Тарихын табыс көзі еткен Түркия

Ұлытаудың –ұлы жолы

Сапарымыздың тағы бір ғажайыпқа толы сәті ҰЛЫТАУҒА (Улудаг) баруымыз болды. Бұл жер болашаққа бастаған ұлы жолдай көрінді. Жолбастаушымыз көп жыл бойы Түркияның жетекші тау шаңғысы курорты болып саналатын Улудаг туралы қысқаша айтып өтті. Оның сөзінше, мұнда әлемдегі ең ұзын аспалы жол ашылған. Оның ұзындығы — 8,8 шақырым. Аспалы жол бойынша 1400 метрге дейін жоғары көтеріледі.

Ал Бурсаның өзі теңіз деңгейінен 395 метр биікте тұрған көрінеді. «Тоғыз шақырымға жуық жолмен саяхаттау небәрі 12 минут уақыт алады. Жаңа аспалы жол 174 кабиналармен жарақтанған, оның әрқайсысы 8 кісіге есептелген. Бір сағатта ол 1500 адамды тасып жеткізе алады. Жаңа аспалы жолда мүмкіндігі шектеулі адамдардың да мұқтажы ойластырылған» – дейді ол.

Тұмса табиғатымен тұрғылықты халқын ғана емес, туристерді де тарта білген мұндай көркем жерге аяқ басудың өзі ғанибет емей не деуге болады. Беркан бейдің айтуынша, Түркияда бұдан да биік таулар болғанымен ең биігі 2,5 мың метрге таяу осы тауды ғана Ұлы деп атапты. Бұл жер орманды көрінді. Біз барғанда қар да қалың жауыпты мұнда. Төрт кісілікке есептелінген кабиналарға отырып тау биігіне қарай зымырай жөнелдік. Бұл жерде суретке түсіп, ас-су беретін қызмет те жақсы жолға қойылған. «Қауіпсіз туризм» жобасының негізгі шарттарына жүгіне отырып, курорттық орын туристік істерін ілгерілетуге көшкен.Бес күндік сапарымыздың төртінші күнінде Бурса маңындағы Гөлйазы, Изник қалаларын да аралап, тарихи жәдігерлермен, таныстық.
Жолбастаушының сөзіне жүгінсек, ГӨЛЙАЗЫ қаласын біздің дәуірімізге дейінгі 600 жылы ежелгі гректер салыпты. Улуабат көлінің ортасындағы аралда орналасқан Гөлйазыда римдіктердің де қолтаңбасы бар екен. Мұнда бұған дейін ешбір жерде кездеспеген жел диірмен бар.

Бірінші дүниежүзілік соғыстың соңына қарай түріктер мен гректер Гөлйазыны қарақшылардан қорғау үшін күресіпті Ал ИЗНИК біздің дәуірімізге дейінгі 600 жылы салынған қала византиялықтардың, римдіктер мен ежелгі гректердің астанасы болған. Христиандар үшін қасиетті мекен саналатын Изникте алғашқы ғибадатхана салыныпты .

Қазіргі таңда мұнда керамика ісі мықты дамыған екен. Бір кездері Османлы падишахы Сұлтан Ахметтің пәрменімен іргетасы қаланған Сұлтанхамет мешітіне де осы Изниктің керамикалық плиталары жапсырылған деседі.
Негізінде, Бурса қаласы маңындағы түрлі орындарды аралаудағы саяхатымыз біз ойлағаннан да керемет естеліктерге толы болды.

Жалғасы бар…

Сарби ӘЙТЕНОВА


ПІКІР ЖАЗУ