Қазақша сөйлеуден қашамыз

0
2028

1989 жылы қыркүйек айының 22-күні қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Ал, 1997 жылы «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заң қабылданып, республика аумағында тілдердің қолданылуының құқықтық негіздері, барлық тілге құрметпен қарау қамтамасыз етіліп, мемлекеттік қазақ тіліміздің мәртебесі басқа тілдермен бірдей дәрежеде тұрды. Яғни, кім қандай тілде сөйлегісі келсе, сол тілде сөйлеседі. Оған ешқандай шектеу жоқ. Қандай тілде ақпарат алғысы келеді,сол тілде ақпарат алуға құқылы. Егер өзі қалаған тілде ақпарат ала алмаса шағымдануға да құқығы бар.

Дүние жүзіндегі барлық елде мемлекеттік тілді білу заң жүзінде міндеттелген. Ал, біздің елдің «Тіл туралы» заңы басқаша сөйлейді. «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы». Яғни, тек қана парыз. Мүмкін осыдан болар қазіргі кезде біздің қоғамда қазақша сөйлейтін ҚАЗАҚТАРДЫҢ қатары сиреп келеді.

Тәуелсіз мемлекет атанғанымызға биыл, міне, 29 жыл болды. Осы жылдар ішінде мемлекеттік тіл, ана тіліміз – қазақ тілі, орыс тілінің көлеңкесінде келе жатқаны ащы шындық. Қай мекемеге барсаң да, халыққа қызмет көрсету орталығы, емхана, асхана, тіпті дүкенде де алдыңнан «Здравствуйте» деп күтіп алады. Екеуі де қазақ бола тұрып бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрған адамдарды талай кездестіргенмін. Тіпті орысша сөйлей алмай шатасып жатқан адамды көрсе, орысша білмейді деп мазақ қылатындар да жоқ емес. Ал, жас отбасында, үйінде ата-әже жоқ шаңырақта тәрбиеленген балалар қазақша сөйлеген былай тұрсын, қазақша түсінбейді де.

…Елбасы Жолдауында айтылған Мәңгілік Ел мұратына жетуіміз үшін алдымен қазақ болғанымыз абзал. Ал біз қазақ бола тұра қазақша сөйлеуден қашамыз. Неге?

  М.МҰРАТБЕКҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ