Түске дейін – түркі, түстен кейін – кірпі
Амал айы келгенде қамалдай бекінген мұз құрсауы жібіп, Жер-Ана қайта түлейді. Мақұлық біткен қыбыр-жыбыр тірлігін қайта жалғайды. Мұз құрсауы демекші, жүрегі мұз болып қатпаса да, өгейсіген ағайынның өкпесін, рақайласпаған туыстың ренішін, көңілі қалған көршінің де көкірек шерін тарқататын кез бұл. 14 наурызда бастау алатын осы бір мерекеде қазақтың «Кел, көрісейік!» деп құшақтаса «Жасың құтты болсын!», «Қыстан аман шығуыңмен!» десіп төс қағыстырып, қауқылдасып жатқаны көзге жылы ұшырайды. Үй аралап, жасы үлкенге арнайы барып көріседі, дастарханынан дәм татады. Бір өкініштісі, бұл үрдіс тек еліміздің батыс аймағында ғана сақталған. Игі дәстүрден хабары бар ағайын көрісіп жатқанда, «Бізде мұндай жоқ» деп бедірейе қалатынымыз қазақ деген елге жарасар қылық емес. «Бұ не қылған мереке?» деп сіз де таңырқай қалсаңыз, жайланып отырып осы мақалаға ден қойыңызшы. Орайы келсе, үйдегі жүгірмектерді жұмсап, көзілдірігіңізді іліп алуды да ұмытпаңыз. Мен бір қызық ақпарды баян етейін…
АМАЛ АЙЫ КЕЛГЕНДЕ… Наурыз тойынан бөле жарып, ерекше атап өтетіндей Амал мерекесінің не артықшылығы бар деген сауалдың көкейде қылаң беруі орынды-ақ. Шығыс күнтізбесі бойынша, наурыз хамал (амал) айының бірінші жұлдызында басталады екен. Хамал – Тоқты шоқжұлдызының парсы тіліндегі ескі атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. «Наурыз» сөзі парсының «жаңа күн» деген мағына беретіндігі айтылып жүр. Ертеде қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді. Көрісудің екінші атауы «Амал» болуының сыры осыда жатса керек. Ал «Көрісу» деп аталып кету себебі Амал мерекесінде жасалатын басты салт жоралғы – көптен көрмеген жақын-жұрағаттың бір-бірімен кездесіп, көрісуі, жүз шайысып, бет көріспей жүрген кісілердің кешірісіп қауышуынан туған болса керек. Ерте кезеңдерде күн мен түн теңелген күні адамдар тепе-теңдік ұстанып, патша – тақтан түсіп қара болып, қара – шекпенін тастап, патша болғаны айтылады. Ал мұндағы бауырласу «науқанының» қандай деңгейде аталып өткенін айтып отырудың өзі артық болса керек. Бұл күні босағаңыздан еніп, төріңізге жайғасқан қонағыңызға қабақ шыту үлкен әбестік болар. «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген сөзді санасына сіңіріп өскен қазақ үшін бұл шаңыраққа құт пен берекенің орнайтын күні. Қисыны келгенде ақ қар, көк мұзда тойланатын «Жаңа жыл» жайында бір бір мысал айта кеткеніміз артық болмас. «Григорий» күнтізбесі аяқталар тұста, яғни 31 желтоқсан күні қала кезіп, есік қағатын «Аяз атаның» түп атасы қайдан шыққандығын бағамдап жатқан ешкім жоқ. Ал, қазақ халқының мифологиялық нанымына сүйенсек, тарихтан сыр шерткен мәселенің мәні өзі-ақ айқын болады. Қазақта күн мен түн теңелер шақта жаһан даланы Қызыр баба аралайды деген сенім бар. Бір қызығы, Аяз ата кейпіне енген адам бала-шағаның ғана қарнын тоқ қылса, Қызыр баба ниеті түзеу жандардың көңілін тойдырып, адал тілеуін тілейді деседі.
ТАНЫМ ТАРАЗЫСЫНА САЛСАҚ… Игілікке иек артқан осы бір мереке қарсаңында сауапты істер көптеп атқарылады. Ағаш отырғызылып, бұлақтың көзі ашылып, арықтоғандар тазаланады. Алла елшісі пайғамбарымыздан жеткен «Бір мұсылман бір ағаш отырғызса немесе бір нәрсе ексе және одан бір құс, бір адам немесе жануар жесе, ол адам үшін садақа болып есептеледі» деген хадис бар. Ал, «Жаңа жылдың көркі» деген желеумен қысы-жазы реңін жоғалтпайтын шырша ағашын заңсыз жолмен кесіп, ТабиғатАнаға қастандық жасайтындардың қылығы ақтап алуға келмейді. Қастандық емей немене, тамырын жайған тікен ағашты түбінен кессе, Табиғат-Анадан перзентін тартып алғандай күй кешпейсіз бе?! Осыдан-ақ, қай жаңа жылдың бәсі бөлек, бағасы басым екенін безбенге салып, салмақтап көріңізші?.. Жожоқ, тәулік есебінің жүйесін құрып тастап, ғаламды сол уақыт иіріміне салып қойған Григорий атайдың заңдылығын жоққа шығарудан аулақпыз. Мәселе, қай жаңа жылымызды нақышына келтіріп насихаттай алғанымызда… Иә, расымен, соқыр тиыны алақаннан сусып түскенше шашылып, «шампан-шарабын» қойнына қысып алып түнгі 12-ні күзетеді бәзбіреу. Жақсы тілегін айтып, «Әмин» дескеннің орнына, «Алып қояйықтап» шартта-шұрт бокал соғыстырады келіп. Мейлі, ішсін, мейлі жесін. Тапқанын «тойда» шашпағанда қайтпек енді? «Асарын асап, жасарын жасап», ол науқанды да өткерген соң, күн жаңарып, көктем келмей ме? Сол кезде Наурыз десе кірпішешендей жиырыла қалатын қазақтарды көріп те жүрміз. Дәл осы шақта 31 желтоқсанда бөркін аспанға атып, бөркін деймінау, аспанға оттан шашу шашып, қыпқызыл шығынға ұшырайтын Атымтай Жомарттарды Наурыз айы туғанда таппай қалатынымыз қызық.
БИЛІКТЕН БҰЙРЫҚ КЕЛМЕСЕ… Атымтай Жомарт демекші, 2018 жыл келер тұста жаңа жылдық безендіруге еліміздің қазынасынан 1 173 689 000 теңге бөлініпті. Безендіруді «беске білетін» Қарағанды 100 млн теңге жұмсап, рекордтық көрсеткіш орнатқан. Қатардан қалмайын деген. Шымқала мегаполистің мәртебесін арттырғысы келді ме екен, биыл 70 млн теңгені безендіруге жұмсаған. Ал Алматы әкімдігі бұл мақсатқа 75 млн теңгені «қанағат» қылыпты. Былтыр «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтың өзі үкімет пен облыс әкімдеріне мерекеге дайындық Желтоқсан құрбандарын еске алу күнінен кейін жүргізілсе деген ұсыныспен шыққан болатын. Алайда, мемлекет басшысы Президент күні қарсаңында Астанадағы шыршаның шамын жағып, Жаңа жылға дайындықты бір ай бұрын бастап кеткен еді. Елбасы рұқсат бергеннен кейін өзге облыстарда да бұл үрдіс жалғасын тапты. Қазақстан Республикасының Мәдениет және Спорт министрі Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, фольклорлық қойылым көрінісінен аса алмай жүргендігі туралы пікір білдірген еді. Дүйім бір мемлекеттің мәдениет саласын басқарып отырған басшының наурыз мерекесін жаңа үлгіде өткізу жөніндегі толғақты ой айтып, жалпы ұлттық ауқымда атап өтудің тың жолдарын ұсынғанын естіп, қуанып та қалғанбыз. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, наурызды тойлау мәселесі де жаза-жаза жауыр болған тақырып сынды. Мәдениет министрінің аузынан шыққан осы бір сөзі көңілге үміт сыйлап қойғаны бар. Мемлекет басшысының былтырғы жылы жария болған «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деп айтқан сөзі бар-ды. Ендеше, өңірдің әкім-қаралары бұйымтайдың күпісін жамылған бұйрыққа құлақ асар деген сенім білдіріп отырмыз. Әкім-қара дегеннен шығады, Талдықорған қаласы әкімінің «жомарттығын» білмекке баспасөз хатшысына хабарласқанымыз бар. «Нақты жауабын бере алмаймын. Әр салаға әртүрлі қаражат бөлінеді. Безендіруге бөлек, концертке бөлек деген секілді… Әдетте менен журналистер бұл туралы сұрамайтын, сондықтан оны сізге қайдан біліп берерімді білмеймін» дегенді айтты. Ал, жаңа жылдық шыршаға қанша қаражат бөлінгендігін сұрағанымызда «16 миллион теңге бөлінді» деген жауап алдық. Біздің халық жыл сайын қайталанатын, қалыпқа салып қойған наурыз тойынан шаршаған сыңайлы. Қуыршақты бесікке салып, ақ атанға мініп алып бата берген Қызыр баба бейнесіндегі әртіс кейпі жалықтырары анық. Алаңқайда тігілген киіз үйлер де қарапайым халықты қақпайлап, шенді мен шекпендіге қызмет ететін орынға айналғандай. Осы орайда министр «Қазір Наурыз дегенде, тігілген киіз үйлерге келіп, қонақ болып кететіндер мен сырттан бақылайтындар деп екіге бөліп қарауға болады. Мерекеде бақылаушылар болмайды, бәрі де қатысушы болу керек. Біз осыған аса назар аударғанымыз жөн» дегенде бір дәменің көкейде қалғанын несіне жасырайын? Енді осы ұсынысты тілалғыш баладайын орындай қояр атқамінерлер болса қуанар едік.
ТҮСКЕ ДЕЙІН – ТҮРКІ, ТҮСТЕН КЕЙІН… Тақырыпқа қарап, айтып отырған кірпісі несі деуіңіз заңды. Бізді қынжылтатыны, күнтізбелік жыл басын отыз күн бойы күтіп, жаңа жыл кірген соң және отыз күн жылтырақтан арыла алмай жүретін бір ғадетіміз бары рас. Оны өзіңіз де бас шұлғи мойындарсыз. Ал, Ұлыстың ұлы күні туғанда түске дейін той қылып, түстен кейін керегені жығып, киізді жинап жаңа ғана той өткен алаңқайды көшкен елдей жетімсіретіп қоятыны жанға батады. «Қазақ десең өзіңе тиеді» демеуші ме еді? Көңілдің қошы болмай, тарылып жүрген бір сәттерде үлкендер «Кірпі шешендей жиырылмай, қабағыңды ашып жүрсеңші!» деп ұрысып тастайтын. Сол секілді, түске дейін Тәңірісіне табынып, тектіліктің үлгісін көрсеткен түркінің тұқымы боламыз-дағы, түстен кейін тойды тарқата салатынымыз қызық. «Пейілің тарылмасын!» дегенді санаға сіңірген халық ұрпағы жылына бір келетін Наурыз тойының салтанатын бірнеше күн жалғап, бір жырғап қалуына кім тосқауыл қойыпты?!
Данагүл БЕРЕКЕТ