Сервистік әкімдіктер саны артады

0
2886

 Жыл соңына дейін  облыстың барлық аудан-қалалардына Сервистік әкімдіктер ашылуы тиіс. Әзірге мұндай әкімдіктер облыстың 7 ауданында бар. Бұл туралы  сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері жөніндегі облыстық ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылды, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бүгінгі күні Ақсу, Балқаш, Қарасай, Қаратал, Көксу, Райымбек аудандары мен Талдықорған қаласында сервистік әкімдіктер жұмыс істейді. Оларда қызмет көрсететін мекемелер өкілдерін бір жерге шоғырландыру арқылы қызмет алуды жеңілдетуге мүмкіндік жасалған. Барлық мемлекеттік органның өкілдері Open space әдісімен ашық кабиналарда отырып, келушілерге қызмет көрсетеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Ернар Мақажанов бұл туралы өз пікірін білдіріп, ұсыныс айтты. «Облыс аумағында бүгінгі күні 7 сервистік әкімдік бар. Алайда бұл -республика бойынша төменгі көрсеткіш. Сондықтан осындай әкімдіктердің барлық аудан-қалаларда ашылуына тапсырма беруіңізді сұраймын»,  – деді Е.Мақажанов.

Осыдан бір жарым жыл бұрын республикада алғашқы болып «Сервистік әкімдік» Қаратал ауданында ашылған болатын. Бұл үлгі ретінде көрсетілгенін еске алған облыс әкімі Амандық Баталов: «Барлық аудан-қалаларда Сервистік әкімдіктер ашуды жыл соңына дейін аяқтауымыз керек. Онда қызмет алушылар үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалатын болсын. Мекемелерге кіру шектелген қазіргідей кезеңде әр жерге жүрігіп жүрмей, мемлекеттік қызметтерді бір жерден алатын осындай Сервистік әкімдіктер халыққа аса қажет», – деп атап өтті.

Осындай ашықтық принципіндегі Сервистік әкімдік Іле ауданында ашылады деп күтілуде.

 «АЛАТАУ-АҚПАРАТ»

 


ПІКІР ЖАЗУ