ІШІМДІК ІШІП, іші күйген шенеуніктер

70

Мемлекеттік қызметкерлер де ет пен сүйектен жаралған жұмыр басты пенде. Олардың да қызметтен тыс, демалуға құқы бар. Бірақ, «Үй артында кісі бар, абай бол» деген тәмсілді бұлар ұдайы жадында ұстауы тиіс. Себебі мемлекеттік қызметкерлер халықтың бет айнасы. Олардың жүріс-тұрысы, киім-киісі, сөз саптауы, білімі-біліктілігі, іскерлігі халықтың талқысында тұрады. Халық та соларға қарап бой түзейді.

Алайда, «Сенген қойым сен болсаң, күйсеген аузыңды….» дегендей, көпке күлкі, журналистер мен блогерлерге түрпі болып жүрсе, кімге өкпелейді. Бұл бір ғана Жетісу өңірінде болып жатқан жағдай емес, Қазақстанда 14 облыспен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларын қосқанда 17 аймақта, екі күннің бірінде мемлекеттік қызметкерлер туралы түрлі хикая еститін болдық. Бірі жемқорлықпен шатылып, енді біреулері жұдырығына сеніп, әріптесін ауруханаға түсірсе, тағы біреулері мемлекеттік қызметтік көлікті жеке пайдасына пайдаланып, ішімдікке сылқия тойып, не істеп не қойғанын білмей, «атам да аң таң, апам да аң таң» дегеннің керін жасап жүр.
Әлқиса, әңгімені әріден таратып көрелік. Ішіп алып концерт қойып жүрген шенеуніктерге қатысты 2016 жылы әдеп кодексіне, тойда ішімдік ішуге тыйым салынған болатын. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасының орынбасары болып тұрғанда Алик Шпекбаевтан, Қымбат Белгібаева деген мемлекеттік қызметкер «Мен қызымды ұзатып, той жасамақпын, тойда мөлшермен ішімдік ішуге рұқсат берсеңіз» деген өтінішін айтып, өзінің өресін көрсеткен-ді. Ол, ол ма, анабір жылдары арақты асыра сілтеген Ақмола облысы, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары әжетханаға жете алмай, қуығы сыздап, қала ішіндегі талдың түбіне кіші дәретін жіберіп тұрғанда видеоға түсіп, масқара болған. Бұл көрініс республикалық масштабқа шығып, үлкен додалы айтыста Ақмола облысының намысын қорғаған айтыскер Әлібек Серғалиевке, қарсылас болған қарғандылық Дидар Қамиев: Өткенде Көкшетауда бір жай болды,
Соған менің көңілім налатұғын.
Қаланың зәм әкімі удай мас боп,
Дүрліктіріп кетті ғой қала түнін.
Тал түбіне кіші дәрет сындырғанын,
КТК-дан көрсеткен болатұғын.
Естімеген елде көп дегендейін,
Мұндайда түрі бар-ау сорақының.
Сол кезде барша қазақ жаға ұстады,
Басқа жер таппап па деп баратұғын.
Бүгінгі кей басшының ісі осындай,
Халықтың қақ жармаған қара қылын.
Әлібек осы жайға сен не дейсің,
Деп жүр ғой Көкше сені дара ақыным.
Ел-жұрттың айтуынша Көкше тауың,
Жасыл-желек жайқалған қалатұғын.
Неге сонша жасарып тұрад десем,
Суарып жүр екен ғой замәкімің – деп әжуалағаны бар.
Білдей бір шенеунік үшін елдің, жердің намысын қорғаған ақын жауап беруге тура келді. Жауабын тауып айтты:
Дидарда жыр-дастанды толғайды-кеп,
Басыңа қара бұлт орнайды деп.
Өзімде таңғалып тұрмын қазір,
Ойлама осы сөзден сорлайды деп.
Негізі ол әкімнің ондайы жоқ,
Жауабын қолма-қол жолдайды дөп.
Кім біледі ниеттеніп жүрген шығар,
Орман шаруашылығын қорғайын деп.
Бауырым енді маған неғыл дейсің,
Онсызда біздің елде зор қайғы көп.
Ойлашы зам әкімге қалай айтам,
Ағашты суғаруға болмайды, – деп шенеунікті жаманатқа қимаған болатын. Міне, бүгінгі шенеуніктердің кескін келбетін, олардың мемлекетшілдігі қай дәрежеде екенін, жемқорларынан және ішімдік ішіп, көлік айдап, адам басып кеткендерінен көруге болады. Бәріне бірдей топырақ шаша алмаймыз. Арақ деген атаңа нәлет қазақты қай орға жықпады. Отбасын ойрандады. Сауды жынды қылды. Ақылдыны ақымаққа айналдырды. Ана бір погонды полицей ішіп алып поста тұрған әріптестерін көлікпен таптап өтті. Істі болды, сотталып кетті. Еңбекшіқазақта желкілдеп өсіп келетін төрт жас өркенді арақтың кесірінен біреуін өлім құштырды. Алла қалғанына ғұмыр бере ме, бермей ме, тағдырлары қыл үстінде тұр. Енді міне, Талдықорғанда шу шықты. Желіде видео авторы Қайрат Әбдірахмановтың Талдықорған әкімдігінің қызметкерлерінің «Караоке» барда көңіл көтеріп отырған видеосы жарияланды. Интернет пен көгілдір экранның бетін бермей тұрған бұл ақпарат өңір басшысы Амандық Баталовқа базарлық бола қоймасы анық.
Алдыңғы шенеуніктері жем-қорлықпен шатылып, әкім «сенімімді ақтамады» деп журналиске сұхбат беріп еді. Қол астындағылар ізі суымай жатып, бірінен кейін-бірі дүрліктіріп жатыр. Әдеп кодексінің әліппесінен жаңылғандар мемлекеттік қызмет көліктерін жеке бас-тарына пайдаланып, арақ-шараптың арқасында абыройдан айырылды. Көшеде Құдай қосқан қосағын қорлады. Атағы шығып жер өртеп республикаға танымал болды. Әлемді жаулап, адам баласын тажал жұтып жатқанда, елді ұйыстырады, жұдырықтай жұмылдырады деген шенеуніктердің үлкені де кішісі де тәубелерінен жаңылып жүр. «Қазақта алдыңғы доң-ғалақ қайда жүрсе, соңғы доңғалақ солай жүреді» деген тәмсіл бар. Жыл басынан бері Алматы облысындағы мемлекеттік қызметкерлерді қырсық шалып тұр. Біреулері жемқорлық пен шатылып, енді біреулері ішіп алып, полициямен блогерлерге тұтылуда. Қаланың жаңадан тағайындалған әкімі Ержан Жасыбаевқа да бұл абырой әпермейді. Кінәлілер жазасын алар. Қызметінде қалатыны қалар, қалмағаны хош айтысар, мәселе мемлекеттік қызметкерлердің идеологиялық тәрбиеден жұрдай екенін, өңір, қала басшысы да білуі тиіс. Экономика-экономика деп жүріп, идеологиялық тәрбиенің іріп-шірігенін облыстағы болып жатқан жағдайлардан көруге болады. Кешегі кеңестік кезеңде «іс тетігін кадр шешетін». Қазір істі кадр емес, қалта шешетін дәуір. Оны елді дүрліктіріп жатқан шенеуніктерден көруге болады. Мақала басында мұндай жағдайлар тек қана Жетісу өңірінде болып жатпағанын айтқанбыз. Арақ ішіп, мемлекеттік көлікті жеке басына пайдаланған шенеуніктер туралы жүздеген факті келтіруге болады. Интернет желісін сүзгіден өткізсеңіз ауыл әкімінен бастап, прокурор, полиция тізбектеліп кете береді. Бұл ішімдікке қарсы, ал білегіне сеніп, қолайына жақпағанды жұдырықтап, ауруханға түсірген шекпенділер жайындада бір мағлұмат бере кетейік. 2011 жылы Шығыс Қазақстан облысының бас экологиялық инспекторы Эдуард Кимге қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Ол жергілікті кәсіпкер Евгений Касаткиннен 1 млн. теңге ақша бопсалады деп айыпталған. Ең қызығы параның бір бөлігін ол бартер ретінде талап етіп, жарты тонна қарақұмық пен 200 келі асбұршақ экологиялық инспекторға тиесілі қаладағы мекемелердің бірінен табылған. Ең сорақсы Эдуард Ким аталмыш кәсіпкерді соққыға жығып, ауруханаға түсірген. Сондай-ақ, мейрамхананың әншісін және өзінің қол астындағы қызметкерін ұрып-соқты деген күдікке ілінген.
Қазақ мұндайды «өзің диюанасың кімге пір болғандайсың» дейді. Біз онсызда «қасықтап жыйған абыройларын шелектеп төккен» шенеуніктердің аттарын атап, қызметтерін түстемедік. Елдің алдында жүріп, елге қызмет жасағаннан кейін, мемлекеттік шенеунік, сауысқандай сақ болуы керек-ақ. Өкінішке орай, қадірін қашырып, қара бастарының қамын күйттейтіндер көбейіп барады. Не дейміз енді. «Арақ әкеңнен қалған ас емес, жемқорлық жеті атаңнан жалғасқан салт емес еді ғой, шенеуніктер!
P.S. Айтпақшы, індет өршігелі бері қазақстандықтардың көбі арақ пен есірткіге үйір болғаны және ішімдік өндірісінің күрт атқанын ақпараттар ағыны таратуда. Тіпті есірткінің жолын кеседі деген полицейлердің Қызылордада, батыс өңірлерінде есірткі тасымалдаушылармен ымыра-ласқанын ішкі істер министрлігі өздері әшкерлеген болатын. Ресми мәліметтер бойынша 2020 жылдың сәуірінде қазақстанда этиль спиртін өндіру көлемі 1миллион 987 мың литрді құраған.

Айтақын МҰХАМАДИ

Бөлісу: