Үздіктер марапатталды

0
873

Облыстағы ауылдағы мәдениет үйлері,  кітапханалар мен музейлердің үздіктері  анықталды.  Дәстүрлі  түрде  жыл сайын өткізілетін «Ауылым – Алтын Бесігім» байқауы өз мәресіне жетті. Алматы облысы әкімдігі, облыстық мәдениет,  архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен байқаудың марапаттау рәсімі өтті.

Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» мақаласын басшылыққа ала отырып халықтың рухани және эстетикалық сұранысын қанағаттандыру жолында облысымыздың барлық ауданында, елді мекендерінде қолдау тауып,  ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың, ауылдық кітапханалар мен музейлердің жұмысын жандандыру мақсатында Алматы облысындағы үздік мәдениет нысандарды анықтауға арналған байқау – қазан айында онлайн форматта басталған. Оған өңірдегі 47 мекеме қатысты.  Әділқазы алқалары әрбірінің материалдық-техникалық жағдайына баса мән берді. Көркемөнер ұжымдары мен үйірмелердің толыққанды жұмыс істеуі тұрғылықты халықтың мәдени шараларға тартылуы зерделенген. Нәтижесінде үздік нысандар анықталып,  І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында арнайы сый-құрметке  марапатталды.

Жаңа форматта бастау алған байқауда көзделген мәселе: ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді пайдалану, мемлекеттік саясатты жүзеге асыру,  Қазақстан халқының мәдениеттік деңгейін көтеріп, ауыл жастарының ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарымен таныстыру. Сондай-ақ  рухани тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарды бағалау.

Сонымен қатар  шарада ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында еңбегімен танылған сала белсенділері марапатталды. Мұнымен қоса,  47 көркемөнерпаздар ұжымдарына «Халықтық»,  «Үлгілі» деген  атақ берілді. Жалпы,  бұл байқау өңірде мәдениет мекемелерінің жұмысын жандандыру мақсатында жыл сайын өткізіледі. Биыл  фестивальге бюджеттен 28 млн. 889 мың теңге қаражат бөлінген.  20 мәдениет үйі мен клубтар,  20 ауылдық  кітапхана,  7 ауылдық музей  қатысып,  үздіктерге  20 дыбыс аппаратурасы,  10 компьютер берілді.

Байқау талаптарына сай 20 ауылдық мәдениет үйі мен клубтар белсене қатысқаны үшін дыбыс аппаратуралар берілді.  Атап айтсақ,  Ақсу ауданының  Ақсу ауылдық мәдениет үйі,  Алакөл ауданының  Ынталы ауылдық мәдениет үйі, Балқаш ауданының Ақжар ауылдық клубы,  Жамбыл ауданының  Балғабек  Қыдырбекұлы  атындағы  ауылдық мәдениет үйі, Кербұлақ ауданының  Шилісу ауылдық мәдениет үйі, Панфилов ауданының  Нағарашы ауылдық мәдениет үйі және Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылдық мәдениет үйі бар. Сонымен қатар үздік деп танылған кітапханалардың ішінен  5 ауылдық кітапхана мен 5 ауылдық музейге  компьютер сыйға тартылды.

Іс-шара барысында  Алматы облысының мәдениет архивтер және құжаттама басқарма  басшысының орынбасары Әлия Жақыпбекова сөз алып, жылы лебізін білдірді.

–  Алматы облысы әкімінің қолдауымен өткізіліп отырған  «Ауылым – Алтын Бесігім» байқауы бір жағынан сайыс болса, бір жағынан ауылдағы мәдениет мекемелеріне үлкен қолдау. Әділқазы алқаларының шешім шығаруы өте қиынға соқты. Өйткені, барлық мекеме үздік болып көрінді. Барлығы өздерінің күш-жігерін салды, ауыл ақсақалдары, ел аналары, ауыл жастары болып  атсалысып, үлкен ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын салт-дәстүрлерін,   мәдениет жұмысының бағыт-бағдарын барынша көрсетуге тырысты. Бұл  байқауды тек   біздің мәдениет мекемелері ғана емес, бүкіл ауыл жұрты күтеді,  – деді ол.

***

«Дарындар іске» облыстық байқауы қорытындыланды. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ұйымдастырылған шара облыс әкімдігінің қолдауымен өтті.  Бұл  сайысқа 17 аудан мен 3 қаладан 57 өнерпаз қатысты.

Байқаудың қорытынды сынына  21 үміткер жолдама алып, өнер мен қолөнер бойынша сынға түсті. 18 бен 45 жас аралығындағы мүмкіндіктері шектеулі қатысушылар  байқауда қоғамның белсенді мүшесі екендіктерін танытып, өздерінің бойындағы шеберліктерін көрсетуге талпынды.

Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздар жүлделі орынға ие болды. Қатысушыларға арнайы диплом мен сыйлықтар табысталды.

Арайлым НҰРЖАПАР

 


ПІКІР ЖАЗУ