Әуежай маңына баспана салғандар дүрлікті

47

Талғар ауданы ұдайы дау-дамайдың бас жағында жүреді.  Аудан халқының әкімдікке еш уақытта көңілдері толған емес. Тәуелсіздік алғалы отыз жылда ауданды кімдер басқармады дейсіз. Тек қана  бір әкімге көңілдері толған-ды.  Ол  жаңадан кірпіші қаланған Нарынқол ауданын аяғынан тік тұрғызып,  қала іргесіндегі үлкен аудан Талғарға әкім болып келген – Жолан Омаров еді.  Халықтың маңдайына сыймады.  Әлемді жаулаған «ковид-19»  бен пандемия дерті  іскер әкімді де айналып өтпеді.

Өзі бір тыным таппайтын, қол астындағы нөкерлерінде бір шыбықпен айдайтын Жолан марқұм Талғарға келе салып, түйіні тарқатылмаған талай шаруаның басын қайырды. Оған аудан тұрғындарыда риза болып, «әй енді бағымыз ашылатын болды» десті. Облыстың экс-әкімі болған Амандық Баталовқа да маза бермей аудандағы күреленген мәселелерді рет-ретімен шешіп, ел құрметіне бөленіп жүргенде асқынған аурудан бақилық болған Жолан Омаровты халық әлі күнге аңсайды. Басқа ешбір әкімге көңілдері толған емес. Себебі ауданда жол, газ-су, мектеп, баспана, жер мәселесі ұдайы шу болып тұрады. Екі күннің бірінде көгілдір экранда аудандағы келеңсіздіктер туралы сюжет көр-сетіліп, ақпарат құралдары жаһаннамға жар салып жатқанын көресің. Осыдан жеті-сегіз ай бұрын әуежай маңындағы жер телімдерін сатып, пайдаға кенелген шенділермен бір риэлтор әйел сотты болған. Бар гәп, әуежай маңынан жер телімдерін сатып алғандар топырлатып баспана салып алғанында. Алайда екі жыл бұрын әуежай маңындағы салынған баспанаға «Бек Эйр»-дың ұшағы құлап, салынған баспаналардың бірі-не соғылып, адам шығынына жол берілді. Жоғарыдан комиссия келіп тексеру басталғанда, бар былық-шылық ашылып, әуежай маңындағы жер телімдері заңсыз сатылғанын, ал ол жерге баспаналар салынып кеткені әшкере болды. Бұл жерде жер телімін сатып алғандардың кінәсі жоқ-ты. Себеп, жерді сатып алғанда заңды жолмен нотариустер арқылы өз аттарына тіркетіп алғандарын айтуда. Қарапайым халық қала шетінен арзан жер телімін алғандарына қуанды. Ал заңсыз әрекетке барған аудан шенеуніктері бұл әрекеттерінің заңсыз екенін білмеді емес білді. Олар әуежай маңына 500 метрге дейін құрылыс нысанын салуға болмайтынын жақсы білген. Алайда көз жұмбайлыққа барған. Ауданның жер қатынастары бөлімі архитектура әкімдік бұл заңсыздықтарға кезінде жол бергенін сотты болған шенділердің әрекеті дәлелдеп тұр. Енді міне, «шоқпар тисе, сорлыға тиеді» дегендей әуежай маңынан баспана салып кіріп алғандарды сотқа тарту басталып, ел дүрлігіп, аудан әкімдігінде ұлардай шулап жатқан халықты көгілдір экран әлемге көрсетуде. Әкімдіктегілер «мақсатымыз заңсыз саудаға салынған жер телімдерін босату, сондықтан сотқа жүгіндік», – дейді. Алматы облысы жер пайдаланылуы және қорғалуын бақылау басқармасының бөлім басшысы Арман Кәрібаевтан сотқа шақырту алған 14 жер телімінің иелері бұл суық хабарды ести сала ереуілдеп аудан әкімдігіне барған-ды. Олардың арасында «Бек-Эйр» ұшағы баспанасына соғылған Решет Қалибек те бар.

Ұшақ соғылғаннан кейін күл-талқаны шыққан баспананы өз күшімен бұзып, көшіріп әкеткен Решет Қалибек «маған сол кездегі аудан әкімі болған Жолан Омаров өтемақы төлеп береміз» деп уәде еткен. – «Сен уайымдама, шығынның бәрі төленеді», – деп еді. Енді ол кісі жоқ. Уәде етілген өтемақыны әлі күнге алған жоқпын. Әкімдіктегілер жалғыз жерімді тартып алуды көздеп отыр. Жерді 14 мың долларға баспанағ салуға сатып алғам, үйге 8 миллион шығын шықты. Қазір Шелекте інімнің үйінде тұрып жатырмын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан. Халықты тыңдайтын әкімдік жасақтаңдар деп. Талғар ауданының әкімдігі халықты тың-дайтын емес халықты қанайтын әкімдік болып тұр», – деп налиды. Сатып алған жер телімдері үшін өліспей-беріспейміз деп шулаған халықты Талғар ауданының атқамінерлері сот шешімін күтуге шақырды. «Бірдің кесірі мыңға тиіпті» дегендей кезінде жер телімін оңды-солды тәбәрік таратқандай үлестірген, істі болған шенділердің кесірі енді әупірімдеп күн көріп отырған қарапайым халықты сан соқтырып отыр. Өтемақы дәметіп жүрген Решет Қалибекте сол кезде береміз деген әкімдіктің уәде сөзін заңдастырып ала ма жоқ па? Егер заңды құжатты болса болса, онда сотқа жүгінуге құқығы бар. Ал уәде ауызша айтылған болса өтемақы туралы «қысыр сыйырдың уызынан» дәметкенмен бірдей болады. Әкімдік алдына жиналғандар арасында көпбалалы ана Әйгерім Жұмаділованың көз жасы етегіне толды. «Әуежай маңынан 2 млн теңгеге жер алып үй салдық. Енді міне соттан шақырту қағазы келіп тұр. Кішкентай баламмен декретте отырмын. Жұмыссызбын. Күйеуім ғана жұмыс істейді. Үйді жаңадан салып жатқанда кетіңдер десе кетер едік. Енді қазір үйдің бәрін бітірдік. Суда, жарықта өз қаражатымызға тартылды. Осы баспананы салу үшін несиеге белшемізден баттық. Бар тапқанымызды несиені жабуға төлеп жатырмыз. Маған енді кет десе, төрт баламмен қайда барамын», – дейді. Әуежай маңына үй салғандардың тағы бірі Жарқын Хасенов: « Біз ешқандай махинация жасаған жоқпыз. Ұрлаған жоқпыз. Сатып алдық. Нотариусқа тіркедік. Бұл мәселе ұшақ құлағаннан кейін басталды. Оған дейін бізді ешкім мазалаған жоқ. Жерлерің заңсыз, әуежайдың маңы деп ешкім бізді тоқтатып тастаған жоқ. Үйдің ішкі жұмыстарын істейік десек, мына жағдайды күтіп тұрмыз. Ертең аяқ асты босат деп тартып алса, трактор келіп сүріп тастаса не істей аламыз», – дейді. Соттан шақытру қағазын алған 14 жер телім иелерінің бар мақсаты – кезінде заңды түрде сатып алған жерлерін қызғыштай қорғау. Ал әкімдіктегілер әуежай маңына 500 метр радиуста ешқандай нысан салуға болмайтынын, болары болып, бояуы сіңіп, ұшақ құлап баспанаға соғылғанда ғана және апат болған кезде жоғарыдан келген комиссия жергілікті әкімдіктегілер заңсыздыққа жол бергенін әшкерелегеннен кейін әрекетке көшкен.

Неге әу баста жер телімін сатып, заңдастырып беріп жүрген шенділерді сол кезде тоқтатпады деп шулаған халықтың сауалы заңды. Алайда «біз ол кезде бұл қызметте болғамыз жоқ, олар тиісті жазасын алды, біз енді заң жүзінде сотқа жүгініп отырмыз» деп ақталады. Әуежай маңына салынған үйлерде есеп жоқ. Тіпті, әуежайдан 100 метр жерге коттедждер салынып тасталғанын көруге болады. Сотқа жүгініп отырған әкімдіктегілердің айтуынша, «Тек 14 жер телімінің иесі ғана сотқа шақырылып қоймайды. Жауапты басқарма өкілдері заң бойынша әуежайдан 500 метр радиуста қандайда бір нысан салуға рұқсат жоқ. Тек қана 14 жер телімінің иелерімен шектелмейміз. Осы талап-арыз қаралған соң, басқа заңсыз жер учаскелеріне шағым түсіретін боламыз. Өйткені олар әуежайдың жұмысына кедергі келтіретіні заңда көрсетілген. Жер учаскілерінің көлемі 5,8 гектар», – деді. Демек, әуежай маңындағы 100 метрге жетпейтін жер теліміне коттедж салғандарға да бір тықыр аянып тұр деген сөз. Қазақта әлімсақтан жер дауы мен жесір дауы бар еді. Бірақ жаңа қоғамда жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жер саудасын қыздырып тұр. Оған білек сыбана кіріскен жергілікті әкімдіктің күнәсі таудан үлкен. Аты шулы Талғар ауданында бірінен кейін бірі істі болған аудан, қала әкімдері пара алудан алдарына жан салмай тұрғаны баршаға аян. Соның бір тармағы жер телімдерін сатудағы ымыраласқандар енді ұлардай шулаған халықтың көз жасына қалып отыр. Сотталған шенділер абақтыдан шығар-ау. Ал «Шақшадай бастары шарадай болған қазіргі әкімдік сотқа жүгіндік бәрін сот шешеді» деп заңға арқа сүйейді. Әттең, әуежай маңына заңсыз баспана салынып жатқанын ертерек неге облыс әкімдігі мен облыстық жер қатынастыры зер салып, әуежай жұмысына кедергі келтіреді деп неге заңға жүгінбеді?? Әгәрәки, ұшақ құламаса жер сау-дасы күні бүгіне дейін жалғаса беруі бек мүмкін еді ғой. Енді әупірімдеп күн көріп жүрген және әуежай маңынан жер телімін сатып алып, баспана салып алғандардың обал-сауабын кім арқалайды?? Ұлардай шулаған халық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұраудан басқа амалдары қалмағанын айтуда. Сонда Президенттің «халықтың үнін тыңдайтын әкімдік жасақтаңдар» деген тапсырмасы қайда қалды? Решет Қалибектің: «Талғар ауданы әкімдігі халықты тыңдайтын емес, халықты қанайтын әкімдік» дегені ащы да болса шындық. Себеп, әуежай маңынан жер телімін сатқандар халықты тонағандар емей, кімдер?

Айтақын МҰХАМАДИ

Бөлісу: