Балалар мерейін үстем еткен «Мейірім»

0
1366

Бүгінде   түрлі үйірме мен  түрлі орталықтардың қарасы көп. Олардың  бәрі  демесек те басым бөлігінің  бала бойындағы қабілет-қарымды одан әрі дамытып, өнерге  деген  қызығушылықтарын  оятудағы үлесі зор-ақ.   Сондай бір керемет орталықтың бірі  –  «Мейірім» шығармашылық орталығы. 

Өткен жылы  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  «Балаларды спорттық және шығармашылық үйірмелермен қамту туралы» заңға қол қойды. Осы бағдарламадан кейін Алматы облысы бойынша алғашқылардың бірі болып «Мейірім» шығармашылық орталығы ашылды.   Маусым айында ашылған орталықта  бүгінде 300-ге жуық бала өз өнерлерін шыңдап келеді. Әр балада қызығушылық әр түрлі болатыны секілді, олардың әрқайсысы 2-3 үйірмеге  жазылған.  Қазіргі уақытта  орталықта 12 үйірме жұмыс істеуде. Атап айтсақ, «Сурет»,  «Графика»,  «Батик» үйірмесі,  «Мүсіндеу»,  «Кестелеу», «Оригами»,  одан бөлек «Шешендік өнер»,  «Көркемсөз оқу»,  «Актерлік өнер»,  «Домбыра» үйірмесі,  «Видеотүсірілім және Монтаж»,  «Эстрадалық вокал мен Қуыршақ театры» үйірмелері бар.  Бір-біріне ұқсас болғанымен олардың  үйретері  әр түрлі.

Шәкірттерінің әрқайсысына бар күш-жігерін салып білім беріп жатқан ұстаздардың әрқайсысы бір төбе. Әркімнің өзіндік орны ерекше. Жақсы маман – жұмыстың жақсы жүруінің, баланың сапалы білім алуының кепілдігі. Сондықтан  ең басты мақсат жақсы ұстаз таңдауда.

Осы орайда «Мейірімнің» шәкірттері қуанып әрі мақтанып ұстаздары жайлы  айта алатындай-ақ бар. Себебі жоғарыда айтқандай,  тәлімгерлердің әрқайсысы бір-бір төбе, өзінше тұлға.

Сондай жандардың бірі – Жұматай Оспанұлы. Ол кісі белгілі ақын, әрі актер.   «Жетісу» газетінің бас редакторының орынбасары.  Қаншама шығармалардың авторы. Күні кеше ғана облыс әкімінің «Самғау» жүлдесіне ие болып отыр.  Бұдан да бөлек,  талай марапат, сыйлықтарды иеленген  жан. Орталықта  «Актерлік шеберлік» үйірмесін жүргізеді.

«Шешендік өнер» және «Көркем сөз оқу» үйірмесінің жетекшісі Айнұр Төлеудің есімі  көпшіліке етене таныс. Ақын,  журналист әрі әдебиеттанушы, «Жетісу» арнасының радио хабар тарату бөлімінің бас редакторы.  «Отқарақ»,  «Бірдеңе» кітаптарының авторы. Ол кісі де «ASSYLTAS» қоғамдық қорының стипендиясының иегері атанды. Одан да басқа жүлделері қаншама…

Орталықтағы «Батик» пен «Мүсіндеуден» сабақ беретін  Клара Қарғабаеваның бұл саладағы еңбек өтілі отыз жыл. Бұл кісінің арқасында талай баланың  қолы жаттығып,  түрлі әдемі дүниелерді  қиялынан ойлап тауып,  жасап жүр. Нұргүл  Нығметжанова  – Алматы облысы бойынша өте танымал колөнер шебері.

«Бейнетүсірілім және монтаж»  үйірмесінен   «Жетісу» телеканалының мықты видео-инженерлері,  фильмдерді  мен  хабарларды монтаждап жүрген тәжірибелі мамандар – Мирас Әнитов және Руслан Темірғалиев сабақ береді.

«Тектіден текті туады» демекші, аталмыш орталықта   белгілі мүсінші,  Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, сәулетші Серікқали Мырзатаевтың  қызы Айжан Мырзатаева да  сабақ береді.

Айжан да елімізге  танымал суретші.  Оның үйірмесіне үйір балалар өте көп.

Ал, «Домбыра» үйірмесінен  мәдениет саласына өз үлесін қосып жүрген әнші әрі күйші, композитор, мультиаспапшы – Айбол Құдайбергенов сабақ береді. Қолына добыраны алғаш алып отырған балаларға осындай ұстаздан сабақ алу –  үлкен  мәртебе емей, не дерсің?!

Шебер ұстаздардан тәлім алып келетін   «Мейірімнің» балаларының да   жақсы нәтиже көрсетпеуі мүмкін емес. Ұстазы үлгілі,  өнегелі дүние көрсетіп тұрған баланың өзі де биік асуларды бағындырары анық.

Орталықтың алдағы жылға қойып отырған жоспарлары да  көп. Қайырымдық акцияларын ұйымдастырып, балалар шығармашылығынан көрме ұйымдастыруды көздеуде.  Сонымен қатар сұранысқа ие болып жатқан үйірмелер ашуды жоспарлауда.

Ашылығалы бері   орталықтың оқытушылары   үйірмеге келетін әр баланың өнер жолында дамуына ерекше көңіл бөліп келеді.  Жаңа жыл қарсаңында орталықтың директоры Гүлмира Қуанышқызы  балаларға арнап тамаша мерекелік іс-шара ұйымдастырды.

«Қуанса, бала қуансын» демекші, орталықтағы әр балаға  жаңа жылдық сый-сияпат тарту етілді. Ал,   үйірме ашылғалы бері сабақтан қалмай келіп жүргендердің ата-аналары  мен өзін жақсы қырынан көрсеткен балалар  орталықтың Алғыс хатымен марапатталды.

Бүгінде орталық қанатын кеңге жайып, Талдықорған қаласы маңындағы Өтенай,  Еңбек,  Мойнақ ауылдарындағы мәдениет үйі ғимараттарынан   өзінің   филиалдарын ашты.   Жылды жақсы нәтижелермен  аяқтап отырған «Мейірім» орталығы балаларының  мерейі әрдайым үстем болғай!

Арайлым НҰРЖАПАР


ПІКІР ЖАЗУ