Тәуелсіздік жылдарындағы Ақсу медицинасы

0
1074

ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗГЕ 30 жыл толды.  Бұл  көп мерзім бе,  аз мерзім бе? Тарих үшін, әрине қас қағым сәт. Ал елдің  дамуы тұрғысынан алғанда, бұл  ұзақ  уақыт.  Дегенмен,  еліміздің медицина саласы аяқтан   тұрып қана қоймай,  қарыштай даму кезеңінен өтті. Осы орайда  денсаулықтың күзетшісіне айналған АҚСУ өңірінің медицина саласы да күрделі өзгерістерден өтіп, жемісті жетістіктерге жетті деуге болады.

Өткен межеге қайта айналып  оралсақ,  сонау 1991 жылдарда медицина саласында  адамдарды емдейтін жағдайдың тәуір болмағаны көптің есінде болар. Неге десең,  дәл сол шақтарда дәрі-дәрмек жетіспей,  медициналық құрал-жабдықтар  деген  жоқ  болды.  Денсаулық саласын қаржыландыру жағы да жақсы  болмады. Дей тұрғанмен, біз осы жағдайлардан қалай шықтық?   Елбасының «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы» деген бағдарламасы болды. Ол 1997 жылы қабылданды. Міне, біздің экономиканың,  соның ішінде медицина саласының дамығаны осы стратегиямен тікелей байланысты деуге болады.

Қазір сол стратегияны алып, көз жүгіртіп оқысаңыз жасалған шаруалар мен  онда осы уақытқа дейінгі көрсетілген жоспарлардың барлығы орындалғанын анық аңғарар едіңіз.  Әрине, осы Стратегияны қабылдағанда  қаражат жоқ, жағдай қиын, экономика дағдарыста,  мұны біреулер түсінді,  біреулер түсінбеді, ал енді біреулер оған тіптен  сенбеді де. Бірақ уақыт өте келе стратегияда жазылған құжаттар мен  жоспарлардың  барлығы да шын мәнісінде  іске асты. Қаражат та сол құжатқа сәйкес жұмсалды. Тіпті,  ел астанасының  көшірілуі,  оның одан ары қарайғы дамуы, тіпті басқа облыстарға локомотив болуы  да  Стратегияның,  оны жасап шығарған, жүзеге асуын ұйымдастырған Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаевтың арқасы  деп айтуға болады.

«Қазақстан-2030» Стратегиясы  аясында көптеген мемлекеттік бағдарламалар  қабылданғанын білеміз. Соның ішінде  медицина саласында 30 жылда бес жылдық алты бағдарлама қабылданды. Оның алғашқысы, 1997  жылы «Халық денсаулығы» деген бес жылға арналған бағдарлама. Мұндағы бірінші мақсат медицина саласын бір жүйеге түсіру болды. Одан кейінгі бес жылға арналып жасалған бағдарлама мақсаты –  медицина саласын ары қарай дамыту, реформалау болды.  Үшінші  қабылданған бағдарлама «Саламатты Қазақстан» деп аталды.  Осылайша, мемлекетіміздің  уақытылы қабылдаған  алты бірдей  бағдарламаның арқасында  медицина саласы осындай жетістікке жетті.

ТӘУЕЛСІЗДІК алған  жылдары  Ақсу аудандық денсаулық сақтау саласында  көптеген оң өзгерістер  болды. Мәселен, 1990 жылы  аудан  бойынша   жедел жәрдем көлігінің саны бесеу болса, 2004-2010 жылдарда  тағы  26 көлікпен  қамтамасыз  етілді. 2010 жылы 2 hyundai санитарлық автотранспорты және 1 IVECO реанимобиль алынып,  өңір тұрғындары үшін  қызмет көрсетуде.

Сонымен қатар  2000 жылы  ауданға  қарасты Сағабүйен, Арасан, Қопа, Еңбек, Ащыбулақ елді  мекендеріндегі   жабылып қалған медициналық ғимараттар сатып  алынып, қайта іске қосылды. Елбасы  Н.Назарбаевтың «100 мектеп және 100 аурухана» бағдарламасы  бойынша  Матай  ауылдық  ауруханасы, Суықсай  ауылдық  емханасы,  Қазақстан,  Сағакүрес,  Ақтоған, Егінсу  ауылдарында  жаңадан   медициналық ғимараттар салынды. Мұнымен қоса   Қызылағаш дәрігерлік  амбулаториясының  ғимаратына  күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.

2007-2009 жылдар аралығында   аудандық орталық  ауруханасына күрделі құрылыс  жұмыстары   жүргізілсе,   2011 жылы Арасан, Жаңалық, Қаракөз, Сағабүйен, Көкжайдақ,  Құрақсу,  Көшкентал дәрігерлік амбулаторияларына,   2012 жылы    Қызылту,  2013 жылы Кеңжыра,  Есеболатов,  Ақсу, Ойтоған дәрігерлік амбулаторияларына,  2014-2015 жылдарда    аудандық  орталық  емханасына  күрделі жөндеу жұмыстары жасалды.

2008 жылы  ауруханаға  облыс көлемінде телемедицина  аппаратурасы қосылса, дәл осы жылы  заман талабына сай жаңа үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар алынып,  нәтижесінде  салмағы 500 граммнан  1000 граммға  дейін  туылған   жеті бірдей  шақалақ қатарға қосылды.

Ақсу ауданының кезекті жыл қорытындысына қатысқан сол кездегі әкім Серік Үмбетов, сонымен қатар ауданға  арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының премьер министрі болған К.Масимов  өңірдегі  денсаулық сақтау саласы  жұмысына жоғары  бағаларын берді.

2008-2016 жылдары  «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 25 жас дәрігер, 43 орта буынды  мамандар келді.  Олардың  бәрі де көтерме қаражатпен, тұрғын үйлермен   қамтамасыз етілді.

Медицина   қызметкерлерінің жұмысын жандандыруда  жаңа  технологиялармен  қамтамасыз  етілді. Бұл салаға бөлінер  қаржы  көлемі де жыл сайын арта түсті. Осының  арқасында   халыққа  қызмет  көрсету   сапасы   өсіп, әлеуметтік   маңызы  бар аурулар  көрсеткіші  төмендеді.   Жылдан  жылға   туу көрсеткіші  жоғарылап,  балалар бойынша  өлім-жітім  азайды. Аудан көлемінде  жыл санап   денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық  базасы   нығайтылып,  арнайы    бағдарлама   бойынша  жүйелі  жұмыс  жүргізілуде.

Денің сау болса, дәулет сол

АУДАНДЫҚ денсаулық сақтау  саласының тарихына көз жүгіртсек, өңірде  бірінші болып  1920 жылы Ақсу ауылында фельдшерлік пункт  ашылды.

Ал, 1932-1933 жылдары 25 орындық аудандық аурухана ашылып, науқастарды емдеп, аудан көлемінде емдік профилактикалық жұмыстар атқарылды. Аурухана  жанынан перзентхана ашылып, стационарлық  жағдайда  босануға  мүмкіншілік  туды. Сол тұста  ауылдық  жерлерде аурудың  алдын  алу  шараларын  өткізуге  қосымша  фельдшерлік-акушерлік  пункттер ашылды. 1937-1938 жылдарда   Ақсу  ауданында денсаулық сақтау бөлімі  құрылып, оның  басшысы  алғашқыда   С.Аманбаев болса,  одан кейінгі жылдарда  С.Кикимов  басқарды.  1959 жылдан   бастап  ауданға  Н.Шарипов,  Т.Закарин, И.Абсаткарова сынды  дәрігерлердің  жаңа  толқыны  келді.  Сонымен  қатар  осы   кезеңде  ел игілігі  үшін   рентген, физиотерапевтік  кабинеттер мен  зертхана  ашылды. Мұнымен қоса  туберкулезге қарсы ем қолданатын диспансер пайдалануға берілді. Оның   басшысы болып  Н.Шарипов сайланды. Басшының  белсенді   араласуымен   рентген-флюорографиялық қондырғы орнатылды. Ең алғашқы рентгенолог болып Ю.Маслов, одан  кейін бұл  салада  Б.Имашев  қызмет атқарды.

1964  жылдан   аудан орталығы  Ақсу ауылынан  Жансүгіров  кентіне  көшірілуіне  орай  50 орындық   аудандық  орталық  ауруханасы  ашылды. 1965 жылдан   бастап қосымша бөлінген ғимараттар есебінен аурухана 75 төсектік орынға,  1967 жылдан 100  орындыққа  кеңейтілді. Бұл тұстарда  бас дәрігер қызметін  Т.Закарин  атқарды.  Мұнан кейін басшылық орынға  М.Кенжебаев тағайындалды. Бұдан соң  Н.Ечин, Т.Амирсанин, И.Мырзашев, Г.Кертаева,  А.Жұмагельдин басқарса,  2015 жылдан  басшылық қызметке    А. Балтабаев  келді.

Айта кетейік, әр жылдарда басқарған басшылар тұсында аудандық денсаулық сақтау саласының жұмысы  ақсап қалмады,  керісінше,  алға жылжыды.  Мәселен,  Т.Амирсаниннің  кезінде  орталық емхана ғимараты салынды. Ауданға  жас  маман  дәрігерлер келіп,  жұмыс  атқарды. Орталық  ауруханада жансақтау  бөлімі  ашылып, меңгерушісі болып реаниматолог Т.Керімбаев тағайындалды. Ал,  И.Мырзашев басқарған  кезең денсаулық сақтау саласында өте ауыр жыл болды. Үнемдеу жағдайына байланысты бірталай  штат  қысқартылып, ауруханаларда дәрі-дәрмек, тамақ  тапшылығы орын алды. Тіпті, дәрігерлер 6-7 ай бойы  жалақы алмады  Соған қарамастан медицина қызметкерлері ойдағыдай халыққа қызмет көрсетті. И.Мырзашевтың басқаруымен аурухана ауласы көгалдандырылып, жеке су  құбыры орнатылды. Сондай-ақ, күрделі жөндеу жұмыстары да жүргізілді.

Сол бір қиын кезеңдерде  ауданның медицина саласында елеулі еңбек етіп, халықтың саулығы үшін тер төккен дәрігерлер баршылық. Атап айтсақ, Т.Асанов,  К.Нұрмұханбетова,  Б.Бимолдина,  Б.Раимов,  К.Тлеукенов, Б.Имашев, Б.Құрақбаев, Г.Самарханова,  Р.Рахимбекова,  Ф.Мукашева,    Д.Станова,  И.Ечина, Г.Қалдыбаева, Г.Кузбаева, А.Бакова,  Ж.Тарғын,  А.Кемпірова  тағы басқалар.  Осы орайда  ауданның  денсаулық сақтау саласына сүбелі үлестерін қосып, жемісті еңбек етіп жүрген медицина ардагерлері есімдерін де айтпай  кетпеске  болмас. Олар: А.Жумагельдин, М.Мадалимова, А.Нұргазина, Г.Нұрмағамбетова, З.Нагашбекова, Т.Баулыбаев, С.Фазылжанова, Ф.Мейірманова, Б.Сабырбаева, Н.Төлеуболатова,  К.Рахимова,   В.Есімханова.

«Денің сау болса, дәулет сол»,  – дейді бабаларымыз. Ал Ұлы дәрігер Гиппократ: «Медицина шындығында өнер атаулының ішіндегі ең игісі» деген  болатын. Расында адам жанына арашашы  болғаннан артық игілік жоқ. Антына адалдық танытып, күн сайын ерлікке тең іс атқарып жүрген аудан дәрігерлерінің бұл еңбектері еленбей қалған жоқ. Күн демей, түн демей, халық  денсаулығын жақсарту жолында тер төгіп жүрген аудандағы  абзал жандардың біразы   денсаулық сақтау саласының үздігі атанды. Бұлар  кімдер еді?  Олар: Ә.Жұмагельдин,  И.Мырзашев,  Қ.Нұрмұханбетова, А.Закарина, Г.Кертаева, Ж.Қахарманов, Р.Тәженова, У.Ахметов, Ш.Бактаева,   М.Мадалимова. Мұнымен  қатар аурухана ұжымында Г.Нұрмағанбетова, М.Мадалимова. Д.Иманғалиева, А.Нұрғазина  және Е.Бижігітовтер «Алтын  дәрігер» медалінің  иегері  атанды. Сонымен қатар  Б.Құрымбай,  А.Оралбекова,  Д.Ахметова, А.Жайнарбекова, С.Имангалиев, Ш.Бактаева, Б.Сағымбекова, Г.Садықова, А.Кожахметова, С.Баталов, Д.Иманжанов,  Н.Төлеуболатова, Б.Сейтқожанова, З.Нағашбекова,  А.Смағұлова, Б.Жоланчиев, К.Данабатыров,  К.Қырықбаев, А.Адиманова,  Б.Үгітбекұлы  секілді  білікті де білімді дәрігерлер  де  марапаттан қалыс қалмады.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ішінде  денсаулық сақтау  саласының  жандануы  жолында жас мамандардың да  қосып келетінүлесі зор-ақ. Аудандық аруханада  да халық денсаулығын жақсартуда  еңбектерін сарп етіп келетін   жас дәрігерлер баршылық.  Атап айтқанда,  З.Досымбекқызы, Ж.Есжанов, Ш.Нуруллаев, Ж.Ахметбекова,  Д.Муканова,  К. Найманбек, А.Абибулаева,  Б.Сәбитұлы, Д.Садиева, Г.Болатова, М.Жұмабек, С.Адалбекұлы, М.Саудаев, А.Құрманхан.

Даму жолында

БҮГІНДЕ  аудандық ауруханасының  бөлімшелері мен емхана кабинеттері, ауылдық емханалардың  барлығы  дерлік  компьютерлермен жабдықталып,  орталық ғаламторға қосылды.  Сонымен  бірге  техникалық база да   жаңартылды.  Барлық ауылдық амбулатория  жаңа медициналық автокөліктермен қамтамасыз етілді.  Науқастардың облыс және институт мамандарынан сапалы кеңейтілген кеңес алу үшін арнайы телемедицина  жұмыс істейді. Емханада  УЗИ, ФГДС тексерістері жүргізіліп, 1-17 жас аралығындағы балалар мен жүкті әйелдерге,  йод және темір тапшылығына қарсы дәрілер мемлекет тарапынан тегін беріліп келеді. Мұнымен қоса жүрек-қантамыры сырқаты бар  науқастар үшін  50 пайыздық жеңілдікпен дәрілер беріледі. Жыл сайын 1-17 жас аралындағы балалар, жүрек-қантамыр  ауруымен ауыратындар, емшек безімен жатыр мойын ісігі  ауруының  алдын алу үшін  арнайы тексерістер өткізіліп отырады.

Тағы бір тілге тиек етерлік дүние   орталық  ауруханаға  заманауи  мамо-графиялық  және  флюрографиялық  «AR-Mammo», 12ФК1 «Флюарком» рентген  аппараттары,  біраз  құрылғылар  алынып,  орнатылды. Электрондық  медициниалық  құжаттар  бойынша  емханада  арнайы  бұрыш  ашылып,  тұрғындарға «EGOV» порталын  толықтай  түсіндіру  жұмыстары  атқарылуда.  Жоспарланған  бағдарламамен  медицина  саласына бөлінген  қаржы  ауқымы жылдан-жылға көбейіп, материалдық-техникалық  базасы  жақсы  нығайды, жаңа  технологиялар  кеңінен  енгізілді. Елді  мекендерде жабылып  қалған  медициналық  орындар  қайта  іске  қосылды. Мемлекеттік  «100 аурухана және 100 мектеп»  бағдарламасы іске асуда.

Ел ішіндегі коронавирустың өршуіне  байланысты ауруханада арнайы сүзгі кабинеті ашылды. Осы дерттен  емделіп шыққан науқастар үшін   күндізгі бөлімде 5 науқасты оңалтуға жағдай жасалды. Жаңа медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіліп,  науқастарға барынша қызмет көрсетілуде.

Өздеріңіз жақсы білетіндей, елімізде Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі енгізілді. Бұл халыққа жасалынып жатқан үлкен көмек, сонымен қатар тікелей Мемлекет басшысының бақылауында тұрған бағдарлама. Ал, бағдарлама – еліміздің медицина саласындағы ең ірі бағдарламалардың бірі болып табылады.  Бұл жүйенің ерекшелігі  науқас өзі таңдаған ауруханасына,  дәрігеріне қаралуға  құқылы. Жоспарлы жататын науқастар  порталға тіркелу арқылы  облыстық, республикалық  ауруханаларға орын алып, тиісті уақытта жатып емделе алады.

Бағдарламаны орындау мақсатында үкімет ұзақ мерзімге қыруар қаржы бөлді. Медицина қызметкерлерінің жалақысын көтерді. Мамандығын жетілдіруге жақын және алыс елдердің тәжірибесін игеруге мүмкіндіктер ашылды. Бүгінгі таңда аудан медицинасының жетістігі көп. Мына COVID-19 пандемиясына байланысты медицина саласына және қызметкерлерге көп қаржы бөлініп,   ZOOM,  Vebinar сияқты қашықтықтан сан түрлі тәжірибе алмасу деректері өткізілуде.

Соңғы  жылда   елімізде  енгізілген  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі  бойынша да  ауданда біраз  жұмыс атқарылуда.

МӘМС жүйесі – теңдесі жоқ нағыз демократиялық шешім деп айтуға негізі бар. Осы себепті жылдар бойы қаржы тапшылығынан шешілмеген мәселелер мен  медицина мекемелерінің материалдық проблемалары, халық денсаулығын жақсартудағы бұрын  қолжетімсіз болған дүниелердің  түйіні тарқатылды.

ҚАЗІР  Ақсу  ауданында   халыққа қалтқысыз   қызмет көрсетіп отырған  41  мекеме  бар. Оның ішінде: 1 аудандық аурухана; 2 ауылдық  аурухана (Қапал 25 орын, Матай 20 орын); 14 дәрігерлік амбулатория; 24 медициналық пункт.

Өңір  бойынша  барлығы 195 төсектік тәуліктік стационар және 125  төсектік  күндізгі стационар бар. Жалпы,  аудандық аруханада 738 адам   жұмыс  істейді, оның  73-і дәрігер,  351-і  орта буынды  медбикелер.

2021 жылдың 27 қыркүйектегі 365-ші бұйырғымен Ақсу аудандық орталық ауруханасының директорлық  лауазымына    Мықтыбаева Салтанат Жексембекқызы  тағайындалды.  Медицинада  өзіндік қолтаңбасы, айрықша орны бар білікті дәрігердің  басқаруымен Ақсу аудандық ауруханасы  одан әрі жандана берері  сөзсіз.

Аудан аймағында ат төбеліндей болып, халыққа қалтқысыз адал қызмет етіп келетін  ақ халатты абзал жандарға алғыстан басқа айтар жоқ.

Сарби ӘЙТЕНОВА

 

 


ПІКІР ЖАЗУ