Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күнін тойлағанымыз дұрыс па?

0
5289

Шынайы махаббат символдары – Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Еңлік пен Кебек, Төлеген мен Қыз Жібек сынды ұлтымыздың нағыз махаббат қаһармандарын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында 15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні ретінде аталып келеді. Әрі бұл мерекенің дүниеге келуі жастарымызға 14 ақпандағы «Валентин» күнін ұмыттырудың бір амалы болса керек. Өйткені ғашықтарымыздың әлі күнге дейін ұлтымызға жат осы бір бөгде мерекені жанталасып тойлап жататыны жасырын емес. Дегенмен бұл күнді бір топ «Валентин» күнінің сарқыншағы деп біліп, әлі күнге дейін мереке қатарына қоспай жүрсе, енді бірі қазақи сипатты арттырып, ұтымды тойлауымыз керек дейді.

Бейбіт Дәулетханова, зейнеткер:

Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнін тойлауға қарсы емеспін. Себебі, жастардың «Валентин» күнін тойлағанынан гөрі өзіміздің ғашықтар күнін атап өткені әлдеқайда дұрыс деп ойлаймын. Жастарға «Валентин» күнінің шығу тарихын айтып, жирендіріп, түсіндіре жүрейік.

Арман ӘУБӘКІР, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің директоры:

Менің түсінігімде, махаббат күні Наурыз мейрамына қарсы тойланған сияқты. Себебі, бұл уақытта жігіттер «селт еткізер» сыйлап, қыздар «ұйқыашар» әзірлеген.

Бүгінде жастар жағы Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнін тойлаймыз десе қарсы емеспін. Бірақ, ол өзінің ұлттық бояуына, ұлттық ерекшелігіне сай тойланса деймін. Өкінішке орай, өткенде бір шараға қатысып, қазақы нақышты көре алмадым. Осы шараға қарап, бұл мереке жас-тарды одан сайын еліктіріп, желіктіріп, мәнсіз мерекелердің біріне айналар жайы бар ма деп қалдым. Сондықтан бұл жерде біріншіден, мерекенің мәні мен мағынасын айқындау керек. Яғни, өзіміздің ұлттық әндеріміз бен күйіміз шырқалып, ұлттық тағам әзірленіп, ұлттық ойындар ойнатылып, ұлттық бояулар нақышталса, еш сөкеттік көрмей, қайта қолдаған болар едік. Жастар қалай да осы мерекені өткіземіз десе, онда біздің ұсыныс осы болмақ.

Мөлдір Қуандық, қала тұрғыны:

Бұл мереке «Валентин» күнін алмастыру мақсатында шыққан. Тарихымыз бен әдебиетімізге барлау жасасақ, ғашықтар көп болған. Қай-қайсысын алсақ та өзінің дастандары бар. Бірақ та, біздің менталитемізді ескере отырып, ғашықтар күнін тойлауды аса дұрыс деп ойламаймын. Ол тойлауды қажет ететін дүние емес. Ғашықтар бір-біріне деген ілтипатын нақты бір күні емес, күн сайын білдіру керек. «Ғашықтар» күні дегеннің өзі әбес естіледі.

Анар МҰХАМЕДИЯР, студент.

Әрине болады. Қозы мен Баян, Еңілік пен Кебек, Ләйлі мен Мәжнүн сияқты ғашықтар қазақ жастарына үлгі боларлық. Ажырасу көп бұл заманда сертке, жарға, махаббатқа адал болуды үйретудің артығы жоқ деп есептеймін. Тамаша мезгілде ең тәтті сезім махаббаты ұлықтағаннан жаман қылық көріп тұрған жоқпын. Тек ұлттық құндылықтарымызбен астастыра түс-сек нұр үстіне нұр болар еді.

Кешегі көрініс. Ал тарихқа үңілсек, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу – қазақ халқының лиро-эпикалық поэмасының кейіпкерлері. Жырдың нұсқалары көп. Соның бірі төмендегідей.

Жыр Сарыбай мен Қарабайдың аң аулай жүріп құда болып, Қозы мен Баянды күні бұрын атастыруынан басталады. Аң аулап жүріп, ұлды болғанын естіген Сарыбай, баласын көре алмай қаза табады. Атастырылып қойған Қозы мен Баян, жүздерін көрмегенімен бір-біріне ғашық болады. Уақыт өте келе сараң Қарабай қызын жетім ұлға бергісі келмей, бір кезде отарын жұттан құтқарған, жергілікті палуан Қодарға ұзатпақшы болады. Қос ғашықтың арасына тосқауыл болған Қодар, айласын асырып, зұлымдықпен Қозының басын алады. Қайғыдан қабырғасы қайысқан Баян, өш алу үшін қулыққа көшеді. Ол Қодарға өзіне құдықтан су алып берсе, күйеуге шығатынын айтады. Алданған Қодар Баянның шашынан ұстап, құдықтың түбіне түсе бергенде, айлакер қыз бұрымын кесіп тастайды: Қодар түпсіз тұңғиыққа құлап қаза табады. Сөйтіп Қозының кегі қайтарылады. Батыр қыз ғашығының күмбезіне келіп, өзіне қанжар салып қол жұмсайды.

Қос ғашық дүниеқоңыздық пен көре алмаушылықтың құрбаны болып, өле-өлгенше бір-біріне деген нәзік сезімдерін сақтай білген. Сондықтан да ұлы сезімнің шырқау шыңына көтерілген, сезімге адал, сертке берік Қозы Көрпеш пен Баян сұлу шынайы махаббаттың символы іспетті. Әлкей Марғұлан «Мәңгілік жыр» деп атаған бұл жыр – қазақ халқының төбеге көтерер мақтанышы, қос жүректің ұраны. Бұл туралы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік универ-ситетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұратбек Иманғазинов: «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» – қазақтың классикалық, маңдай алды лиро-эпостық жыры. Тіпті жырдың кереметтелігіне сүйсінген әлем халқы зерттеу жүргізген. Орыстың ұлы ақыны Александр Пушкин Орал қаласына барғанда жырды жазып алып, «Современник» деген журналға жариялағандығының өзі жырдың құндылығын көрсетеді. Қазақтың біртуар ғалымы Шоқан Уәлиханов та «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырына үлкен мән беріп насихаттаған. Зиратының басына қарып, қарындашпен суретін салып, орыстың зиялы қауымына таныстырған. Қазақтың атақты ғалымдары Шәкір Ыбыраев, Сейіт Қасқабасов, Ақселеу Сейдімбек кезінде жырдың жан-жақты насихатталуына әрі мерейтойдың өтуіне себепкер болған. Бұл жыр – мәңгілік саф мұра», – дейді.

Бүгінгі бейне. Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнін республика көлемінде атап өтуді алғаш рет 1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай ұсынды. Қайраткердің бастамасы көптің көңілінен шыққаны рас, бірақ мерекенің нақты датасы көпке дейін белгіленбей, әр өңір әртүрлі тойлады. Атап айтсақ, Таразда 15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні, Семейде 11 наурыз – Баян күні, тағы бір өңір 19 мамыр – Қозы күні аталсын деп түрлі пікір білдірді.

2011 жылы Алматы әкімдігінің жастар саясаты басқармасы 15 сәуірді – Ұлттық ғашықтар күні ретінде өздерінің ресми шараларының қатарына қосты. Ал 2012 жылы Елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері махаббат күнін қазақтың ұлттық «Ақсүйек» ойынымен жаңғыртып, жастар ойын-сауығын ұйымдастырды. Дәл сол жылы Көкшетаудың ерікті жастары да Қозы мен Баян күнін Тәуелсіздік алаңында атап өтті. Содан бері бұл мейрам махаббат күні ретінде жалпыхалықтық сипатқа ие болмаса да, жыл сайын осы күні еліміздің түкпір-түкпірінде жастар түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жатады. Әрі қос ғашықтың кіршіксіз сезімін дәріптеп, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізге негізделген мерекені тойлайтын жастардың саны біртіндеп артып келеді.

Бір қызығы, Грузия мемлекеті де Ғашықтар күнін 15 сәуірде тойлайды екен.

Мерекеге құндылық қосылмаса…

Бірнеше жыл бұрын 14 ақпан жақындаған сайын көшеде қызыл жүрекшелерден аяқ алып жүру мүмкін болмайтын еді. «Валентин» күнінің тарихы мен ұғымынан бейхабар жастар оны «ғашықтар күніне» айналдырып, түрлі іс-шаралар да ұйымдастыратын. Тіпті, мектептерде кішкене жәшікше қойып, бір-бірін құттықтап, ашықхат (открытка) жинап жарысатын-ды.

Ал жастардың бұл әрекетінің себебі неде деп үңілсек, оның екінші жағы да бар. Ол – жастар арасында махаббат күнінің қажет екенін көрсетіп тұрғандығы. «Жастар үшін махаббат күнінің болғаны керек. «Валентин» күнін тойлағанша, 15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнін атап өтіп, насихаттап, дәстүрге айналдырайық» дейтіндердің қатары көп болуының себебі осы.

Алайда ғашықтар күніне қатысты қоғам пікірі екіге бөлінеді. Біреулер қазақ халқы ежелден-ақ қыз бен жігіт арасындағы сезімді, махаббатты өзгелерге жария қылмай, жасырын ұстаған, сондықтан, оны жалпақ жұртқа жариялайтын арнайы күннің қажеті жоқ дейді. Ал енді біреулер бұл күнді сезімін білдіруге, ұсыныс жасауға таптырмайтын күн деп есептейді. Сондай-ақ, бұл күні қазақтың селтеткізер, ұйқыашар, бастаңғы сияқты дәстүрлерін жаңғырту керек деп біледі.

«Қазақ дәстүрі мен әдебі теңдессіз. Әр салттың, әдептің өз орны бар. Оны ата-бабаларымыз біліп жасаған. Сондықтан махаббат күнін ұлттық танымымызға, салт-дәстүрлерімізге қайшы кел-мейтіндей етіп атап өткен абзал» – деп аға буынның шыр-пыр болуының басты себептеріне зер салайықшы…

Алдымен, «қызға қырық үйден» тыйым жасаған халқымызда бойжеткен өз сезімін бірінші болып сөзбен жеткізбеген. Мұның орнына кестелі орамал сыйлау арқылы білдірсе, ал бозбалалар білезік, жүзік, сырға, моншақ сынды сәндік бұйымдарды ұсынған. «Ұйқыашар», «селтеткізер» деген әдемі дәстүрлер де соның бір көрінісі.

Сонымен қатар аға буынның айғайлап қойдыра алмай жүрген бір дүниесі – жігіттің қыз алдында тізерлеп отырып, жары болуға жасаған ұсынысы дер едік. Қазақ жігіттері тым асығыс шарумен келсе, бата сұрағанда, айыбын төлегенде ғана тізе бүккен. Тіпті, жекпе-жекте жеңіліс тапқан жағдайда «басымды кессең де, тіземді бүктіре алмайсың» деп жауының алдында кішіреймеген. Тізе бүгу – қорлық, бағыну, мойынсұну екенін түсінбейтін бозбалалалардың бүгінгі әрекеттері тағы да тәрбиеге, отбасындағы әке рөліне келіп тіреледі.

Және тарих тереңіне үңілмей, Қозы мен Баянның, Валентиннің кім екенін білмейтін ұрпақтың әлеуметтік желі арқылы суреттер мен түрлі құттықтаулар жіберіп, мерекені тойлап жүрміз деуі көңілге қаншалықты қонымды, дұрыс дүние деп ойлануға мәжбүрміз.

Сөзімізді түйіндесек

Қазақ жастарын 14 ақпан күні өтетін Валентин күнінен алыстатып, санасына өзіміздің ғашықтар күні бар екенін сіңіре білу мақсатында пайда болған мереке әлі де кең көлемде аталмай келеді. Сондықтан да 1999 жылдан бері Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні «Валентин» күнінің алдына шыға алмай-ақ қойды. Кінәлі – өзіміз. Шындығында ел болып іске кіріссек, Валентин күнінен әлдеқашан құтылар ма едік?

Назар аударыңызшы, сіздің ше Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні деген атау сәтті қойылған емес пе? Енді осы әдемі атауды әдемі ұлттық құндылықтармен астастырып, қоғамға сіңіру тағы да өзімізге байланысты. Мерекеге орай оюлы білезік, ұлттық әшекей мен ғашықтарымыз бейнеленген кестелі орамал сыйлауды символға айналдыруға болады. Ұлттық нақыштағы сыйлықтар жасасақ ұтылмас едік.

Қақаған аязда ел болып өзгенің тарихы төмен «Валентин» күнін тойлағанша, тамылжыған көктемде өзіміздің Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнін тойлағанымыз артық емес пе? Сіз қалай ойлайсыз, көзі қарақты оқырман?

Шынар ЖЕҢІСҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ