Қиыншылықтың артында қуаныш бар

0
1601

Бүгінде төртінші тоқсанды   барлық   мектеп   қашықтықтан оқытып бастады. Еліміз бойынша оқудың бұл формасы алғаш рет қолданылуда.    

     ҚР Білім және ғылым вице-министр Шолпан Каринова қашықтықтан оқудың аралық көрсеткіштері атты онайн мәлімдемесінде:  «1 млн-ға жуық оқушы  таңертеңгі 9.00-ден 14.30-ға дейін «Балапан» және «Еларна» телеарналары арқылы білім алуда. Бастауыш пен 9-сыныпқа дейінгі оқушылар таңертеңгілік оқыса, жоғары сынып оқушылары түстен кейін оқитын болады. Телеарнада көрсетілетін бағдарламалардың кестелері алдын-ала таратылды. Соған сәйкес әр сынып өзіне арналған бейне сабақтармен танысады. Мектептегідей қатып қалған қағида жоқ. Әр мұғалімге шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік берудеміз. Оқушыларға эмоционалдық жағдай жасап, кері байланыс жасаулары қажет», – деді. Сондай-ақ,  берілген  10 минуттық сабақта балалар керекті ақпаратты алып, әрі қарай мұғалімдермен тікелей байланыс жасауы қажет. Телеарналардағы болатын 10 минуттық сабақта тек қана түсіндіру жұмыстары жүреді.  Әлбетте,  оқушылар қалыпты жағдайда 40 минуттық сабаққа үйреніп қалған. Басында қысқа мерзімді түсінбей қиналатыны белгілі. Сондықтан мұғалімдер 10 минуттық сабақтан соң балаларға онлайн шығып, түсінбеген жерлерін толықтырып, тапсырмаларды орындауларына көмектесуге әбден болады. Оған ешкім шектеу қоймайтындығын, осы тұста   ата-аналардың оқушыларға деген қолдауын да атап өтті.  

     Алғаш рет жүзеге асырған жүйенің кемшіліктері де жоқ емес. Бұл орайда  елімізге белгілі ғалым, ағарту саласының үздігі Асқар Жұмаділдаев «Алматы» арнасына  берген сұхбатында   алғашқы аптада мұғалім де, ата-ана мен бала да қиналуы мүмкін.  Дей тұрғанмен,  қиыншылықтың артында қуаныш бар. Әлемде барлығы сандық жүйеге ауысып жатқандықтан, қашықтықтан оқудың берері көп. Сондықтан заман талабына сай өзгеру бүгінгі күннің басты талабы екенін айтты. Академиктің сөзінше мұндай проблема дүние жүзінде бар.  «Германияның өзін алатын болсаңыз, олар да интернеттің қиыншылығын байқады. Көп жерде компьютер жоғын байқады. Алпауыт ел, технологиясы дамыған. Соның өзінде проблема бар. Демек, ондай проблема бізде де болады. Ондай проблема Америкада, Қытайда бар. Мынау көршілерді қараңыз. Өзбектер көшіп жатыр. Американы айтпай-ақ қояйық. Франция, Еуропаны айтпай-ақ қояйық. Демек, бұл көштен біздің қалып қойғанымыз ұят болады», – дейді ол.  

     Дей тұрғанмен, оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар өзгеше оқуға көшкен 4-тоқсанның алғашқы күнін қалай бастады? Ұстаздар қауымы төртінші тоқсан бұрын соңды қолданыста болмаған форматта басталған соң, қобалжу болғанын жасырмады. Бірақ  оқудың алғашқы күні-ақ бар қорқыныш сейілген. Ал, ұстаз бен ата-ана, шәкірт бірлесе жұмыс жасаған кезде, олқылықтың орны  тез толары  анық.

      «Қашықтықтан оқуды бастадық. Әрине, басында қобалжу болғанын жасыра алмаймыз.  Қазіргі таңда оқушылардың жіберген ақ тілегі, ата-аналардың ақ жарма ұсынысы мен пікірі ұстаздар қауымын шабыттандырып отыр. Әрине, кез келген жаңа бастамада кедергілер болары сөзсіз. Десе де, ата-ана, ұстаз үштігі бірлесе отырып, ынтымақтастықта жұмыс жасап, кез келген кедергіні бірлесе жеңеміз деген ойдамыз», – деп ағынан жарылды Талдықорған қаласындағы   №4 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Мадина Серікқазықызы.

      Бұл тұрғыда оқушылар да қашықтықтан оқыту  карантин тәртібін сақтай отырып, үйде білім алуға таптырмас мүмкіндік болғанын айтты. Әрі, қашықтықтан оқу жүйесінің тиімді жағы оқушылар өз бетінше ізденіп, білімдерін өрге қарай шыңдайды. Сондай-ақ, балалар мектепті сағынғанын да  жасырмады.  Білім  табалдырығын аттап ұстаздармен жүздесетін күнді тағатсыздана күтудеміз дейді.

     «Қашықтықтан оқу барлық жағынан тиімді. Үй тапсырмасын электронды түрде жіберу  де қолайлы. Алайда  адамдармен қарым-қатынас жетпейді. Мәселен,  достарыңды көру, бетпе-бет жүздесу… әрі  ұстаздарыңды сағынады екенсің. Бәрі өтіп, мектеппен қауышар күнге тезірек жетейікші» – дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Аружан Манарбекқызы.

      Балаларымен жаңа форматтағы оқу кестесін бірге меңгерген ата-аналар тарапы да жаңа жүйенің арқасында мұғалімнің қадірін білгендігін, әрі осындай шақта   балаларының білім алып жатқанына қуанатындықтарын  жеткізді.  Айтуларынша, үйде телефон мен компьютерге телміріп отырғаннан гөрі сабақ оқып, үй тапсырмасын орындау әлдеқайда жақсы болды.

     «Балаларым мектепке бармаса да әдеттегіден ерте тұрып, жауапкершілік танытып, қашықтықтан оқуға бірден кірісіп кетті. Бір аптаның ішінде жүргізген дайындық бойынша  сабақтарын оқыды. Әрине, мұндай тәжірибе алғаш болып тұрған соң, ата-ана ретінде алаңдаушылық туғызса, бір жағынан қызықты болды. Талдықорған қаласының №28 IT мектеп және

     Б. Жолбарысұлы атындағы №18 мектеп мұғалімдері көмегімен  әр күніміз нәтижелі әрі сәтті өтуде. Шынын айтсам, балалармен бірге өзім де қайта білім табалдырығын аттағандай күй кешіп жүрмін.

      Үш баламның үлкені 9 сыныпта, ортаншысы 5 сыныпта, кішісі 2 сыныпта оқиды. Екеуі ересек болғандықтан,  2 сыныпта оқитын балама көмектесіп, бағыт берудемін. Балаларым сабақтарын толықтай меңгеріп, өз бетінше ізденіп, тапсырмаларды орындауда. Оларға жаңа оқу жүйесі ұнады. Дәл осы шақта мұғалімнің қадірін одан сайын  білетін болдық», – дейді қала тұрғыны Майгүл  Ибраева. 

      Алматы облыстық  білім басқармасы берген  мәліметінше, өңір бойынша 760 мектеп толықтай қашықтықтан оқытуға кірісті.  Мектеп оқушыларының 55 пайызы интернет платформалары арқылы, қалған 45 пайызы телеарналар арқылы  оқытылуда.

     Қалай десек те, талай қиындықты бастан кешкен,  «тал бесіктен жер бесікке дейін ілім алуды» айтып кеткен бабалар  өсиеті қандай қиын жағдайда да тоқтамаса керек-ті.  Маңыздысы індет кезіндегі карантин ережелерін сақтап, үйден шықпасақ, мектеп қабырғасына оралар күн  де алыс емес. 

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

 

 

 

 

Кілтсөздер:БІЛІМ


ПІКІР ЖАЗУ