Шығармашылықты шыңдаған «Мейірім»

0
852

Гульдана  МУСАПИРОВА:  «Қызым Айерке Аянқызы он бір жаста. Отбасымызда төрт баламыз бар.  Айерке  –  үйдің екіншісі.  Алдында үлкен ағасы, артынан еріп келетін екі сіңлісі бар. Қаладағы  №28  IT лицейінің 6 сынып оқушысы. Қазіргі таңда қызымыздың  жан-жақты болып өсуіне   көңіл бөлудеміз. Оның әр таңдауына қолдау білдіреміз. Сабақтан тыс волейболға барады, сондай-ақ сурет салғанды ұнатады. «Мейірім» шығармашылық орталығы ашылғалы бері  қызымды  «Кестелеу» үйірмесіне жазған едім. Қазіргі таңда орталықтағы  ұстаздары түрлі  бұйымдармен жұмыс жасауды үйретуде. Одан бөлек,  шешендік өнер, видеотүсірілім,  монтаждан дәріс алып жүр. Түрлі үйірмелерге толы орталық көптеген баланың зейінін ашып, қызығушылықтарын оятуда. Қызымның бастапқыға қарағанда  қабілеті арта түсті,  қаншама нәрсені үйреніп, үйде де қайталап жасап жүр. Оның барлығы әрине, мықты ұстаздардың арқасы. 

«Мейірім» шығармашылық орталығының ұжымына үлкен алғысымды білдіремін!»

***

Сандуғаш ОРАЗБАЕВА: «Қызым – Гүлнұр  Дәулетқызы   үйдің  ортаншысы.  Алдында ағасы және  інісі бар.  Бауырларымен қарым-қатынасы жақсы,  үнемі солардың қамын ойлап жүреді. Қаладағы №15 мектепте оқиды. Кішкентайынан  өнерге жақын.  «Мейірім» шығармашылық орталығына барғаннан бері айналысатын сүйікті ісі – тігін тігу. Сонымен қатар,  бассейнге де барады.  Үйірме ашылған сәттен бастап сол жерде. Осы уақыт аралығында бірде-бір рет ұнамады деп пікір айтқан емес, керісінше жаңа заттар жасадым деп қуанып келеді. Орталықтың арқасында көп нәрсе үйренді.  Қызымның бұндай қуанышын көріп, бізде қолдау білдіреміз».

***

Айгерим БАЙЖАСАРОВА:  «Ұлым – Айсұлтан Ұланұлы.  Жасы сегізде.  Қаладағы №28 мектеп-лицейінде оқиды.  Отбасымыздағы  тұла бойы тұңғышымыз.  Артынан ерген бауырлары  бар,  оларға жақсы қарайды, білгенін үйретуге тырысады,  жалпы үлкендігін түсініп жауапкершілікпен қарайды. Сабақта оқу озаты.  Математика,  сауат ашу,  орыс тілі пәндерінен олимпиада жүлдегері. Сабақтан тыс уақытта көбіне компьютерде анимация  жасағанды ұнатады. Сонымен қатар, бос уақытында кітап оқиды, видео түсіреді. «Мейірім» орталығы ашылғалы «Оригами»  және «Шешендік өнер» үйірмелеріне қатысады. Әсіресе  «Оригами» үйірмесі жанына жақын.  Ол жерде  қағаздан көптеген заттар жасап үйренді. Сол жасағандары оның компьютермен анимация жасауына үлкен септігін де тигізуде.  Бұл үйірме жалпы мидың фантазиясын оятады. Содан болар, түрлі дүниелерді жасап шығаруға әуес. Баламыз үшін өте қуаныштымыз.  Күннен күнге бос отырмай жаңа дүниелер үйреніп жатқанына қарап риза боласың.  Осы орайда, «Мейірім» шығармашылық орталығының   ұжымына аналық  алғысымды айтамын».

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ