Қатаң қадағалау қажет

0
1478

Мұнай бағасының күрт түсуі теңгені тағы  әлсіретті. Соған орай әдетінше азық-түлік бағасы да өсті. Сovid-19 індетінің де бұған айтарлықтай үлесі бар. Экс Бас санитар Жандарбек Бекшиннің «11-16 наурыз аралығында Қазақстанда коронавирус анықталуы мүмкін» – деген мәлімдемесінен кейін халық азық-түлікті жаппай сатып алуға кіріскен.                            

      «Алатау» қоғамды-саяси газеті осы мәселеге үнемі назар аударып келеді. Өткен сандарымызда жаңа жылдан кейінгі базар бағасының қалай өсіп жатқандығын, әкімшіліктің баға саясатын реттеуге байланысты жұмыс нәтижелерін жазған болатынбыз. Жыл сайын бағаның өспесе төмендемегенін көз көріп келеді. Оны билік өкілдері де жоққа шығармайды. Өткен аптада облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен селекторлық отырыста азық-түлік бағасын бірқалыпты ұстап тұру мәселесі сөз болды. Онда өңір басшысы барлық аудан бойынша азық-түлік бағасына бақылауды күшейтуді, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуді жалғастыруды тапсырған болатын. Аудандарда  осыған сай әкімдік тарапынан баға жіті қадағалануда, ал облыс орталығы Талдықорғанда бағаны тұрақтандыру үшін базарларда жұрт ұдайы тұтынатын туарлар жеңілдетілген бағамен сатылуда. Өткен айдан бастап қала дүкендерінде «Әлеуметтік сөрелер» орнатылғаны белгілі. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын тежеу бойынша ұтымды шаралардың бірі. Айта кетерлігі, тауарлар тұрақтандыру қорының қоймалары және коммуналдық-өндірістік орындары арқылы шығарылады. Наурыз айының соңғы апталарында «Жетісу» ӘКК тұрақтандыру қоры  Талдықорғандағы коммуналдық базарларда ұн (50кг/6500), каротоп (1кг/80тг), пияз (1кг/60тг), күріш (1 кг/ 180тг) өнімдерін сатты. Осының арқасында басқа сауда орындарында аталмыш азықтардың бағасы 20-30 теңгеден аса қойған жоқ.                                                                                                

      «Covid-19» эпидемиясы басталғалы бидай өнімдеріне сұраныс артқан. Керісінше, жеміс-жидек сатушылардың саудасы азайған. Оған шеттен келетін азық-түлік әсіресе, қытай тауарларына қатысты негатив мен әлеуметтік желідегі жағымсыз пікірлер себеп. Халық та дастархан мәзірінен жеміс түрін азайтқан. Той мен қонақ шақыру азайған соң адамдар да жеміс алуға аса құлықты емес. Сатушылар дүкен сөресіндегі тауарларында картоп, сұйық май, күріш, макарон өнімдеріне басымдық бере бастаған.                                                              

      Талдықорған қаласының кәсіпкерлік бөлімі Алматы облысы бойынша кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасымен бірлесе, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 27 наурыздағы №137 «әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы» қаулыны негізге ала отырып әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрі бойынша мониторинг жүргізуде. Нан бағасын тұрақтандыру мақсатында наубайханалар мен «Жетісу» ӘКК арасында  киллограмын 90 теңгеден алуға келісімдер жүргізілген. Нәтижесінде қаладағы төрт жүзден астам дүкенде нан 85-90 тенгеден сатылуада.   

      Бұдан былайғы уақытта жағдай ушығып не осы қалыпта қалатын болса да алаңдауға негіз жоқ. Себебі, қоймаларда азық-түлік қоры жеткілікті. Атап айтар болсақ, 33 мың тонна картоп, 13 мың тонна пияз, 25 мың тоннадай ет өнімі бар. Сондай-ақ өңірде жеміс-жидек пен көкөніс сақтайтын 140 қойма жұмыс істеп тұр. Оларға 173 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері сыяды. Қант пен өсімдік майы да жеткілікті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Ділшат Молотжановтың айтуынша, облыс жұртшылығы сәуір, мамыр айларына дейін көкөніс өнімдерімен толық қамтылған. Әр апта сайын бағаның өсуіне мониторинг жүргізілуде.

      Базардағы сатушылар да өздеріне келетін зат құнының өсе бастағанын айтып отыр, оған қоса бутиктерді жалға алу құны да көтерілген. Айтуларынша зат құны күн сайын болмаса да апта аралап тиындап қосылуда. Тіпті кейбір алыпсатарлар әкімдік тарапы жағынан ұйымдастырылған жәрмеңкеден арзанға алып, базар ортасында ақша қосып сатуға көшкен. Мұндайда жанын жалдап, тісін қайрап, қайтсем пайда табам деп жүрген кәсіпкерлерді кінәлай алмайсың. Базардағы құны аса өсе қоймаған тауар түрі – ет. Бұдан қымбаттатса ешкім алмай қояды деп сатушылардың өзі шынын айтып отыр. Бірақ, мал бағасы да қымбаттап барады. Карантин талаптары күшейсе, ет өндірісі де баяулауы мүмкін. Бұл өз кезегінде еттің де бағасы өседі деген сөз.  

      Экономистер аталмыш індеттің күшеюі немесе мұнай бағасының әлі де төмендеуі теңге құнын әлсіретіп, нарықты шарықтатып жіберуі мүмкін деген болжам айтады. Егер, сондай бола қалған жағдайда азық-түлікке байланысты Үкіметтің нақты шешімі немесе қаулысының қабылданбауы жұрттың алаңдаушылығын туғызуда. Пандемия басталғалы облыста инфляция деңгейі азық-түлік тауарларына – 101,7% (ҚР 101,9%), азық — түлік емес тауарларға – 100,9% (ҚР 100,9%), ақылы қызметтерге — 100,7% (ҚР 100,9%) құраған. Егер, індет жазға немесе күзге қарай тежелмесе, көрсеткіштердің бұдан да кері кетуі бек мүмкін. Онда биліктің қорындағы азық азаяды, жекелеген саудагерлер өз білген бағасын қоя бастайды. Соңында жоғарыдағы жұмыстардың барлығы жеке алыпсатарлардың бағаға ықпалын уақытша азайту үшін ғана жасалған болып шығады.                            

      Базар нарқының күн сайын құбылып, әр дүкенде әр түрлі жоғары бағамен сатылуын болдырмау мақсатында әлеуметтік желіде ерікті топтар пайда бола бастады. Соның бірі «фейсбук» желісіндегі «Баға бақылауда» парақшасы. Қазірдің өзінде онда Алматы облысының кейбір аудандары мен облыс орталығы Талдықорғанда бағаны негізсіз көтеріп отырған сауда орындары  бейнетаспаға  түсірілген. Базардағы бағаны жергілікті билік жоғарыдағыдай шаралар немесе жәрмеңке өткізу арқылы ғана ұстап тұруға қауқарлы. Әйтпесе, мына бағада сатасың деген талапты әркімге барып қоя алмайды. 31 наурыздан бастап Алматы облысы аумағында шектеу шараларын күшейту туралы қаулы қабылданды. Соған орай базарлар мен жәрмеңкелер қызметі де уақытша тоқтады. Осыдан бұрын жергілікті әкімдік коммуналды базарлар мен жәрмеңкелер арқылы бағаны реттеп отырса, бұдан кейінгі жұмыстары қалай жалғасын табатыны белгісіз. Бізде көкөніс өнімдерінің көбіне сырттан келетіні мәлім. Отандық өнімге қарағанда арзан. Енді, сырттан келетін азық түліктерге де шектеу қойылса қапшағайдың қияры мен сарымсағына қол жетпей қалу қаупінің де бар екендігін айта кету керек. Бәсекелестік жоқ жерде бағаның шарықтай беретіні түсінікті жайт. Сонымен бірге Үкімет жұмыссыз қалғандарға 42 мың теңге қаржылай көмек те тағайындады. Шәкіртақы, зейнетақының да көбейетіні мәлім болды. Біздің кәсіпкерлер ендігі кезекте дүкен сөресіндегі дүниесін қымбаттатпаса, арзандатпасы анық. Ал, «Әлеуметтік сөрелерді» орнатуға қаладағы барлық дүкен иелері құлықты деп айтуға тағы келмейді. Биыл ауылшаруашылық дақылдарын егу көлемін ұлғайтамыз деген әкімдер есебіне індет бір жағы қолбайлау болайын деп тұр. Астық аз егіліп, түсім төмен болса,  қиналатын тағы қараша халық. Не десек те, теңге мен індеттің қос бүйірден қысқан уақытында елді аман-сау, ашықтырмай, ашындырмай алып шығу билікте отырған ақ жағалыларға сын болғалы тұр.

А.НАЗЫМҰЛЫ.

Кілтсөздер:ЭКОНОМИКА


ПІКІР ЖАЗУ