Электронды темекі балалардың ермегіне айналды

0
2078

Қоғамдық орындарда,  көшеде,  мектеп айналасында электронды темекімен жүрген балаларды көргенде жағаңды ұстайсың. Кәмелет жасқа толмаған балалардың бұған әуес болуының себебі неде? Мұны үлгі қылып,  кім насихаттауы  мүмкін деген сұрақтар  сананы сансыратады. 

Қалай дегенмен,  бүгінгі жастар тілімен айтқандағы  жаңа тренд,  осы  – вейп,  айкос, гло болып тұр. Алайда,  мұның адам денсаулығына кәдімгі шылымнан да бетер әсер ететін күшке ие екендігі жеткіншектер  ойына кіріп шықпаса керек-ті.

Еліміздің Денсаулық сақтау министрі шылымды шегу бойынша  соңғы бес жылда жүргізілген мониторингтік  есебін жариялаған болатын. Оған сәйкес, бір реттік шылымды сатып алатын тұтынушылардың көбі 12  мен 16 жас аралығындағы балалар екен. Олардың  қатарында қыздар да бар. Мұны статистикалық  мәліметтерінсіз-ақ  сыртта жүріп,  өз көзіңізбен көре аласыз. Жер жерде қолдарына бір-бір түтікше ұстап алып, аппақ буын будақтатып жүрген жасөспірімдер. Кәдімгі шылымды алмастырып жүрген электронды темекі зиянын тигізбесе, пайдасын әкелмесі хақ. Мектеп жасындағы балалардың зиянды әрекетке әуес болып баратындығына мектеп мұғалімдері де алаңдаулы.

«Қазіргі уақытта мектеп қабырғасында күрделі мәселелердің бірі – оқушылардың электронды темекіге әуестігі болып тұр. Бұған қай жастағы балалар әуес десеңіз: жасөспірім 7-11 сынып оқушылары  қызығушылық танытады. Олардың қазіргі жасында физикалық және психикалық-эмоционалдық тұрғыдан өз-герістер болып, сол сәтте  балаларда  еліктеу пайда болады. Мінез-құлықтары өзгереді. Өздерін үлкен сезінгісі келіп тұрады. Осылайша, электронды темекіні тұтынып  жүрген бала  бірте-бірте оған тәуелді болып қалады. Одан кейін ақырындап  кәдімгі  шылымға әуестенуі де мүмкін. Бұл  мәселе бойынша  ұстаздар мен ата-аналар балалармен көп жұмыс жасауы тиіс  деп есептеймін. Олардың жасында тез ашушаңдыққа салыну,  еркелік басым болады. Бір жағынан күнделікті ұстап жүрген ұялы телефоннан да талай бәле келіп жатыр. Ол да психикаға үлкен әсер етеді. Ермек көріп ойнап жатқан ойындарына дейін атыс-шабыс. Олардың небір қызылды-жасылды еліктіргіш зат көрсе елігетін уақыттары осы шақ. Осы тұрғыда  ата-аналардың бір кінәсі баласымен көп сөйлеспеуі. Керісінше, кейбірі балаларына  «бар,  теледидар көрші», «телефоныңды  ал да,  ойыныңды ойнашы» деп жатады.  Ата-анадан жылулық, дұрыс тәрбие көрмеген бала не істейді? Айналасындағылардың істеген ісіне қызығып, соны  қайталайды.  Тіпті,  ата-аналар  шылымды өздері де тұтынбай,  балаларына үлгі бола білсе, оның зияны туралы сөйлесе алар еді. Отбасы мүшелері балалардың көзінше тым болмаса темекі тартпауы керек. Ұстаздар да мектепте темекісіз саясатты қолданғаны жақсы. Сонда жастарды зиянды әдеттен арылтуға болады. Әкенің мықты тәрбиесі, бір шытқан қабағы, ананың дұрыс ақыл-кеңесінен бала қанша еліктеседе мұндай зиянды әрекеттерге бармауы керек» , – дейді  Талдықорған қаласындағы  №5   мектеп-лицейінің  психологы Айдана Жұмаханова.

Еліктірген, желіктірген…

Бұл орайда  Талдықорған қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Нұргүл Естаева электронды темекіні 8-ші сынып оқитын ұлының сөмкесінен тауып алғанын айтты.

– Ұлымның сабағын қадағалайын деп сөмкесінен қалам алып жатқанда кішкентай, маркерге ұқсас, құтысы бар бір зат тауып алдым.  Жұмыстағы әкесіне суретке түсіріп жібергенімде, оның темекі екенін айтты. Кейін оны лақтырып тастадым да, баламды жақсылап жөнге салдым. Мектептегі ұстаздарына да  айтып, қадағалауларын өтіндім. Мұның баламның сөмкесіне қайдан, кімнен келгені сол күйі жұмбақ болып қалды.  Балаларды тәртіпке салып, қадағаламаса өз беттерімен кетеді. Қазір дүкендерде   бұл зат  ашық  сатылымда екен. Сонда  ақша үшін кәмелеттік жасқа толмаған балаларды осылай улай беріміз керек пе? , – деп  налыды  ол.

Бұл  бір ғана  Нұргүл апайдың  басындағы жайт   емес,  осындай қаншама ата-ана  баласының болашағы  үшін алаңдаулы.

Электронды темекі  жеткіншектерді сырт  пішінімен желіктіріп,  хош иісімен   еліктіруде.. Ал,  жас жеткіншектер өте аңғал. Бүгін әуестік көрген ермектері ертең өмір бойы зардапқа ұрындыратынын түсінбейді, білмейді. Олардың  ағзасы никотинді  тұтынған сайын мұндай зиянды әдеттерге тез үйреніп алады. Бұл дегеніміз қатерлі ісіктің пайда болуына алып келіп, есірткіге тәуелді етуі де әбден мүмкін екенін  айтады мамандар.

– Электронды темекіні тартқанда жасөспірімдердің жадысы қатты зақымданады. Сондай-ақ, қозғалыстағы реакцияны бәсеңдетеді, бұлшық ет күші төмендейді, никотиннің әсерінен көру қыртысының патологиясы пайда болады. Сабақ оқу кезінде жылдам шаршағыштық байқалады. Сосын көзде шұбарлану мен қосарлану басталып, ақырында көздің көргіштігі азаяды, түтіннен пайда болған жас ағу, қызару және қабақтың ісуі, көру жүйкесін созылмалы асқынуға әкеп соғады. Сонымен қатар, шылым шегу әсерінен көпшілігінің қалқаншабезінің қызметін белсендендіріп жібереді. Нәтижесінде темекі тартатын балалардың  тамыр соғысы жиілеп,  қызуы артады, шөлдеу, тез ашуланғыштық пайда болады, ұйқысы бұзылады. Электронды темекі қарапайым шылымнан да қауіпті.  Бұдан шығатын жәй ғана бу емес, оған арнайы түрлі хош иістендіргіштерді қосады. Сондай-ақ сұйықтықтың құрамында түрлі химикаттар болады. Мәселен альдегидтер, олар өкпенің қатерлі ісігін тудыруы мүмкін.  Никотин адамның ағзасына енген кезде жүрек қан тамырларына үлкен зиян әкеледі. Мұны дер кезінде шектемесек, жеткіншектердің денсаулығына орасан зор қауіп төндіреді , – дейді облыстық  фтизиопульмонология орталығының пульмонолог дәрігері Ельмира Сейтханова.

«Оқушыларға мүлдем сатпаймын»

Қазір  темекі өнімдерін дүкендерде ашықтан-ашық сатуға арнайы заң бойынша тыйым салынған. Алайда, бұл  заңға бағынған саудагер аз. Әдеттегі темекі сияқты жасырын сатылатын өнімдер дүкен сөрелерінде самсап тұр. Бір қызығы,  бұл тауарлардың  дүкендерде ғана емес,  әлеуметтік желілерде  де саудасы қызып тұр.  Қызылды-жасылды жарнамасы көзді арбайды.  Мәселен,  инстаграмм  әлеуметтік желісі арқылы  электронды шылым сатумен айналысатындардың қарасы көз сүріндіреді.  Бұл қызып жатқан онлайн  сауда Қазақстанның кез келген қаласында бар деуге болады.  Оның құны 2200 теңгеден басталады екен. Тіпті, тапсырыс берушіге аяғын жерге тигізбей  тегін жеткізу қызметі  де  қарастырылған.  Осы тұста біз  әлеуметтік желі арқылы онлайн саудамен айналысып,  вейп, айкос, снюс сатып жүрген  саудагердің өзімен де тілдесіп көрдік. Сатушы сөзінше,   жарты жылдан бері осындай  бірреттік қолданылатын электронды темекі сатады.  «Паф»  деген атаумен  аталатын шылымды арнайы тапсырыспен алдырады екен.  «Қазір вейп, гло, айкос, снюс жастар арасында өте танымал. Мен бір ай ішінде  электронды темекінің 450-500-ге жуығын өткіземін. Мұның құны 2200 теңгеден басталып,  6000 теңгеге дейін барады. Ол  кем дегенде 3-4 рет шегуге жетеді. Көбіне студенттер алғанымен, арасында  жасөспірімдер де бар.  Алайда,  мен  тек 21 жастан асқан жастарға сатамын. Жеке куәлігіне қарап, жасы 21-ден асса ғана беремін.  Себебі өзімнің де мектепте оқитын 14 жасар інім бар. Әпкесі айналысқандықтан олда дәмін көруге қызығады, иісі күшті ғой деп жаныма келіп алады.  Алайда,  мен оның зиян екенін, мектеп оқушыларына мүлдем қолдануға болмайтынын айтып, тауарлардың жанына мүлдем жолатпаймын»,  –  дейді  шағын кәсіпкер Ақерке Жанмұрат.

Иә, бүгінгі таңда электронды темекі маркетингтің ең тиімді тәсілі болып тұр.

Негізінен шет мемлекеттерден келіп жатқан бұл тауарлардың құрамында залалсыз заттардың жоғына сеніп керек емес. Электрондық темекінің қорабына никотиннің мөлшері азырақ  немесе көбірек деп жазылғанына қарамастан,  олардың құрамындағы никотинның құрамы жоғары екені белгілі. Ал,  түтінсіз снюстің иісін шығару үшін құрамына тағы не қосқаны да жете тексерілмеген.

Әлеуметті әлекке салған…

Бұл синтетикалық індеттен дамыған елдер де зардап шегуде. Вейпингтің кең таралуы АҚШ-та адамдардың өкпесінің зақымдалуына және өліміне әкеліп соқтырды. Коронавирус пандемиясы басталғанға дейін Құрама штаттарда вейп пайдаланғандардың өкпенің ауыр кеселіне шалдығуының 2 500-ден астам оқиғасы тіркеліпті, одан қаншамасы  көз жұмған.

Осыған орай Америка Президенті Дональд Трамп бұл өнімді шектеу ісін қолға алды. Нью-Йорк штаты 2019 жылдың қыркүйегінде бірінші болып, электронды темекілерге тыйым салды. 2020 жылдың басында бүкіл АҚШ-та электронды темекілерді арналған жұпар толтырғыштары бар картридждердің көп түрін сатуға тыйым салынды. Қазіргі уақытта әлемнің 140 елінде темекі шегуді шектейтін заңдар қабылданған. АҚШ бас тартқан, басқа да шет мемлекеттер бас тартқан электронды шылымды неге біздің елге экспорт жасауы керек? Сонда біздің елге қауіп төнсе, төне берсін дегендері ме? Әлде шыныменде біздің жерде сұраныстың өте көптігі ме.

Мамандар пікірінше, шылымның ел экономикасына да тигізіп отырған кері әсері көп. Сондықтан да әлеуметті әлекке салған бұл дерттің өршімеуі үшін шаралар қолданған абзал екенін  айтады.

Расында, мектеп оқушылары, орта және жоғары оқу орындарын қадағалау керек. Тіпті,  ұстаздарға да мектеп айналасында шылым шегуге тыйым салынғаны дұрыс. Дүкендер мен онлайн саудамен айналысатын саудагерлердің кәсібін шектеу қажет. Дені сау, салауатты ұрпақ қалыптастыру үшін қазірден бастап, тиісті шаралар қолға алынуы керек-ақ…

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы»  ҚР кодексіне қол қойған болатын. «Кодекстің 110-бабы 3-ші тармағына сәйкес, «Темекі бұйымдарын шегу, шайнау, иіскеу немесе тұтынудың өзге де тәсілдері үшін, оның ішінде темекіні қыздыруға арналған жүйенің немесе кез келген өзге де құралдың көмегімен пайдаланатындай етіп,  дайындалған шикізат ретінде темекі жапырағынан және оның өсімдігінің басқа да бөліктерінен толық немесе ішінара жасалған өнімдерді қолданбауға бұйырамын»,  –  деп айтқан болатын.  Вейп, снюс, айкос  дегеніңіз – кез келген өзге құралға кіреді.  Ендеше,  оларда әлеумет ортасында емін-еркін ұсынылмауы, пайдаланылмауы  және сатылмауы тиіс.

Арайлым НҰРЖАПАР

 


ПІКІР ЖАЗУ