АЙБАРДЫҢ АРМАНЫ: ОЛИМПИАДА ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНУ

Соңғы жылдары Қазақ спорты биік белестерді бағындырып, әлемдік аренада спортшыларымыз көк туымызды көкке желбіретті. Әсіресе ауыр атлетика, күрес, бокс, жекпе-жек өнерінің даму қарқыны жоғары. Бұл тұрғыда Олимпиада ойындарында ел қоржынын бірнеше кезек алтынмен толтырған Жетісу тумаларының бәсі жоғары. Күрестен ел намысын қорғаған Нұрбақыт Теңізбаев, Демеу Жадыраев сияқты саңлақтардың ізбасарлары бүгінде үлкенді-кішілі турнилерде топ жарып, болашағынан зор үміт күттіріп жүр. Сондай жас балуанның бірі Айбар Тұрған.

     Айбар жақында Ақмола облысында өткен Қазақстан чемпионатында 2 орын иеленді. Кіл мықты жиналған бәсеке де суырылып шығып алға озу оңайға соқпаған. Әр өңір өзінің «сен тұр мен атайын» деген мықтыларын боз кілемге шығарған. Дегенмен, Жетісудан барған жалынды жас аз ілгері ауырып қалғанына қарамастан қарсыластарына дес бермей финалға дейін жеткен. Тек ақтық мәреде Ақмола тумасына жол беріпті. Бапкерлері мен бірқатар спорт сыншылары жас балуанның болашағына мол сеніммен қарайды. Әзірге, бота тірсек бозбала білікті бапкерден күрестің қыр-сырын үйренуде. Айбарды Қазақстан чемпионатында алған жүлдесімен құттықтап, жаттығу барысын көзбен көріп, алдағы жоспарларымен бөлісіп қайттық.

– Айбар өткен жеңісіңмен құттықтаймыз. Алар асуың мол болсын. Әңгімені күреске қалай келгеніңнен бастасақ?

– Рахмет. Мен өзім Панфилов ауданы, Көктал ауылында туып өстім. Сол жерде білім алдым. Күрес үйірмесіне әкем алып келді. Ол кісі бокс, күрес секілді спорт түрлерін қатты жақсы көреді. Алғашында боксқа бармақ ойым болған, бірақ, бастан көп соққы алатындығын ескерген әкем жібермеді. Сосын Ленұр Барманбеков есімді алғашқы бапкеріме әкеп тапсырды. Сол кісінің қолында үш жылға жуық жаттықтым. Бұл менің жетінші сыныпқа енді көшкен уақытым болатын. Ленұр ағай да бірден бауырына тартып, бар білгенін үйретті. Соның арқасында грек-римнің ережесін, әдіс тәсілдерін үйреніп, осы спортының табалдырығын аттадым.

– Сол барыста аудан көлеміндегі жарыстарға қатысып үлгерген шығарсың?

– Иә, 4 рет аудандық чемпионатта бас жүлдені алдым. Тағы 3-4 мәрте әр түрлі деңгейде жүлделі орынға ие болдым.

– Қазір Талдықорғандағы спорт интернатында оқып жатырсың. Бұл жақта қалай жаттығасың?

– Қазір мені бапкерім Мұхаммед ағай жаттықтырады. Жаттығу барысы әртүрлі, дегенмен бір күннің ішінде екі рет жаттығу өткіземіз. Таңғы жаттығу 9 дан 10 ға дейін болады. Мұнда көбіне дене қыздыру сияқты жеңіл түрлері жасалады. Ал түстен кейін кешенді жаттығу басталады. Оның ұзақтығы әрқалай. Бапкерлер шешеді ғой бәрін. Осы орайда Мұхамет ағайдың жаттықтыру барысының айрықша екенін айта кетуім керек. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші ағай бар білгенін өз шәкірттеріне ыждағаттылықпен үйретуден жалыққан емес. Мен қандай жетістікке жетіп жатсам, ол әуелі Алланың сосын осы Мұхамет ағай мен Ленұр ағайдың арқасы деп айтар едім. Қаншалық ащы тер шыққан сайын жеңіс те жақындай береді. Бұл жердегі балалар да қалыптасқан жаттығу формасы күніне екі рет қана деп отырмайды. Көрдіңіз ғой, мүмкіндінше көп жаттығу жасауға, грек-рим күресінің қыр сырын көбірек білуге тырысады.

– Ақмолада өткен чемпионат туралы айтайықшы, Жеңісті жұлып алуға не кедергі болды?

– Жарысқа қазақстанның түкпір-түкпірінен үкілеген үміттер барды. Өте тартысты өтті. Соның алдында ғана ауырып бабыма келе алмай қалдым. Жаттығуым аз болғандықтан шығар 1 орынды уысымнан шығарып алдым. Дегенмен, ол өкініш емес, алда талай жарыс бар. Жеңіс тұғырынан көрінер сәт те туар. Алдағы мамыр айында Дәулет Тұрлыханов атындағы турнир өтеді. Соған барымды салып дайындалудамын.

– Әңгіме барысында байқап қалдым, грек-рим күресін аса ыждағаттылықпен айтып отырсың. Бұл мамандыққа деген құрмет болар?

– Иә, кімде кім өзі қалаған, өзі кіріскен жұмсына зор ынта білдірсе, оған құрметпен қараса ғана нәтиже бермек. Боз кілем үстінде жүргеніме міне бес жыл. Бұл біреулер үшін аз, әлде көп. Түрлі деңгейде нәтижелерге де қол жеткіздік. Грек-рим мен үшін мақтаныш. Оны алып жүру, жаныңа серік ету- жауапкершілік. Спорттың көптеген түрінде салмақ маңызды рол ойнайды. Мысалы сенен бір қауым ел үміт күтіп отырады, қарсыласыңнан салмағың сәл асса болды, жарыстан шеттетілесің. Бір реткі жаттығуды қалдырудың өзі салмаққа айтарлықтай әсер етеді. Жауапкершілік деп отырғаным осы. Сондықтан грек-рим күресін аса қадір тұтамын.

– Салмақ тастау үшін спортшылар түрлі жаттығулар жасап жатады. Сен мұндайда неге қатты көңіл бөлесің?

– Мен қазір 60 килограм салмақ дәрежесінде күресемін. Негізгі салмағым 62. Жоғарыда да айттым. Спортшы үшін салмақ тастау, оны ұстап тұру аса жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе дұрыс тамақтану маңызды. Бұл үшін арнайы тамақтану режимі сақталады. Ол осыған жауапты адамдар тарапынан арнайы тағайындалады. Кімге қаншалықты ас ішу керек деген сияқты тәртіптер. Біз соны сақтауымыз керек. Әсіресе, жарысқа таяғанда мұқият болу керек. Кейбір адамдар салмақ тастау үшін көп терлеу керек деп ойлайды. Бірақ ол адамды әлсіретеді, күшін азайтады. Бәрі де қадағалауда болуы керек.

– Жарыста жеңісті алған сәтіңде кімдерге алдымен хабарласасың?

– Жеңісті сәтіме алдымен бапкерім куә болады. Сосын әке-шешеме хабарласамын. Олар үйде тақымын қысып менің тілеуімді тілеп отырады. Ең жақын жанкүйер де, сыншы да, сол ата-анам мен бапкерім. Жеңген сәтімде қуанышымды бөліседі, жеңілсем шабыттандырады. Жарыста жіберген кем тұстарымды көрсетіп, келер жолы қайталамауға кеңес береді.

– Қазір грек-римнен жасөспірімдер арасында республикалық, облыстық жарыстарда топ жарып жүрген басқа да спортшылар бар ма?

– Иә, осы интернатта білім алып, тіпті әлемдік жарыстарда жүлделі болып жүрген алдыңғы буын ағаларымыз бар мұнда. Солардың жолын қуған өзіміз сияқты ізбасарлары да көп. Қазір менімен қатар оқып жатқан Мерей Мәулітханов, Исхар Құрбаев, Далабай Әлихан, Абай Серікхазыұлы сияқты бірқатар балаларды айта кетуге болады.

– Биыл интернатты бітіресің, алдағы жоспар қандай?

– Жас болғасын жоспарлар көп. Биыл Қазақтың спорт және туризм академиясына түсуге ниеттеліп отырмын. Бұйыртса біздің ауылдың түлектері Нұрбақыт, Демеу ағалар сияқты ел намысын қорғасам деймін. Басты мақсат әлем біріншіліктері мен олимпиада ғой.

– Сәттілік тілейміз. Сұхбатыңа рахмет!

А.НАЗЫМҰЛЫ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды.

Оқи отырыңыз
post-image
Саясат

ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАУ ҚАЖЕТ

Мұнай бағасының күрт түсуі теңгені тағы  әлсіретті. Соған орай әдетінше азық-түлік бағасы да өсті. Сovid-19 індетінің де бұған айтарлықтай үлесі бар. Экс Бас санитар Жандарбек Бекшиннің «11-16 наурыз аралығында...
post-image
Саясат

«Антикор орталығы»  ашылды

Алматы облысында «Antikor ortalygy» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы сервис орталығы ашылды. Бұл орталық ҚР Сыбайлас жемқорыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жанындағы Open Space форматында жұмыс атқарады.Нысанның...
post-image
Саясат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі

Құрметті отандастар! Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп отыр. Коронавирус індеті дүние жүзін жайлап барады. Бүгінде 177 мемлекетте 800 мыңға жуық адам осы дертке шалдықты. Оны...
post-image
Қоғам

АҒАШТАН ТҮЙІН ТҮЙГЕН

Қазақта «ағаштан түйін түйген» деген керемет  теңеу бар. Он саусағынан өнер тамған нағыз шеберлерге берілетін бұл баға екінің біріне қаратылып айтылмайтыны даусыз. Төзім мен шыдамдылықты серік етіп, қарапайым ағашты...
Тағы қарау