Қолдадыңыз ба, әлде қарсы дауыс бердіңіз бе?

189

Таң атысымен бір емес, бірнеше референдум учаскесінде болып, ондағы жағдайларды бақылап қайттық. Дауыс беру уақыты басталғаннан-ақ тұрғындардың белсенділігі өте жоғары болды. Расында халықтың Ата Заңға деген, Мемлекет басшысының шешіміне деген құрметі өте ерекше екені көңілді қуантты.

Заңға сәйкес таңғы сағат 7-де Талдықорғандағы барлық аумақтық және учаскелік комиссиялар өз жұмыстарын бастады. Дауыс беру барысында ешқандай олқылықтар мен заң бұзушылықтар байқалған жоқ. Учаскеге келушілер қарасы көп болып, дауыс беретін орындар сайлаушылардың еш кедергісіз өз таңдауын жасауларына барынша мүмкіндік жасады.
Дауыс беруге келген жұртшылық заң жобасында баяндалған «Қазақстан Респуб-ликасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген сауалға жауап беріп, мемлекет келешегінің даму жолын айқындады.
Фариза БАЙЫСОВА, қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі, тәуелсіз байқаушы: – Сайлаушылардың дауыс беруге қалай қатысып жатқандықтарын көру үшін байқаушы болып келіп отырмыз. Осыған дейінгі елмен кездесулерде жаңа қабылданатын заң құқықтарына, өзгертілетін баптарына олардың қызығушылығы өте жақсы екенін байқаған едік. Дауыс беруге келіп жатқан халықтың белсенділігіне қарап қуанып қалдым. Бұрын да сайлауға бара жатқанда әндетіп, тойға бара жатқандай көңіл-күйде болатын едік, осы көріністі қазіргі сайлаудан да байқап отырмын.
Ендеше, бәріміз бірге Жаңа Қазақстанды құруға ат салысып, еліміздің кемелденуіне күш салайық.
Болатбек БИСҰЛТАНҰЛЫ, Ардагерлер кеңесінің мүшесі, тәуелсіз байқаушы: – Дауыс беру учаскесіне таңғы сағат 7-де келдім. Керемет көңіл-күймен салтанатты ашылу болды. Барлығы біркелкі ұйымшылдықпен өтті. Бұрындары да сайлауға байқаушы ретінде қатысқанмын. Бұл референдум бұрынғыға қарағанда шынайы, белсенді өтті.
Бұл жақсы бастама, еліміз үшін тарихи оқиға, ендігі болашағымыз жарқын болады деген сенімдемін. Байрағымыз көкте еркін желбіреп, іргеміз берік болсын.
Марат АБИЛДЕНОВ, қала қонағы: – Жетісу өңірінің тумасы болғаныммен қазіргі уақытта Алматы қаласында тұрамын. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде елдің болашағынан зор үміт күткендіктен, осы қаладағы учаскеге келіп, өз таңдауымды жасап тұрмын. Сайлау учаскесінде жүрген қызметкерлерге рахмет, өз жұмыстарын тыңғылықты атқарып, халыққа жағдай жасауда. Менің де аты-жөнімді жазып тіркеп, дауыс беруіме мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасының Конституциясында өзгеретін заңдарға байланысты өз ойымды айтсам. Мәселен, өлім жазасын мүлде алып тастауға келіспеймін. Себебі қоғамда зорлық-зомбылық жасау көбейіп кетті. Сондай ауыр қылмыс жасайтындарға бұл жаза керек деп есептеймін. Ал, жалпы референдумнан өте көп өзгерістер күтемін. Қазақ тілін жоғары деңгейге қоюмыз қажет деп санаймын. Барлық мекемеде қазақ тілін ғана қолданған дұрыс шешім болар еді. Сонда ғана қазақ елі болып қалыптасып, кейінгі ұрпақ орысша араластырмай, таза қазақша сөйлер еді.
Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастап жатқан бұл ісі – әлі бастамасы ғана деп ойлаймын. Алла қаласа мұның арты жақсы боларына сенемін. Осындай батыл қадамдар жасалып және халық қолдау көрсете білсе, біз нағыз Жаңа Қазақстанды құрамыз деген үміттемін. Барлығы жастардың қолында.
Таңғы сағат 7.00-де басталған сайлау науқаны 20.00-де аяқталды. Дауыс беруге келген сайлаушылар белсенділігі жоғары болды. Мәселен, біз кірген №1002 сайлау учаскесінің сайлау төрайымы Айнагүл Әділғазықызының мәліметінше, жалпы дауыс берушілер саны 2474 адам болса, оның ішінде 1534 өз таңдауын жасады. Бұл сайлау мекемесінің алғашқы сайлаушылары 77 және 75 жастағы екі қарт кісі болды, олар таңғы 6.30-да келіп дауыс беріп, мемлекет тарапынан сыйлықтарын алды.
«Үйтас» саяжайы мен «Новостройка» шағын аудандарына қарасты №1003 сайлау учаскесінің төрайымы Асия Ізтайқызының сөзінше, жалпы саны 2499 адам дауыс беруге құқылы болса, оның 1549-ы келіп сайлау науқанына қатысқан. Алғашқы сайлаушы 18 жасар бала таңғы 6.45 келіп, сыйлыққа ие болыпты.
Ал, №989 сайлау учаскесінің төрағасы Қайрат Төлепбергенұлы бұл күні жалпы саны 1900 адамның ішінен 1526 адам келгенін айтты. Сайлау барысында дауыс берушілер 83 пайызды құраған. №984 сайлау учаскесінің төрайымы Жанар Сансызбаеваның мәліметінше, 2648 адамның 1642-і келіп дауыс берсе, №986 сайлау учаскесі бойынша жалпы саны 2461 сайлаушының 1526-ы өз таңдауын жасаған.
№979 сайлау учаскесін бойынша 2066 адам дауыс беруге құқылы болса, сайлауға келгені 1512 адам.

А. НҰРЖАПАР.
А. БЕКМОЛДИНА.

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ