Тағдырға мойымаған Раушан

564

Қызына  туу туралы  куәлік алу үшін сол кездегі ауыл кеңсесіне  барған Тоқтам  ақсақалға   құжат  реттейтіндер  тегі мен есімін сұрапты. Тегінің  «Қасенова» екендігін, ал  есімін үйдегі анасынан сұрап келейін  деп сыртқа шыққанында   көзі   аулада  өсіп тұрған қып-қызыл гүлге түседі. Содан ішке қайта кіріп «анау  өсіп тұрған гүлдің аты бар ма?» деп сұрайды. Сонда Бексұлтан деген ағай: «ақсақал, бұл роза ғой» депті.   «Роза, позаңды білмеймін, қазақша атауы бар ма» десе,  «раушан гүлі ғой» депті тағы сол Бексұлтан ағай. Онда қызымның есімін  дәл солай  атаймын деп  туу туралы куәлікке  Қасенова Раушан Тоқтамқызы деп жаздырыпты.

      Раушанның анасы Сейілхан апа он бес құрсақ көтеріпті. Оның бесеуі кішкентайында шетінесе,  бір баласы кейініректе көз жұмған екен. Ал Раушан отбасындағы  төрт  ұл мен екі қыздан кейінгі бала. Өзінен  кейін артынан ерген  тағы екі сіңлісі бар.

      Панфилов өңіріндегі  Айдарлы  атты  ауылда дүниеге келген  Раушан бала кезінен үйдің ғана емес, даланың да жұмысына араласып өседі. 

     «Әкемнің баласы болғандықтан, ол кісі маған  үйдегі қара жұмыстың бәрін жасатты. Ол тұста су алу үшін ауыл сыртындағы колонкаға барасың. Әкемнің жанына ілесе жүріп су таситынмын, мал жөндеуге, одан қалса отын жинауға да шығатынмын. Сабақтан келе сала  бірден күнделікті атқаратын шаруама кірісетінмін. Затым қыз болғанымен,  ер баланың жұмысын атқардым. Тоғызыншы сыныпқа дейін  шашымды тақырлап алып тастайтын. Елдің бойжетіп қалған қызы туған күнге барып жүрсе, мен сол баяғы жұмыстың  қамымен  жүретін едім.  Қыз болып киімге, не бір жылтыраққа  қызықпадым. Ата-анамның бір жағына шығысып жүріп, есейдім.  Бесінші сыныпта оқып жүргенімде анам жасап берген бәлішті мектепке апарып, балаларға сататынмын.

     Еңбек –   ерте есейтті. Сегізінші сыныпты бітірген жылы педучилищеге тапсырмақ болғанмын.  Бірақ анам үзілді-кесілді қарсы болды. Содан онжылдықты бітіруіме тура келді…  Бала кездің кәмпиті де ерекше дәмді еді ғой, шіркін. Сол тәттіні жеу үшін әжеміздің жасап жатқан текеметіне көмектесетін едік.

     1989 жылы әкеміздің  артынан ерген Ауған атты жалғыз  бауыры  Қоғалыға  көшіп, оның ізімен біз де сол жаққа  қоныс аудардық. Сөйтіп, сол  жердегі  асханада  жұмыс істеп, арасында   арнайы курс оқып алдым. Бірде анам  Талдықорғанға оқуға түскен сіңлім  Гүлбақытқа барып қайтуымды сұрады. Әрі,  қала маңындағы Кировск (қазіргі Балпық би) ауылында  тұратын кіші әкесінің баласының да үйіне соғып кетуімді  тапсырды. Осылай қалаға жол тарттым. Келген соң   жатақханада тұратын сіңліме жолығып, Балпық биге қатынайтын автобусқа міндім. Көліктің  артқы орындығында  көзі қысық, еңгезердей  қара торы жігіт отыр екен. Мені көре сала, дауыстап: «Қарындас келіңіз, мында отырыңыз» деп бәйек қақты. Содан  әлгі  жерге келіп жайғастым. Ойымда ештеңе жоқ.  Ол менен атымды сұрады, бірақ айтпадым. Осы сәтте жүргізуші Крупскийден ( қазіргі Бақтыбай ауылы) түстіндер бар ма  деп сұрап жатты. Әлгі жігіт  сол ауылдан түсу керек болған ғой. Бірақ менің ізімді аңдып,түспепті. Мұны артынан кейін,  мені алып қашып кеткенде  білдім. Бұл 1991 жылдың мамыр айы болатын. Ол тұста алып қашқан соң үйдегі үлкендер кетіп қалмасын деп  табалдырыққа   жағалы киім яки бас киім қояды. Ал одан аттап  кете алмайсың ғой. Босағаны аттаған соң, кері қайту жоқ. Егер мен қайтып кетсем, ата-анама не деймін деп сол босағада қалдым. Осылай, жиырма сегіз жыл  Құдай қосқан қосағыммен бір шаңырақтың астында өмір кештік. Дәл сол шақ аумалы-төкпелі заман еді. Тұрақты жұмыс жоқ. Кәрістердің бақшасына шығып, жұмыс істедік. Алғашында бір күндік жұмысқа  50 теңге төлейтін, кейін 150 теңгеге дейін көбейтті ғой. Жүкті болып жүрсем де туғанға дейін сол кәрістерде жұмыс істедім. Босанар алдында  перзентханаға бір  өзім  бардым. Ол жерден шыққанда да мені ешкім күтіп алған жоқ, баланы құшақтап үйге келдім. Келген соң күтіну қайда. Әйтеуір бір Алланың қолдауымен жүрдік қой.  
     Шынын айтсам, барған жерімнің тұрмысы  мәз  болмады. Сондықтан, үздіксіз еңбек етуге тура келді.  Араға  екі жыл салып екінші ұлыма жүкті болдым. Енемнің қолында  үш жыл тұрдық. Одан кейін бөлек шықтық.  

     Бірде жолдасым ішіп келіп, қызулықпен  мені  ұрып жіберді.  Аяқтағы етігі  көзіме тиіп, күп болып ісіп кетпесі бар ма.  Әлгіге  шыдай алмаған мен  сол күні-ақ  екі баламды алып, төркініме бет  алдым. Түнгі автобустардың біріне билет алып, ата-анамның үйіне келдім. Екі күн өткен соң  әкем жүзіме қарап тұрып: «Көзіңе не болған» деді. Абайсызда  жарып жатқан отын тиіп кетті деп ақталдым. Бірақ сол шақтағы  әкем айтқан сөз санамда мәңгі жатталып  қалды.

     «Қызым, ішкен ауру, бас ауруы  емес дәрі берсең жазылатын. Алла тағала бір жақсымен бір жаманды қосады. Сені сол отбасына жіберген соң, бізден алған тәрбиеңді ұштастыра жүріп, үйіңнің  береке-бірлігін сақтап, ошағыңның отын өшірме. Ал бізді қызы жаман екен деген атаққа іліндірме. Қаның біздікі болғанымен, сүйегің солардікі» деп қалтама екі бұзаудың ақшасын салып, бір қойын жетектетіп, киім-кешегімізді алып, сөмкемді тамаққа лықа  толтырып, келген жеріңе қайт  деп автобусқа салып жіберді.

      Білесіз бе, тұрмыс құрғалы төркініме барып тұрғаным сол кез ғана. Арада бес жыл өтіп кеткен ғой. Осылай  үйге қайтып келдім де әкем берген он мың теңгені субсидиямен алған  үйдің ақшасын жаптым.  Бірақ   ойымнан  әкем айтқан  сөздер шығар емес. Ойлап кетсем, жанарым жасқа тұнады. Ол кезде  жиырма беске әлі келмеген шағым ғой. Әкем  айтқан сөзге  ренжулі едім. Іштей «не төркініме,не мыналарға керек емеспін, сонда мен кімге керекпін» деп налып отырғанымда, баламның «мама, қарным ашты, қойды «қық»  деші»  деген сөзінен  есімді жиып алдым. Осы балалар деп өмір сүрдім. Ал әкемнің  айтқан сөзі  маған айтқан ақылы екенін  кейін түсіндім. Сол кездегі   үлкендер екі жастың ажырасқанын емес, қайта мәңгі бірге тұрып кетсе  екен деп тілеу тілеген екен ғой» деген Раушан әпкенің сөзі  көп дүниені  аңғартып, ұқтырғандай болды. Ал  өмір жайындағы, анасының тәрбиесі  туралы  біз біле бермейтін, білсек те ескере бермейтін тәлімді әңгімесі бүгінгі қыз-келіншектерге құлаққағыс болса дейсің.

      Күндіз  ұлдың  шаруасын реттеп, түнде анасының  қасына отырып, құрақ құрауды үйренген Раушан  әпкенің бұл тірлігіне таңдай қағып, таңғалмау мүмкін емес. Кір машинадан  қалған суға жүнді салып , аяқпен басып, оны кептіріп, сабауды да  анасы үйретті.  

     «Анамның үнемі айтатын сөзі: «Қыз бала барған жерде бақытты боламын деп емес, барған жерімді бақытты қыламын деп барады». «Ата-ене алдын кесіп өтпеңдер»,  «Атаң жатқан төсекке отырма, ұрпақсыз қаласың», «Еркектің жағасын баспа, қасиеті таяды», «Еркектің аяқ киімін киме, жолы болмайды», «Еркектің бетіне қарап сөйлеме, талақ бет боласың»,  «Еркек даладан келгенде мазасын алма, асын  алдына қой, бос сөзбен басын ауыртпа. Үйге не әкеп береді , соны ұқсат», «Бір сиыр – бір үйдің анасы. Одан сүтіңді ішесің, қаймағыңды, қатығыңды аласың» деп үнемі санамызға сіңіріп өсті. Анамның осы  айтқанымен жүрдік. Келін болғаныма  отыз жылға жуықтады ғой. Әлі күнге енемнің бетіне қарап сөйлеген жан емеспін. Келін боп түскенде жұма сайын жетпіс бір шелпек тарататынмын. Сол дәстүрді үзген емеспін. Ол кезде бүкіл ауылдағы адамдарға үлестіруші едім.  Қазір  де  жұма сайын дастарханымнан жеті шелпекті   үзбеймін.

     …Екі ұлым бар деп айттым ғой.  Үлкенім әлі үйленбеді. Екіншісі жиырма жасында  отбасылы болды. Ол бала кезінен денсаулығы болмай, қазір мемлектетен мүгедектігіне байланысты жәрдемақы алады.

     Құдайға шүкір, келінім бар. Алайда, оған көп жұмысты арта бермеймін. Неге десеңіз Алла алдында берген уәдем бар.  «Келін алсам, мен ішпеген, мен қол жетпеген дүниенің бәрін жасауға тырысып бағамын. Өз қызымдай көремін»  дегенмін. Аллаға шүкір, келінім жаман емес.  «Балаң – өскенше, немерең – өлгенше» демекші,  осы күніме шүкіршілік айтамын»,  – деген  кейіпкеріміздің айтқан әңгімесінен көңіл толқыса,  баспанасыз қалғандағы көрген қиындығын естігенде жанарға жас үйіріліп,  жүрек  сыздады.

     «1998 жылы  сатып алған  үйіміз  өртеніп,  баспанасыз қалдық. Оны қайта қалпына келтіру  үшін  қолда қаражат болмады. Содан ауылдық әкімдікке барып едім, мешітке бар деп жіберді. Мешітке барғанымда  ондағы имам бетіме қарап: «Мұнда  неменеге келдің? Саған қайдағы ақша, күйеуің арақ ішкенше, тапсын» демесі бар ма?! Ештеңенің мәнісін түсінбей келе салғанмын ғой. Имамның айтқан сөзі сүйектен өтті. Шыдай алмадым, өзімнің бетке айтатын тікмінезділігім бар-тұғын.

     «Бұл жалғанда ішпедім деген адам жоқ шығар, сірә да. Мүмкін сіз де ішкен шығарсыз, бір кездері. Ол бір Алла ғана аян.  Сіздің мына айтқаныңыз, жөн сөз болмады.  Мұнда алақан жайып, қайыр сұрап келгенім жоқ» дедім де кірген есігімнен қайта шығып, артыма қарайламастан  кетіп қалдым.

     Түсінгенге, адамды өлтіретін де, өсіретін де сөз емес пе?! Содан  ауылдағы диірменнің қасындағы күзетші қонатын кішігірім склад типтес үй болды.  1999 жылы сол жерге орнықтым. Іші-сыртын, ретке келтіріп, тапжылмай он жылдай тұрдық. Қазақта диірмен, мешіт маңынан үйің болса,  өсіп-өнесің демей ме. Сол айтқандай, әлгі жер маған құт болды. Бір күні түс көрдім. Түсімде Елбасы келіпті деймін. Көп халықтың ішінен маған қарап  жүр, үйге кірейік деп, шығарында қолыма кілт ұстатты. Ояна кетсем, түсім екен. Іштей  бір баспана алармын деп ойлап қойдым. Одан кейін де  тағы екі мәрте түсіме кірді. Бұл жолы  маған тіл қатып: «Аспандағы ай мен жұлдызды көрдің бе. Не нәрсені де   ай мен жұлдыздан тілеу керек» деп тағы да жоқ боп кетті. Осыдан кейін өмірім де кілт өзгерді. Мүгедек баламның атымен тіркеліп қойған үйге кезегім  келіп, баспаналы болдық. Жаңа үйге келген соң ұлым үйленді. Нұролжас, Нұржалғас  атты немерелерім өсіп келеді. Екіншісінің  атын аталары қойып еді. Өкінішке орай, қырық тоғыз жасында өмірден озып кетті.  Алланың басқа салғанына көнуден басқа, амал жоқ қой.

     Жақында ғана келініме ота жасалды. Бұл кезде де бар білген сүрелерімді оқып, жанының аман қалғанын тілеумен өттім Алладан.  «Мына кішкентай қарадомалақтарым, су ішсе де өз  анасының қолынан ішкені жақсы ғой».  Шүкір, Тәңір  тілегімді қабыл етті» деген  Раушан әпкеміз бүгінде үйде қарап жатпай, ауылдық әкімдіктің жұмыспен қамту бөлімінде қызмет етуде.    Р.S. Раушан  әпке  адам өмірін тұңғиық теңіздегі  кемеге  ұқсатады. Толқын дауылдар соғып, кейбір кемені тереңге батырса,  кейбірі толқынмен алып тастарға соғылып, су астына кетіп жатады емес пе? Тек адамы  мықты кеме өз бағытынан жаңылмай, нысанаға алған межеге жете алады. Олай болса, әр адам, жынысына қарамай, өзі таңдаған жолмен, қиындыққа қаймықпай өмір сүре білуі керек.  Бұл – сынақ. Түрлі сынақтардан, төнген бұлттардан соң, шапағын шашып күн шығады» дейді  кейіпкеріміз.  

      …Айналамызда өмір сүріп жатқан əр адамның тағдыры – жазылмаған кітап, түсірілмеген кино іспеттес пе дейсің кейде. Қалай десек те, кез келген сынақтан кейін жеңілдік болатынын естен шығармаған жөн-ау. Ал гүлмен аттас әпкемізге өміріңіз шуақты  күндермен жалғасып, үйіңізден жылылық кетпегей дейміз.  Мерекеңіз құтты болсын, аяулы  жан!

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:
ТегтерКЕЙІПКЕР

ПІКІР ЖАЗУ