Автожолдың сапасы жіті бақылауда

0
2312

ҚР Индустрия және инновациялық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті Жол активтері ұлттық сапа орталығы еліміздегі жол құрылысы, қайта жаңарту және жөндеу жұмыстарын сараптауды жалғастырып келеді. 

Биылғы жарты жылда орталық мамандары  іс-сапарға шығып, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына 3732 инспекциялық тексеру, ал жергілікті жолдардың желісіне 1915 тексеру жасап үлгерген. Нәтижесінде Жол активтері ұлттық сапа орталығының қызметкерлері жол салуда 3,9 мың олқылықты анықтады, жол-құрылыс материалдарының 9 мың сынамасын алып, сынақтан өткізді.

Бұдан бөлек, осы жылдың алғашқы жартыжылдығында жолдардың 2442 шақырымы құралдық диагностикадан, 1457 шақырымы жол учаскелерінің кепілді мониторингінен өткізілді. Еліміздегі пандемияға қарамастан ел игілігі үшін тоқтаусыз жұмыс жүргізіп жатқан жол саласы мамандарының ісін ерлікке баласақ артық болмас.

Биылғы жылы «Нұрлы жол» бағдарламасының 2020-2025- жылдарға арналған жаңа кезеңі қолға алынды. Жоспар бойынша елімізде 9,8 мың шақырымға жететін автокөлік жолына жөндеу жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін 2,6 мың шақырым жолды халық игілігіне тапсыру міндеті тұр.  Айтып отырған «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржыға Алматы облысынан 18 жоба енгізілді. Қазірдің өзінде 5 бағыттағы жол құрылысының қарқыны айтарлықтай. Бұлар: «Талдықорған – Өскемен», «Күрті – Бурылбайтал», «Ұзынағаш – Отар», «Қапшағай – Күрті», «Үшарал – Достық» автожолдары.

Әрине, жол салу үлкен әңгіме. Ал оның сапалы болуы ең маңызды мәселе. Жолдың сапасы өз-өзінен келмейді. Ол үшін табанды да қажырлы, әрі адал және талапқа сай қызмет істеу керектігін әрбір қызметкерден жұмысшыға дейін жауапкершілікпен сезініп атқаруы басты қағида.  Осы орайда жолдың сапалы салынуына ықпал етіп, бақылауда ұстайтын мекеме — «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны. Аталмыш мекеменің Алматы облыстық филиалындағы мамандар еліміздегі карантинге, тіпті демалыс күндеріне қарамастан жұмыс жүргізуде. Олар жол құрылысы қызу жүріп жатқан аймақтарға барып, Жылжымалы жол зертханасында орнатылған диагностика жасайтын бағдарлама арқылы және заманауи құралдармен арнайы тексеру жүргізіп отыр. Соның нәтижесінде біраз олқылықтар мен кемшіліктер дер кезінде анықталып, тапсырыс берушілер мен мердігерлерге хат жолданып,  қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалының мамандары күрделі жөндеу жүріп жатқан «Көкпек – Кеген – Түп – Жалаңаш —  Саты – Құрметті – Көлсай» аралығындағы жолдың сапасын бақылау үшін арнайы сапарға шығып, жол-құрылыс материалдарынан 10 сынама үлгісін алып, зертханалық тексеру жұмыстарын жүргізді. Сол сияқты «Көкпек – Кеген» автожолының 41-53 және 88-99 шақырымында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау мақсатында 6 сынама алынып, мұқият тексеріліп, кемшіліктер анықталды. Сондай-ақ,  «Алматы – Бішкек» автожылының 16 – 19 шақырымындағы жол құрылысы жұмысынан алынған 6 сынама үлгісі талапқа сай болды. Мекеме мамандары «Алматы – Өскемен» автожолын да үнемі бақылауда ұстап отыр. Әрбір іс-сапар кезіндегі көзге ілінген олқылықтар мен сынамадан анықталған кемшіліктер дер кезінде тапсырыс берушілер мен мердігерлерге хатпен жолданып отырады. Осындай қатал талаптан болар, соңғы уақытта жол құрылысына жауапты кәсіпорындар  өз жұмыстарына ширақ қарап, үлкен жауапкершілікпен атқара бастағаны анық байқалады.  Оның үстіне аймақтағы автомобиль жолдарының сапасы мен күтімі мәселесі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің назарында. Олар «Сапалы жол — Адалдық алаңы» жобасы аясында «Жол активтері ұлттық сапа орталығы»  РМК Алматы облыстық филиалының мамандарымен бірлесіп,   облыстық  Полиция департаменті Жол-техникалық инспекциясының қызметкерлері,  БАҚ өкілдері мен блогерлердің қатысуымен аймақтағы жолдарды күту бойынша мониторинг жүргізіп отыр. Бұл шараны алдағы уақытта да жалғастырмақ.

Ақбөпе ЖИЕНҚҰЛОВА

 

 

 


ПІКІР ЖАЗУ