Жасырғанның жарасы асқынады

828

Айғай – қатты, нәтиже – сылбыр

Еліміздегі дәрі-дәрмек тапшылығы мен медициналық препараттардың ай сайын қымбаттап, тұрғындардың қалтасын қағуы күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселеге айналды. Дәрі-дәрмектің нарықтағы құнын сараптаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды дәрі-дәрмегі аса қымбат елдердің қатарына қосқан болатын. Өйткені, отанымыздағы дәрі-дәрмектің бағасы басқа мемлекеттермен, мысалы, Шығыс Еуропа және ЕАЭО елдерімен салыстырғанда әлдеқайда қымбат болып шыққан.

Жыл сайын дәрі бағасы қымбаттамайды деп уәдені үйіп-төгіп беріп, халықты алдартқандай болатын билік өкілдері жұмыстарынан әлі де оң нәтиже байқалар емес. Отандық дәрі-дәрмек үлесін арттыру мәселесі талай рет күн тәртібіне қойылғанымен, «баяғы жартас – сол жартас». Соның салдарынан емханаға аяқ баспайтындар саны көбейді деп айтуға болады. Неге дейсіз? Себебі, тексерілу мен емделудің түбі біраз қаржыға келіп тірелетіндіктен енді дертіне дауа іздегендер емхана мен дәріхананың табалдырығын аттауға жүрексінетін болғаны да өтірік емес.

Аяз қысып, күн суытқалы дәрі-дәрмек бағасы тағы да өршуде. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ болған соң ба, дәріхана қожайындары бағаны өздері көтеріп алуда. Бұл өзі жыл сайын үрдіске айналып барады. Қалай десек те, дәрі бағасы бұдан былай қымбаттамаса, төмен түспейтін сыңайлы.

Бүгінгі таңда елімізде 10 мың дәріхана, сегіз мың атаулы дәрі-дәрмек түрлері тіркелген. Оның ішінде көбі Германия, Франция, Ресейден жеткізіледі екен. Негізі дәріхана сөресіндегі өнімдердің 90 пайызы шет елден әкелінеді және доллармен сатып алынады.

Емдік тауардың басым бөлігі шетелден тасымалданатындықтан, доллар қымбаттағалы дәрі құны тіпті аспандап тұр. Дәрі бағасы шарықтады. Ал қарапайым халықтың жағдайы ше? Қалтасы жұқа қараша жұрттың дәрі бағасының шаңына да ілесе алмайды.

Бағасы халыққа жеткенше бірнеше есеге дейін қымбаттайтын дәрі-дәрмек әсіресе қыс басталып, тұмаудың түр-түрі жүретін шақта қараша қауым үшін әдеттегідей жығылғанға жұдырық болуда. Демек, екінші себебі, дәрі бағасы күннен-күнге шарықтауына алыпсатарлардың да үлес мол. Басы ауырып, балтыры сыздағанның бәрі дәрігер жазып берген дәрілерге мұқтаж. Сондықтан дәрі іздеп, қай дәріханада арзандау деп сабылып жүрген халықты көресің.

Айналып келгенде, «өлгің келмесе өзің үшін аласың» деген дәріханадағыларға бақылау жасап, бір жүйеге түспегендігі қараша қауымды ашындырып отыр. Себебі, биліктегілер өткен жылы Оңтүстіктен шығатын дәрі жыл соңына дейін қымбаттамайды дегенімен, дәріханадағы баға әрқалай болды. Біріндегі төмен бағадағы дәрі енді бірінде қымбат, немесе керісінше.

«Дәрі-дәрмек бағасы жөнінде қарапайым тұтынушылар не дейді? Ал денсаулығын оңалтуға тырысқан науқас қымбаттаған дәрі-дәрмекке қалай қол жеткізбек?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрдік. Сонымен…

Дәрі-дәрмектердің бүгінгі бағасы аспандағы қол жетпейтін аймен бірдей. Ал дәріге мұқтаж адамдардың басым бөлігі – зейнеткерлер мен қиын дертке тап болған жандар. «Аурудың жақсысы жоқ, дәрінің тәттісі жоқ» демекші, дәрісіз жүре алмайтын емделушілермен де пікірлестік.

Бейбіт есімді зейнеткер: «Дәріханаға бара қалсақ, қалтамыз айтарлықтай жұқарып қалады. Зейнетақы мен жәрдемақы аздап қана көтерілсе, азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасы еселеп өсуде. Сатушылар ойындағы құнын белгілеп отыр. Сонда бұны реттеп, қадағаласа болмай ма? Қарапайым халық дертіне шипа болар емді қайдан табады? Бұл – өте қиын әрі ұят жағдай», – дейді.

Бүгінде жүріп жатқан тұмаумен көбіне бүлдіршіндер ауруда. Емханада баласын сүйретіп жүрген ата-аналар көп. Солардың бірімен пікірлескенімізде: «Жасыратыны жоқ, дәріханалардағы бағаның құбылмалылығына тұрғындардың еті үйренді. Бір ай бұрын алған дәрінің келесі айда қымбат болуы таң қаларлық жайт емес. Суық тию мен тұмау аурулары белең алатын бұл кезеңде препараттардың бағасы тіпті шарықтап тұр. Алысқа бармай-ақ, тұтынушылар жиі қолданатын тұмауға қарсы дәрілерді алайықшы. Бәрі де қымбаттаған. Мысалы, кеше қызыма алған аз дәрінің бағасының өзі төрт мың теңге болды», – деп жауап берді.

Сонымен бірге соңғы жылдары бағасы былай тұрсын, бірқатар медициналық препарат адамның денсаулығын жақсартудың орнына кері әсерін тигізіп жатқаны да бар екен. Айталық, бірнеше жылдан бері сапасыз вакциналардың салдарынан келеңсіз жағдайлардың орын алуы ата-аналардың жаппай екпеден бас тартуына алып келген-ді. Бұл да – күні бүгін медицинадағы мәселенің бірі.

Әрі мемлекет тарапынан тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі тиіс науқастардың кейбірі дәрісіз қалып, ал сатып алуға қаражат мәселесі қинайтындардың жағдайы да – уақыт күттірмей шешімін табуы тиіс іс.

Аурухана  маңына барғаны-мызда аурухана мен үй ортасында сабылып жүрген халықтың өкпесі қара қазандай екенін байқадық. Олардың көбі «Қазір ауруханаға талонсыз кіргізбейді. Ал талон алу үшін хабарлассақ қабылдау бөлімі телефонын көтермейді. Мың рет хабарластық деп айту аз болар. «Бірің өліп, бірің қалдың» күйін кешуіміз керек пе сонда?» деп шағымданды.

Уақыт – жүйрік десек те, өткен көктемдегі менингококк инфекциясының өршіген шағын ешкім де ұмытпаған болар. Сол уақыттағы екпенің қымбаттығына  халық тағы бір дүрлікті. Тіпті, үрейі ұшқан халық масканы алатындарын біліп, сатушылар бағаны 40-50 теңгеге өсіргенде де бақылау болмап еді…

«Жасырғанның жарасы асқынады» демекші, дәріханалардағы ащы шындық осы.

Түйін:

Медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағасын ұстап тұру туралы арнайы меморандумға қол қойылған. Десе де, жоспар мен жұмыстың айғайы қатты да, нәтижесі – сылбыр. Бұдан туындайтын сұрақ: емделушілерге қымбат дәрі-дәрмектерді сатып алуға итермелейтін дәрігер ме, бюджеттік қаржыны үнемдеп қалуды көздейтін мемлекеттік сатып алулар ма, әлде адамның денсаулығы есебінен баюды көздейтін фармацевтикалық компаниялар ма? Қазір «Ең дұрыс жол – ауырмау. Аурудың алдын алып, күтіну керек. Басқа амал жоқ…» деп отыратын заман емес. Дамимыз, 30 елдің қатарына кіреміз деген халқымыздың басты байлығы – денсаулығына көңіл бөлінбесе, басқасына не қайыр…

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады.

Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс.

Осы және басқа да шараларды іске асыру үшін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа редакциясын әзірлеу қажет», – деді. Президентіміздің осы жолдауын негізге ала отырып, елдегі денсаулық саласына күрделі өзгерістер енгізу аса қажет. Соның бір тармағы дәрі-дәрмек мәселесін бақылау күшеймесе, күйі қашқаны – қашқан. Әйтпесе, халықтың денсаулығының артында тұтас бір ұлттың тағдыры жатыр.

№1 вырезка

Қызылша ауруы қазіргі таңда әлем елдерін біршама абдыратып отыр. Әдетте қараша мен наурыз айларының аралығында өршейтін бұл ауру соңғы жылы күрт көбейіп кетті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, аурудың өршуіне Еуропа өңірінде, оның ішінде елімізбен шекаралас елдердегі қоздырғыш циркуляциясының өсуі себеп екен. Солардан жеткен инфекция дәл қазір бізге қауіп тудырып тұр.

Ең қорқыныштысы, қызыл-шамен ауру қаупі еліміздің барлық аймақтарында асқынуда. Мамандардың өзі аурудың беті қашан қайтатынын айта алмауда.  Тіпті медицина қызметкерлері науқастарға ем-дом жасап жүріп, осы індетті жұқтырыпты.

Еліміз бойынша соңғы үш айда бұл аурумен 770-ке жуық адам ауырған. Бұл турасында «Толығымен ем жүргізу үшін вакцина бар. Тағы  100 мың вакцина сатып аламыз» – дейді Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин.

№2 вырезка

Бүгінде қант диабеті ауруының қарқынды өсуі  әлемдік денсаулық сақтау ұйымдарының жаһандық проблемаларының біріне айналып отыр. Әлемнің 422 миллион тұрғыны осы аурудың құрығына іліккен. Тіпті, бұл дерек екі есеге өсуі мүмкін деген қауіп те бар. Біздің елдегі жағдай да мәз емес. Еліміз бойынша бұл дертпен ауыратын адамдар саны 300 мыңнан жығып артылады. Бұл – ресми есеп. Ал қаралмаған, білмейтін тұрғындар көрсеткішін қоссақ не болмақ?

Мамандардың пікірінше, бұл дертке шалдығу қаупі дәл қазір мейлінше арта түскен. Бұған басты себеп – адамдардың аз қимылдауы, шектен тыс салмақ қосуы, ұн өнімдерін көп пайдалану, майлы және қуырылған тамақтарға көбірек құмарлық, т.б.

Бүкіл әлемде әрбір 10 секунд са-йын қант диабетіне қатысты себептермен 1 адам, ал жылына бұл аурудан 4 миллион адам қайтыс болады екен.

Сондықтан қант диабеті ауруымен мемлекет болып күресу қажет. Оның барлығы соңында дәрі мен қаражатқа келіп тіреледі…

Шынар ЖЕҢІСҚЫЗЫ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ