жұмыстарын тоқтатқан тұрғын үй салушылармен де тілдестік. «Құрылысты аяқтауға шамамыз жетпеді. Жолдасым мұғалім. Өзім әр түрлі жұмыстар атқарамын. Бір балам әскери қызметкер соған екі бөлме жеке үй салып бермек ем, құрылыс материалдарының бағасын көріп, тоқтап қалдым» деген бейтаныс аға өз сөзінде бұл жақсылық емес қой деп налыды.
Иә, жақсылық емес. Ба-қылаусыз кеткен бағаны, базардағы нарықты кім бағамдайды? Кәсібі барлар өнім өндіріп, өндіріс көзін ашқандар өздері қалаған бағаны қойып, екі ортада, бірден көтерме бағамен алып, екіншіге екі есе бағаға ұсынған делбеңдеген делдалдарға кім тоқтау салады. Сонда, бір жалақыға ғана күнелтіп отырғандар қайтіп тіршілік жасамақ. Екі бөлме пәтер салуға қаржы тапшылығы қол байлау болса, қайтпек. Сонда, «Өз күніңді өзің көр, екі сиыр сауып жаныңды бақ» деген билік, кімге арқа сүйеп, кімнің мүддесін қорғап отыр.
Сонау 90-жылдардың орта тұсында Жезқазғанда Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығына орай Республикалық айтыс өтті. Торғайдың топжарған халық ақыны Қонысбай Әбілов «әй-әйына» салып толғанбасы бар ма. Дүниенің бәрі жекешеленіп, ұжымшарлар тарап, мал біткен бартерге түсіп, ауылдар тозып жатқан кезең еді. Қарсыласы Мұқаш Сейтқазинов: «әй-әй, әй-әй» деп мақамдатқан Қонысбайға қарап:
Дегенде, аңырақай, аңырақай,
Жоқ бүгін, жақсы ағамен тәуір апай.
«Әй-Әйіңді мен көріп тұрғаным жоқ,
Бүгінгі дүниенің бәрі кәкәй – деп залды дүр сілкіндіріп еді. Сол Мұқаш ақын айтқандай, капитализмдегі дүниенің бәрі кәкәй болды. Азулысы, азусызды шайнамай жұтып, біреуді-біреу алдау, арбау, қыл аяғы мемлекетіміздің бет-беделін айшықтайтын төл теңгеміз де құнсызданып, қымбатшылық қарашаны алқымнан алып, қылқындырып барады. Тіршілік қой, «Тіріге-нан, өліге-кебін керек»!…

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ