Еріктіде ерліктің үлгісі бар

0
2055

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялап, адамдарға шынайы қолдау көрсету қажеттігін айтқан болатын. Себебі  азаматтық қоғамды нығайтуда қайырымды  жандардың  орны ерекше. Волонтерлік – қоғамға адал қызмет ету екендігін жеткізген мемлекет басшысы: «Мен еліміздің әрбір өңіріне волонтер болуға ниетті азаматтардың көп екеніне сенімдімін. Үкімет оларға қолдау көрсету үшін нақты шараларды қабылдайды. Біз оған зор мән береміз. Алайда «Еріктілер жылы» кезекті науқан емес. Осыны халыққа түсіндіруіміз керек»,– деп баса атап көрсетті.

Елде төтенше жағдай жарияланған кезден  ел Президентінің Үндеуіне үн қосып, індетпен күрес бойынша республика көлемінде ауқымды шаралар қолға алынды. Осы сапта ерекше белсенділік танытқан Алматы облысында жыл басында еріктілердің жалпы саны 1043 адам болса, бүгінде олардың саны 2109-ға жеткен. 2021 жылға қарай өңірдегі еріктілер қатарын 5000 адамға жеткізу жоспарланған.

Жалпы осы күнге дейін 17000 отбасына әлеуметтік көмек көрсетіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілсе, облыс еріктілерінің атсалысуымен 12000 литр антисептик пен 75 813   бетперде тігіліп таратылған.  «Біз біргеміз» деп ұрандатқан республикалық акцияны қолдап, ерікті жастардың басын біріктірген Алматы облысындағы «Мейірімді Жетісу» фронт-кеңсесінің де атқарған істері ауқымды. Аталмыш  фронт-кеңсе  жыл басынан бері республикалық «Біз біргеміз» акциясы аясында 2300-дей  іс-шара  өткізіп, қайырымдылық жұмыстың ұйытқысы болып келеді. Мұнда негізінен әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасылармен жалғызбасты аналар қамтылып, оларға барынша жәрдемдесу басты назарға алынған. Коронавирус инфекциясының анықталуына байланысты карантинге жабылған 20 мыңнан астам тұрғыны бар «Асыл арман» тұрғын үй кешені облыс жастары мен еріктілерінің назарынан тыс қалған жоқ. «Мейірімді Жетісу» еріктілері тұрғын үйдің карантин жағдайында болғанына қарамастан онда оқшауланған азаматтарға бетперде, гигиеналық заттар және азық-түлікпен қамтамасыз етті.

Тек бұл ғана емес, өңір еріктілері су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданына да көмек көрсетуді ұмытпады. Облыстан 15 жүк көлігімен 120 тонна азық-түлік, 140 тонна құрылыс материалдары жеткізіліп, бұған қоса 20-ға жуық ерікті жастар бір апта бойы қалпына келтіру жұмыстарына атсалысты. Олар су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға күніне 50 отбасына азық-түлік және өзге де қажетті заттар жеткізіп отырды.  Бұдан бөлек, қасиетті Рамазан айында ауыз бекіткен жандар үшін 650 адамға арнап ауызашар ұйымдастырылып, атқарылған сауапты істердің сапынан табылды.

Ерікті жастар әр салада қызмет қылса да, ел үшін керек кезінде бір жерге жиналатын ауызбіршілікті көрсетті. Еріктілер сапынан табылған барша қыз-жігіттің  күн-түн демей атқарған еңбегі де еленіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталды. Еңбектері еленгені – жастардың алдағы күндеріне де үлкен жауапкершілік пен құлшыныс тудырды. Көмекке зәру жандарға қолұшын созып, қайырымды істерге әрқашан қолдау танытатын, мемлекет басшысының марапатына ие болған еріктінің бірі – Жансая Смағұлова.

– Әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясы біздің елді де айналып өтпеді. Осындай қиын сәтте біздің Алматы облысының ерікті жастары да мұқтаж жандарға қолұшын беріп, көмек көрсетуден тыс қалмады. Ерікті жастардан құралған тобымыз қиындыққа ұшыраған жандар мен отбасыларға жәрдемдесуді мақсат етіп, жұмыла жұмыс атқардық. Ол еңбегіміз еленіп, Президентіміздің алғыс хатына да ие болып бір марқайып қалдық. Бұл бізге күш-жігер мен ұмтылыс береді. Осы арқылы қанаттанамыз, әлі де талай іс-шараларды ұйымдастырып, атсалысатын боламыз, – дейді ол.

Сонымен, бірге қайырымды істің қасынан табылатын жігерлі жастар Елбасының алғыс хатымен де марапатталды. Бірінен соң бірі келген төтенше жағдайлар кезінде халыққа мейілінше көмек көрсеткен волонтерлар қатарындағы «Жетісу еріктілері» ұйымының төрайымы Жазель Дакубаева да игі істердің бас-қасында жүріп, еріктілік міндетін ерлікпен атқарып жүргенін мақтан тұтады.

– Ерікті болу сізге ешқандай материалдық қажеттілік бермейді. Бірақ сіз оның орнына алғыс аласыз, жақсылыққа кенелесіз. Яғни, осы арқылы адамдар арасында жақсы қарым-қатынастар нығайып, бір-біріне деген бауырмалдық пен мейірімділік сезімі артады. Оған қоса, сіз ерікті болу арқылы сіз үлкен тәжірибе жинақтайсыз. Сол себепті де, қиын шақтарда қолдан келген көмегімен бөлістеін волонтерлардың көбеюі қоғам үшін де өте пайдалы деп ойлаймын,– дейді жас ерікті.   

Ерікті болу – ерлікпен тең. Ел басына күн туған сәтте, өз еркімен жұмыла жұмыс жасап, қайырымдылық шараларына барынша атсалысқан,  қолдан келген көмекті елден аянбаған ерікті жастардың еңбегі ерен. Олардың ерен еңбегі ақталып, азаматтық қоғам дамуында волонтерлар арасындағы белсенділік жаңа деңгейге көтерілетініне сенім де мол. Ерліктің үлгісін көрсетіп жүрген еріктілер қатары толығып, әр қазақстандықтың бойында белсенді өмір сүруге дағды қалыптасса алынбайтын асу жоқ.

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ