«Өзім де білмей қалдым»

0
1585

«Неге  бұлай? Неге?… Көзімді ашып, қайта   жұмып алып,  жүріп барып,   тоқтай  қалсам  санадағы  осы бір сауалдар жанымды жегідей жеп жүргенін білсең ғой, әпке…Сенің аяқ асты кетіп қалатыныңды кім білген? Мына  сіңліңнің ғана  емес,  үйдегі бала-шағаң мен туыс-бауырдың денсаулығына  жан ұшыра алаңдап жүріп,  бір-ақ күнде жан тапсырғаныңды ойлап кетсем, өзегім өртеніп сала береді. Әркідік «Сені сақтай алмадық қой» деген сөздерімді  іштей жүз, мың мәрте айтамын.  «Жаратқанның берген жасы, дәм-тұзы таусылар күн осы індетпен сабақтасып келген шығар» дегендердің сөзін естіп бұл жай ақталу ғана ма деген ойға қаламын тағы. Мұным  Алланың Құдіретіне  қарсы шыққандығым емес, бірақ  «Сақтансаң сақтаймын» деп айтқан сол Жаратушы емес пе еді? Осы індет басталғалы бері үйден шықпай, оқшауланып жүрген жандардың бірі өзің болып едің. Ақыры осылай боларын, жан тәсілімін аурухана төсегінде жатып тапсыратыныңды кім білген? Аурумен арпалысып жатқан сені дәрігерлердің қолына тапсырған сәтте жазылып кетеді деген үміттің үгіліп қаларын білмей қалғанымыз үшін, кешірші әпкетай! Ұялы телефон арқылы байланысқа шыққан қызыңа да: «Дәрігер – Алладан кейінгі  жәрдемшіміз.  Әлі-ақ, жазылып, қатарға қосылады» деген сөзімнің мәні болмады.  Соңғы минуттарда жездеме  қоңырау   шалып, жағдайыңның нашарлап, дем жетпей жатқаныңды  айтыпсың. Сол сәттегі күйіңді ойлап кетсем  күні бүгінге дейін басым  шыр айналып, кеудемді ащы өксік кернейді.

…Сонау наурыз айынан  бері осы бір  індетке қарсы дайындалып,  мемлекетіміз қыруар  қаржы бөлгені қайда??? Ауруханаларда орын, дәріханаларда дәрі жоқ. Ал, дәрігерден көмек күтіп барған адамдар  аурухана төсегінде жатып  жан тәсілімін тапсырамын деп ойламады да ғой. Жанды жегідей жеген, күрмеуі шешілмей келетін сауал  көп санада…  Ал   жиенімнің  айтқан мына сөзі  тіптен  шырмауықша  шырмап  алды.

«Білесіз бе, қабір басында тұрып іштей анаммен тілдескен едім. Оған «сіздің осылай өліп қалатыныңызды білмедік қой» деген ойымды айтқанмын. Осы бір сәтте құлағыма «Өзім де білмей қалдым ғой» деген үн жетті алыстан. Бастапқыда, бұлай болуы мүмкін емес деп бәрін  жылы жаба салғанмын. Бірақ бұдан кейін де дәл  сол жағдай  тағы қайталана берді. Құдды бір періштелер анамның айтқан сөздерін маған жеткізіп тұрғандай сезілді. Бұл туралы дінде де бар екен. Яғни, аяқ асты өліп,  о дүниелік болған адамдар сөзін періштелер арқылы  жеткізе алатындығы».

…Осы күнге дейінгі жанымды жегідей жеп келген сауалдарым шаш етектен.   Бірақ, «өзім де білмей қалдым» деген  сөз тек  әпкемнің  емес, мына дерттен қапияда көз жұмып, о дүниелік болған  жандардың ішкі жанайқайын жеткізгендей болады да тұрады. Неге?

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ