Жыр болған интернет

0
1883

Студенттер мен оқушыларды қашықтықтан оқыту басталғалы ел ішінде бірнеше проблема қатар көрінді. Әсіресе, интернеттің жетіспеушілігі аталмыш үдерісті тіптен қиындатты. Әлеуметтік желілерде тау басынан интернет іздеп, сабақтарын сонда оқыған бір топ жастың видеосы тарады. Басында мұны солтүстіктің шет-шалғай ауылдарының бірі болар деп топшылағанбыз. Сөйтсек, ө дәл іргеміздегі Кербұлақ пен Панфилов ауданындағы жағдай болып шықты.                 

     Тау төбесінен интернет іздеуге мәжбүр болғандар  ТЖ ға байланысты ауылдарына қайтқан студенттер болып шықты. Карантин басталып оқуларына қайта алмай қалған тәлімгерлер сабағын ақсатпас үшін амалсыз осы қадамға барған. Олардың  тау басындағы азынаған жел мен қолайсыз ауа-райына қарауға мұршасы жоқ. Онлайн сабаққа қатысып, тапсырма орындамаса, сабаққа келмеген болып есептеледі. Яғни, оқу орындары  жастардың басындағы мәселелерге түсіністік танытуға асықпай отырған сыңайлы. Қашықтықтан оқыту процесі шағын ауылдарға көңіл бөлінбей отырғанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Осы жайтқа байланысты түсінік берген қос ауданның әкімдігі де болған жайтты жоққа шығармады. Мәслелен, Кербұлақ ауданы бойынша: «Алматы облысы Кербұлақ ауданы Жайнақ батыр ауылдық округіне қарасты Қарымсақ ауылында 563 тұрғын бар.19 студент төтенше жағдайға байланысты үйлеріне оралды. Халық санының аз болуына және ауылдың таулы аймақта орналасуына байланысты Қарымсақ ауылында байланыс жүйесі орнатылмаған. Бұл мәселе бойынша, «Қазақтелеком» және «Кар-Тел» Beeline АҚ басшылығына ұялы байланыс антеннасын орнатып беруін сұрап хат жолданды. Ал, оған дейін, аудан әкімі Қарымсақ ауылының студенттерімен және ата-аналарымен кездесіп, мәселені шешудің басқа да бірнеше жолын қарастыруда» – делінген  арнайы хабарламада. Ал, Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Ханағаттың айтуынша,  Сарытөбелік студенттердің  мұндай әркетке баруы  ауылда интернет жоқ. Ал, оның қашан шешілетіні әзірге белгісіз.         Осыдан сәл ілгері мектеп оқушыларының онлайн сабақ оқуы да «жырға» айналып, ақыры білім министрлігі бұл үдерістен бас тартқан болатын.                                                                      

      Биыл интернеттің пайда болып, адамзат өміріне енгеніне  отыз бір жыл. Ғаламдық желіні өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып кеткендігін жасыра алмаймыз. Оған деген қажеттілік күннен-күнге артуда. Finprom.kz сараптамасы бойынша, республикада  жылдамдығы жоғары интернетке қосылушылардың саны жағынан Алматы облысы үздік үштікке енген. Бірақ, соған қарамастан интернеттің баяулығы, байланыс желілерінің әлсіздігі сияқты мәселелер әліде сақталуда. Әсіресе, аудан орталығынан алыс ауылдарда байланыс мүлдем нашар. Өңіріміздегі Алакөл, Сарқан, Ақсу аудандарының шалғай елдімекен тұрғындары интернет түгілі ұялы байланыс қызметіне әрең қол жеткізіп отырғандықтарын жеткізді. Сарқан ауданына қарасты   Қарабөгет ауылының тұрғыны Тауфиық Ахат ауылында интернетке шығуға мүмкіндік аз екендігін айтады. Интернетке кіру үшін ауыл сыртына немесе биік жерге шығу керек. Ал іргелес жатқан халқы көп Қойлық ауылында интернеттің сапасы жақсы.

      Қазақстан билігі интернетті дамыту ісін соңғы он жыл ішінде қарқынды қолға ала бастады. Соңғы жылдары арнайы «Цифрлы Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Бағдарламаның басты мақсаты  Қазақстанды толықтай интернетпен қамтамасыз ету. Аталмыш  жобаның игілігін Жетісу жұрты да біртіндеп көріп жатыр. «Қазақтелеком» АҚ Алматы облысының барлық аудан орталығын талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосқан. Баса айта кету керек, жылдам интернеттің мүмкіндігін өңірде тек аудан, қала орталықтары және оған іргелес жатқан ауылдар ғана пайдалуануда. Ал, жоғарыдағы Сарытөбе тектес орталықтан алыс жатқан не тұрғын саны аз ауылдар болашақтан ғана үмітті. Биыл жыл соңына дейін «Қазақтелеком» АҚ Алматы облысындағы 161 алыс елдімекенге талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қоспақ. Мұнда тек Алматы облысы ғана емес елдің мыңнан аса ауылы заманауи телекоммуникацияның пайдасын көреді деп жоспарлануда.     Жыл басында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Қазақстанды интернетке толықтай қолжетімді ету екі кезеңнен тұратынын айтқан болатын. Бірінші кезең – талшықты-оптикалық желілерді салу. Екінші кезең – LTE (4G) мобильді байланыс желісін дамыту арқылы 3 143 ауылды интернетпен қамтылмақ. Министрдің сөзіне сенсек, тұрғындардың саны 50-ден жоғары мыңға жуық ауыл да интернеттен игіліктенбек. Осылайша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылдың соңына дейін ел тұрғындарының 97 пайызы  кең жолақты интернет желісімен қамтылатын болады.

     Үкіметтегілер осылай барлығын «қарық» қылып тастағанда https://dialog.egov.kz үкіметтік порталының ашық диалог платформасына мобилді операторлар қызметіне шағымданған мыңдаған арыз-шағым түскен. Оның ішінде жуық арада 5G интернетін қосамыз деп отырған Алматымен іргелес Талғар, Қызыл-қайрат елді мекендерінің тұрғындары да бар. Көпшілік арыздарында операторларды алған ақшаларына сай қызмет көрсетпей отыр деп айыптайды. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және оған бөлінген миллиардтаған қаржы, «Смарт қала»  жобасы сияқты бюджет ақшасына игерілетін жұмыстар реті жақын уақытта өзін ақтайды деп дөп басып ешкім айта алмайды. Әлеуметтанушылар бюджет ақшасын «Смарт қала» сияқты қазірше аса қажетті емес жобаларға жұмсауды құп көрмейді. Есесіне, интернет байланысы жетіспейтін ауылдарға жұмсау керек деп есептейді.         

     Алда жазғы сессия жақындауда. Егер, интернет жетіспеушілігінен студенттер емтихан тапсыра алмаса, жағдай тіпті де күрделеніп кетуі мүмкін. Мұнда тек екі ауылдың студенттерінің ғана хәліне куә болып отырмыз. Ал  еліміз бойынша қаншама тәлімгерлер интернет байланысының нашарлығынан сабақтан қалуда?! Алматы облысында карантин жарияланады деген хабар шығысымен кейбір студенттер қаладағы, не ұялы байланысы жақсы жердегі туысқандарының үйін паналауда.

     Қалай дегенмен, осы жолғы KOVID – 19 індеті елдегі қордаланған әлеуметтік мәселені биліктің алдына қойды. Індет биылғы және болашаққа жоспарланған біраз шаруаны кейінге шегеретін түрі бар. Өкініштісі, елдің әл-ауқатын көтеруге бағытталған кей бағдарламалар індет тасасында қалып қояма дейсің. Ал бұған сіз не десіз?!

А.НАЗЫМ.

Кілтсөздер:ҚОҒАМ


ПІКІР ЖАЗУ