Көз жасын көлдеткен көпбалалы аналар

626

Айдың күннің аманында бес бірдей баласынан айырылған ата-ананың мұңы мен шерін тілмен айтып жеткізу қиын, әрине. Өзекті өртеп, өксікті ұлғайтқан тілсіз жауға, жағдайы келіспеген күн көріс қамымен көрінгеннің босағасын сығалап, қауіпті жерлерде өмір сүріп жатқан отбасылардың, оның ішінде көпбалалы жанұялардың жан-жарасын кім емдейді? Бір үйден бес баланың бақилық болуы, қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды.

Біздің қоғамда көп балалы отбасыларға жасалған жағдайдың қай дәрежеде екенін төтенше жағдай болмаса, Үкімет те, Министрлік те көзді жұмып жүре беретін бе еді. Қоғам дүрлігіп, аналар ұлардай шулағанда болары болып, бояуы сіңгенде, ұйқылы-ояу отырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова селк етті. Себеп: қоғам дүрлікті. Осы біздің үкіметте, жергілікті билікте өздері біліп, елдің ахуалын шешкен емес. Міндетті түрде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оларға бағдарлама жасап беріп, ауыздарына шайнап нан салып бергенде ғана қыбырлайды. Оның айғағы, Астанадағы Сарыарқа ауданында өрттен кейін Елбасы көпбалалы отбасыларды қолдайтын жұмыс тобын құруды үкіметке тапсырғанда ғана Әбілқасымова ханым мен оның сарбаздары көп балалы отбасылар жайлы толғана бастады. Неге олар Елбасыдан бұрын осындай ұсыныспен Үкіметке, Президентке шықпады. Өрт болмаса, бес бала отқа оранбаса, көп балалы аналар назардан тыс қала беруі керек пе? Қазақтың санын көбейтіп жатқандарды қолдап, қорғаудың орнына неге қорлаймыз. Жергілікті биліктегі әкім қаралар да көп балалы аналарға немқұрайлы қарады. «Баға алмайтын болсаңдар, баспаналарың жоқ болса, неге бала табасыңдар, біз заң аясынан аса алмаймыз», – дегеніне шулаған алтын алқа иелері бүкіл ақпарат құралдарына жүгінді. Бұл Алматы облысының Талдықорған қаласында болған көпбалалы аналардың өткен жылғы бас көтеріп, алтын алқаларынан бас тартпақ болған оқиға. Әлеуметтік жағдай болмаған жерде, азыптозып, бала-шағаларын шұбыртып жүріп үй кезектерінің жылжымай, созбалаңға салынуы, «Құрқылтайдың ұясындай жерде, балапандарымен бірге түнеп, лайықты жәрдемақыға да қол жеткізе алмаған аналардың көңілдері әлі алаңдаулы. Соның бірі алты баланың анасы Гүлсім Әбілмажинова жергілікті биліктен көңілі суып, Елбасыдан көмек сұрап жүр. Міне біздің қоғамдағы, жергілікті биліктегі шендішекпенділердің көп балалы аналарға деген құрметінің қандай деңгейде екенін көруге болады. Өздері біліп, өздері ұсыныс жасап, демеушілерді тартып, әлеуметтік тұрмысы өте нашар, әрі төрт-бес балалы отбасыларға лайықты баспана салдырып қолдаса, олар алғыс пен сауаптың астында қалар еді. Бірақ, олар «дайын асқа тік қасық» салып, «Бағдарлама аясында, заң шеңберінде ғана жұмыс жасаймыз», – дейді. Алайда, бұған көпбалалы аналар мен үй кезегінде ұзақ мерзімде кезекте тұрғандардың өз айтарлары бар. Олар: «Кезегіміз жылжымады, әкімдіктің табалдырығын тоздырып болдық», – дейді. Міне, соның аяғы көрінгеннің босағасында жүріп, тілсіз жаудың құрбаны болған, Астана қаласы Сарыарқа ауданындағы бес өркеннің өртенуінен көруге болады. Тек Астанада ғана емес, Солтүстік Қазақстан облысында баласын өрттен құтқармақ болған әке ажал құшты. Қызылорда облысында өрттен үш баласы қайтыс болған ананың жанайқайын қайда қоямыз. Бейбіт күнде аналар неге балапандарынан айрылып, аңырап жүр? 2014 жылы қараша айында Талдықорған қаласындағы Шығыс ауданында газ баллоны жарылып, 7 адам қайтыс болған-ды. Бесінші шағын ауданында да қауіпсіздік шаралары сақталмай адам шығыны орын алған. Құдай да «Сақтанғанды сақтаймын», – деген ғой. Саяжайлар мен көрінгеннің босағасын жағалап жүргендер қауіпсіздікке көзді жұмып баратыны айдан анық қой. Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінің берген мәліметіне сүйенсек, өткен жылы 1699 өрт оқиғасы болса, оның 1165-і жеке тұрғын үй секторларында болыпты.

Айтақын МҰХАМАДИ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ