47 000 бала бірінші сыныпқа барады

0
847

 Енді бір аптадан кейін  күміс қоңырау қағылып, қоңыр күз де  келеді. Білім ұяларының есігі айқара ашылады. Өткен жылы әлемді жаулаған «COVID-19 бен пандемия» індетінің өршуіне байланысты «онлайн»  жүйесіне көшкен білім беру ұйымдары оқу жүйесін шектеу шаралары кезеңінде іске асырған болатын. Жаңа оқу жылы мектептерде жалғасады деген жылы хабар білім алатын түлектер мен ұстаздар қауымы үшін жақсы жаңалық болып тұр. 

Реформа жасаудан рекордтық көрсеткішке жеткен Білім және Ғылым Министрлігінің «екі тізгін, бір шылбырын» қолына алған бас ұстаз Асхат Аймағамбетовке ел де, ұстаздар қауымы да әзірше дән риза. Биылғы оқу жылының басты жаңалығы экс-министр Ерлан Сағадиев құрбандыққа шалып жіберген «Әліппе» оқулығы бастауыш сыныптарға қайта оралды. Жалпы білім саласы туралы алдағы кезеңдерде ұзын сонар мақала жариялайтын боламыз. Әзірге қоржынның аузын буа тұрып, жаңа оқу жылына қатысты, облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың  қатысумен онлайн форматта ұйымдастырылған, облыстық білім басқармасында өткен тамыз кеңесінен қысқаша баяндама ұсынсақ.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін кеңесте облыстық білім басқармасы бастығының міндетін атқарушы   Ж.Сүлейменова баяндама жасады. Ол өз баяндамасында өткен оқу жылының қорытындысын саралап, жаңа оқу жылына қойылған міндеттерді айқындады. 19 пәндік, 31 түрлі бағыттар бойынша тақырыптық алаңдар ұйымдастырылғанын, онда оқу жылының қорытындысы және жаңа оқу жылындағы білім берудің негізгі білім басымдықтары, оқыту мен тәрбиелеудің барлық өзекті мәселелері талқыланып, ұсыныстар берілгенін айтты. Індет өршіген кезеңде білім беруде жіберілген қателіктердің орнын толтыруды көздеген білім басқармасы тиісті шараларды қабылдап жатқанын тілге тиек етті. Баяндамашы мектепке дейінгі білім беру бойынша облыста 1325 ұйым (186 мемлекеттік балабақша, 815 жеке меншік, 324 шағын орталық) жұмыс жасайтынын, мектепке дейінгі біліммен 101,7 мың бала қамтылып, оның ішінде жеке меншік балабақшада — 649 630 бала тәрбиеленіп жатқанын, ағымдағы жылы 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейін 95,4%-ға жыл соңына дейін 99%-ға қамтуды жоспарлағандарын айтты. Орта білім жүйесінде, мек-тептерде оқу санитарлық шек-теулерді сақтай отырып,  штаттық режимде жүргізіліп,  оқыту мерзімі жазғы мектеп есебінен 4 аптаға ұзартылады. Сабақтың ұзақтығы — 45 минут болатын, «Бір сынып — бір кабинет» жүйесі қолданылады  деді. Індеттің өршуіне байланысты бүгінгі күні жалпы педагогтердің  91%, техникалық қызметкерлердің 93% вакцинация алды.

Жаңа оқу жылында 1-сыныпта «Әліппе», «Ана тілі», «Цифрлық сауаттылық» пәндері енгізілді. 1-сынып оқушылары үшін алғашқы қоңырауға арналған «Кел, балалар, оқылық!» салтанатты жиыны ұйымдастырылып,  «Әліппе» оқулығы салтанатты түрде табыс етіледі. Ал, 2-11-сыныптарда Қазақстан Рес-публикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік жетістіктері» та-қырыбында сынып сағаттары өтетінін айтты. Сондай-ақ, аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан  білім алушыларға жалпыға міндетті оқу қорынан мектеп формасын сатып алуға 414  850 млн. теңге қаржы бөлінгенін, білім беру ұйымдарына оқу-әдістемелік кешендерін сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 3,8 млрд. теңге қаражат бөлініп, барлық мектеп оқушылары 100% оқулықпен қамтылғанын баяндады. Әлі күнге дейін елді мекендерде  білім беру ұйымдары жоқ. 66 елді мекенде оқушыларды мектепке және мектептен үйге жеткізу үшін өткен жылы жергілікті бюджеттен  71 автобус (900 млн 052 мың теңге) сатып алынса, Білім және ғылым министрлігіне 43 автобус сатып  алу үшін сұраныс берілгенін мәлімдеді. Тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша студенттердің стипендиясы 25%-ға, оның ішінде педагогикалық мамандықтар бағытында оқитын студенттердің стипендиясы 2 есеге, педагогтардың жалақысы 25-%-ға өсетінін атап өтті.

Жалпы Алматы облысы бойынша 760 мектеп жаңа оқу жылына есігін айқара ашпақ. 9 мектеп күрделі жөндеуден өтуі тиіс болса, соның бесеуі 1-қыркүйекке дейін пайдалануға берілуі керек. Сондай-ақ, жылдан-жылға бастауыш сыныптар саны артуда. Мәселен биылғы оқу жылында 1-сыныпқа ата-аналардан 47000 тапсырыс түскен.

А. ДІНИСЛАМ.

 


ПІКІР ЖАЗУ