Мақсатсыз жұмсалған қаржы

0
1194

Ақсу ауданына қарасты 30-ға жуық түтіні бар шолақөзек ауылының тұрғындарына мемлекеттік бағдарлама аясында ауыз су тартылмақ. «мемлекет қаржысы мақсатсыз жұмсалуда» деп дүрліккен тұрғындардың да алаңдауы бекер емес көрінеді. Себебі, су құбырларын тартып, ауыз сумен қамтамасыз ету құны 30 млн теңгені құрайды.

Алайда, ауыл тұрғындары ауыз судан таршылық көріп отырған жоқ. «Мемлекет қазынасын шығындап құбыр тартқанша, арық шығарып, суармалы жерді игеруге көмектессе» – дейді тұрғындар. «Қазақстан» Ұлттық арнасының хабарлауынша, Шолақөзек ауылына су 1972 жылы берілген. Ауыз су 300 метр тереңдіктен артезиан қайнарларынан алынып, үйлерге тартылыпты. Қазірде суды қысы–жазы үздіксіз пайдаланып отырған ауылдағы ағайынның жалғыз ғана өтініші бар. Тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған артезиан құдығын жөндеп берсе жетіп жатыр дейді. Себебі, малмен ғана күн көріп отырған отбасылар үшін суармалы алқаптарды қалпына келтіру маңыздырақ. Егістік жері бар шаруалар да қызылша дәнін сеуіп, өнім алуға суармалы алқаптың жоқтығы кедергі болып отырғандығын айтады. Ауыз суын тарту жұмыстары былтыр басталған көрінеді. Жергілікті атқамінерлердің сөзінше, жоба жасалып, мемлекеттік экспертизадан өткен. Биылғы жылдың қараша айында толығымен аяқталады деп жоспарлануда. Облыста 742 елдімекен бар екенін ескерсек, былтырғы жылы «Өңірлерді дамыту» және «Нұрлы жол» бағдарламаларының аясында сумен жабдықтау және су бұру объектілерін салу, қайта жаңарту, күрделі және ағымдағы жөндеу бойынша 78 жобаны жүзеге асыруға 10,7 млрд теңге бөлініп, олардың 48 жобасы аяқталған еді. Алматы облысы бойынща ауыз су мәселесі қашан да алғашқы орында. 2020 жылға дейін барлық аудандар мен елдімекендер 100% ауыз сумен қамтамасыз етілуі керек деген жоспар бекітілген. Республика бойынша жеті өзеннің жағасындағы Жетісу жұртшылығы ауыз сумен қамту бойынша бірінші орында тұр. Былтырғы жылы 46 жоба жүзеге асырылып, 17 елді мекенді орталықтандырылған су құбырына қосу жоспарланған. Шолақөзектіктердің мәселесіне қайта оралар болсақ, қазір жер астынан шығып жатқан суға тұрғындар ақы төлемейді. Жаңа су жүйесі тартылғаннан кейін қаржы төлеу мәселе туындағалы тұр.

Д.БЕРЕКЕТ.


ПІКІР ЖАЗУ