Дәл осы өмірімді қайта сүрер едім

678

Ол ойлағанына оңай жетіп, көздегеніне кезіге кеткен адам емес-тін. Бала арманына қол созып, сұлу Көкшеден ару Алматыға көз тастаған бозбаланың алдынан түрлі жағдай тосқауыл болса да,  оны жасытқан емес. Керісінше, асқан ұтқырлықпен, жанына спортты серік ете жүріп, өзі армандаған мамандықтың майталманы болып шыға келді. Сондықтан да болар, мамандығына деген махаббатын мақтанышпен баяндайды.  Біз сөз етіп отырған бозбала 1 мамыр күні мерейлі алпыс жасқа толып, Қазақ телевизиясының ардагері атанып отыр. Осы орайда, «Өлке тынысы» ЖШС-нің директоры Мейрам Базарұлымен сұхбаттасып,  ел ағасымен емен-жарқын әңгіме жүргізудің сәті түскен еді.

– Сұхбатқа дайындық барысында мынадай бір деректі көзім шалды. Журналистика саласын таңдауға әкеңіз қарсы болған екен. Егер әкенің тілін алғанда қазір кім болар едіңіз?

– Жақсы сұрақ… Әкем рұқсат бермеді емес, қорықты. Бурабайдың басында қарапайым ғана отбасында ер жеттім. Әкем – механизатор, шешем – үй шаруасындағы әйел. Алдымда ағам ауылшаруашылық техникумын бітірген. Мен қалаған журналистика мамандығы ол кезде  тек Алматы қаласында ғана бар еді. Баласын 2000 шақырым қашықтықтағы оқуға аттандырып, сағына, сарғая күткенінен, әкем үшін көз алдында, ауыл іргесіндегі техникумда оқығаным тиімдірек еді. Ал, егер сол кезде әкемнің сөзімен жүрер болсам, өзім қатарлас құрдастарым мен сыныптастарым секілді ауылда жүрер едім. Себебі, қазіргі таңда зоотехник, веттехник, агроном мамандар қажет болмай қалды.

– Содан бала арманыңызға бастар баспалдақты қалай таптыңыз?

– Ол кезде бітіруші түлекке мектептен университетке жолдама берілетін. Журналистика факультетіне бармауымның бір себебі әке сөзі болса, екіншісі осы жолдаманың болмауы еді. Факультетке бар болғаны 100 талапкерді ғана қабылдайды екен. Оның 50-і қазақ тобы болса, жартысы орыс тобы. Мектеп қабырғасында жүргенде спортпен шұғылдандым. Әкемнің інісі қамқорлық танытып, спортқа деген қабілетімді көріп, Қарағанды қаласындағы дене шынықтыру институтына оқуға түсірді. Негізі ол жерде оқимын деген жоспарымда болмаған-ды. Десек те, өткенге көз жүгіртіп қарасам, бүгінгі дәрежеге жетуімнің өзі осы спорт институтында оқуымның арқасы екен. Ол кезде спорттың барлық репортаждары орыс тілінде ғана жарияланатын. Қарағандыда қызметте жүргенімде «Лениншіл жас» газеті мен телеарналардың тапсырысы бойынша спорт тақырыбындағы материалдар мен бейнесюжеттер жолдап тұратынмын. Себебі, спортты жетік меңгерген, терминдері мен айла-тәсілдерін жатқа білетін мен үшін спорт тақырыбында жазу қиынға соқпады. 1976 жылғы және 1980 жылғы Олимпиадаларда ауыр атлетикадан жүлдегер атанған спортшылар туралы жаздым. Нәтижесінде, Алматы қаласындағы сол кездегі Қазақ телевизиясына спорт комментаторы болып жұмысқа орналас-тым. 1990 жылдары экономикалық құлдырау болып жатқан тұста, спорттық шараларға қаржы бөлінбей, біздің редакция жабылудың сәл-ақ алдында тұрды. Кейін мені ақпарат бөліміне ауыстырып, сол жерде қызметімді жалғастырдым.

– Ал, бүгінгі спорт журналистеріне деген көзқарасыңыз қалай? Көңіліңіз тола ма?

– Егер, көңілім толмайды десем, өсіп келе жатқан жаңа бір толқынға топырақ шашқаным болар еді. Бәріне бірдей болмаса да, жалпы көңілім толады. «ҚазСпорт» арнасында, республикалық басылымдарда өте сауатты жазып жүрген журналист жігіттер бар. Мәселен, Ғалым Сүлеймен, Есей Жеңісұлы, Мәулен есімді азаматтар бар. Репортажын көріп отырып, материалдарын оқып отырып риза боласың. Сондай-ақ, білімі өте таяз комментаторларды да байқап қаламыз. Ондайда қарның ашады. Несіп Жүнісбаев деген ардагер ағамыз бар, Дүрәлі Дүйсебай,  Мейрамбек Төлепберген сынды азаматтермен кезінде қатар қазақ тілінде репортаж жүргізуді бастағанбыз. Осы күні ойлаймыз, жастарға түрлі мастер класстар мен  кездесулер өткізсек, спорт журналистикасының мектебін қалыптастырсақ па дейміз. Әрине, кереметтей үйретеміз дей алмаймын, десе де қазіргі жаңа буынға бір жол сілтеп жіберу керек секілді.

– Енді кемелденген, ел ағасы атанған шақтағы қызметіңізге оралсақ. Қазақта «Бас болмақ оңай, бастамақ қиын» деген сөз бар ғой. Осы уақытқа дейін журналис-тика саласында да, мемлекеттік қызметте де еңбек сіңірдіңіз. Дей тұрғанмен, ғасыр жасаған қос басылымға басшылық етудің де өз жүгі бар болар?

– Әрине, бұл үлкен жауапкершілік, артылған ауыр жүк. Келесі жылы журналис-тика саласында еңбек еткеніме тура 40 жыл толады. Сол жылдардың басым бөлігі телевизия саласында өтті. Ал, мемлекеттік қызмет деп отырғаныңыз, 5 жыл уақыт Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметінде жасадым. Мемлекеттік қызмет маған көп нәрсені үйретті. Меніңше, журналист  – журналист болмас бұрын осындай қызметтен ысылып, тәжірибе алып шыққаны жөн деп есептеймін. Жүз жылдық тарихы бар осындай облыстық қос басылымның басына келемін деп ойлаған жоқпын. Бүгінгі тілмен айтар болсақ, мен осы газеттердің менеджерімін. Бұл жерде 100 шақты адам қызмет етсе, менің басты міндетім  – әріптестерімнің жақсы жұмыс істеуіне жағдай жасау. Оларды қызметтік көлікпен қамтамасыз ету, жалақылары мен сыйақыларын беру біздің мойнымызда. Тілшілерге қалай жазу-сызу керектігін үйрету  – менің жұмысым емес. Екі газетте екі бас редактор отыр. Оның бірі – «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін, екіншісі  – Қазақстан Халықтар Ассамблеясының мүшесі Атсалим Идигов. Әлбетте, шығармашылық байланыс орнатып, ақылдасамыз. Бәріміздің ойлағанымыз, электрондық басылымның үстемдік етіп тұрған шағында газеттің сапасын түсіріп алмау.

– Онлайн басылым дегеннен шығады… Газеттің өміршеңдігін сақтап қалу кімнің қолында, оқырманның ба, журналистің бе?

– Оқырманның қолында. Бала күнімізде оразамызды ашар-ашпастан газетті таласа-тармаса оқитынбыз. Ал, қазір оқырман азайды. Смартфондағы жеңіл ақпаратты оқып, төрткүл дүниенің жаңалығынан хабардар болып отыр. Бір кездері, қайта құру орнаған тұста Алматыдағы Әуезов театрына жан баласы бармайтын кездер де орын алған. Әртістер жұмыссыз қалғандай болып, қатты қиналды. Сол секілді, оқырман азайса газет қайтіп күн көрмек? Ал бүгінде театрда аншлаг. Барсаңыз, тіпті билет таппай қалуыңыз мүмкін. Сондықтан, болжау айту қиын. Бәлкім, газет күніне 2 рет шығатын күнге жетерміз, бәлкім тираж саны 500 мыңға баратын уақыт келер. Ол уақыт еншісінде. Қалай десек те газет оқитын адам табылады.

– Бүгінде 20 жыл толып отырған «Жетісу» телеарнасында қызмет еттіңіз. Қазіргі жұмысыңызбен салыстырғанда, қай саланы жаныңызға жақын тұтасыз?

– Қазақшалап айтсақ, мен телевизияның жілігін шағып, майын ішкен адаммын. Телеарнаның барлық ішкі тірліктеріне араласып, тәжірибелі маман ретінде жастарға білгенімді айтып, үйретіп жүрдім. Ал, мен атап өткен екі редактор өз саласының жілігін шағып, майын ішкен мамандар. Ол кісілерге менің ақыл айтқаным орынсыздау болар. Біліп жатсам, айтамын. Маған жақыны әрине, көгілдір экран. Осы күні мені «қазақ тележурналистикасының ардагері» деп атайды. Содан-ақ байқауға болар. Телевизия саласы өзіме ыстық.

Аға, енді мамандықты қойып, адамдық турасындағы әңгімеге көшсек. Асқаралы алпыс жасқа толдыңыз. Осы жасыңызға дейін не түйдіңіз: кімнен үйрену керек, неден жирену керек?

– Бұл да бір өте әдемі сұрақ. Өзіңнен өзің үйренуің керек. Үнемі өзіңді тәрбиелеп, қамшылап отыру қажет. «Бір биеден ала да туады, құла да туады» демекші, адамның да жақсы-жаманы болады. Сонда да, адам бойынан жамандықты іздемей, тек жақсы қасиеттерді көруге құштар болу керек. Және сол жақсы қасиетін бойға сіңіре білген жөн. Ал, неден жирену керек десеңіз, өтіріктен аулақ болған жақсы. Басыңды кесіп алса да, шындықты айт. Мен осылай ойлаймын.

– Дінімізде «Егер» деп айтуға болмайды деседі. Дегенмен, жастарға сабақ болсын деген ниетпен осы сауалды қойғым келіп отыр. Өткенге көз тастағанда, нені өзгертер едіңіз, нені өзгеріссіз қалдырар едіңіз?

– Ештеңе өзгертпес едім. Дәл осы баспалдақтармен келіп, дәл осы өмірді қайта сүруге бармын. Мен де өздеріңдей жас маман болдым. Бастықтарға ренжитін сәттер көп болатын. Сол кезде «Мен бастық болсам, мен осылай жасар едім» дегенді көп айтатынмын. Қазір сол кездегі ойымды жүзеге асырудамын. Жай ғана, ұсақ-түйек мәселелер төңірегіндегі мысал келтірер болсам, адамның басына неше түрлі іс түседі. Кейде шұғыл жағдай болса, басшылықтан сұрануға тура келеді. Жұмыс сен кетсең тоқтап қалмайды. Ондай кездерде сөзге келмей, әріптестеріме «Бір күн аздық етпей ме, екі күнге барып кел» деп рұқсатымды беремін. Кейбіреулерге аяқ асты қаржылай аванс қажет болады. Қолдан келіп тұрса, неге жәрдем етпеске? Бұның бәрі ұсақ-түйек дүние. Дегенмен, осы ұсақ-түйекке бола бастыққа деген құрметті, адамға деген сенімді жоғалтып алуға болады. Басшы бола тұрып, қол астымдағылардың қолдан келіп тұрған жағдайын шешіп бере алмасам, басшы болғаннан не қайыр?

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Д.БЕРЕКЕТ.

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ