«Қарыз күліп келіп, жылап қайтады»

0
2543

Қазақстанда «қарны тоқ, қайғысы жоқ, көйлегі көк» тек қана байлар шығар. Құстың сүтінен басқаның бәрін үрлеп ішіп, шайқап төгіп жүргендердің өздері мемлекетке тиісті салықтарын төлемей жүргендерін ақпарат құралдары «жерден жеті қоян тапқандай» жарыса жазып жүр. Ал осылардың 1,7 миллионы, яғни белсенді, дәулеттілері мүлде несие алмапты.

«Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» дегендей мақаланың тұздығы да кредит жайлы болмақ. Себебі, Қазақстандағы банктер мен қаржы ұйымдары тәбәрік үлестіргендей қалың бұқараға несие үлестірді. Сауаттысы бар, сауатсызы бар, қысылып-қымтырылғаны мен кәсібін дөңгелеткісі келгені бар, бір сөзбен айтқанда әрбір қазақстандық банк пен қаржы ұйымдарына белшеден қарыз. Коронавирус алқымынан алып, әлемді шарпып, Қазақстанды да екі орап, күннен-күнге өршіп бара жатқан кеселге қарамай 6-маусым Жанболат Мамай бастаған, шетелде жатып «шоқ-шоқ» деп қазақстандықтардың бар байлығын жамбасына басып, қашып кеткен Мұхтар Әбіләзовтың азғыруымен көшеге шығып ереуілдеп кеткендер басты талабында «үкімет қарызға батқандардың қарызын кешірсін» деді.
Енді нақты фактіге жүгінелік. Интернеттегі ақпараттарға мән берсек, қазақстандықтар банктер пен қаржы ұйымдарына 26 триллион қарыз екен. Демек, әрібір Қазақстан азаматы мен азаматшасы жасы да, жасамысы да банктерге тәуелді болуда. Тіпті, олардың арасында 18-22 жас аралығы мен 45-тен асқандардың банктер мен басқа ұйымдарда 7,5 миллион несиесі бары айтылады. Осы кредит деген пәледен қаншама отбасы сорлады. Баспана аламыз деп, қарызданып-қауғаланып, ақыр аяғы не біткен құрылыс, не алған баспана жоқ, шашылып, сот табалдырығын тоздырып жүргендер «несие алып, салым салып едік» деп зар жылап жүр. Енді біреулері «судың да сұрауы барын» біле тұра елден қалыс қалуды ар көріп, той-тамалақ, ас беру үшін банктерден қарыз алып қайтара алмай, оның өсімі өсіп кетіп, сот орындаушылардың құрығына ілініп, дүние-мүліктері тәркіленіп, бірін-бірі көрместей болған ағайын-туыстардың ырың-жырыңын шыққыр көзіміз күнде көріп, қалқайған құлағымыз сағат сайын естиді. Осы кредитке байланысты айтыскер ақын Мұхтар Ниязов бір айтыста:
«Кредит» деген сөзді қарап тұрсақ,
«Кіреді ит» деген сөзден құралып тұр.
Атына заты сай боп, осы бәле,
Кіріп ап итімізді шығарып тұр» – деп айтып еді. Елдің ішіне кіріп алып, итше ырылдатып қойған осы кредит жайлы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2019 жылы жалпы қарызы бар 3000000 (үш миллион теңгеден аспайтын әлеуметтік аз қамытылған топ өкілдерінің 300000 (үш жүз мың) теңгеге дейінгі несиесі кешірілген болатын. Бұл бір реттік шара біраз әупірімдеп күн-көріп отырған кедей-кепшіктерге демеу болғаны рас. Жалпы респубика бойынша банктер мен қаржы ұйымдарына кредиттің мерзімін кешіктіруге байланысты бір миллион жеті жүз мың адамға үш айлық мерзім берілген. Бірақта бұл кредит алушылардың несиелерін мүлде жойып жіберді деген сөз емес. Бұл жерде мұрттарын балта шаппайтын несие берушілер ұтпаса ұтылған жоқ. Үш ай несиелерін төлеу мерзімдері кешіктірілгенімен, олардың өсімдері өсе беретінін банк пен қаржы ұйымдарының қожайындары нығарлап тұрып айтқан-ды. Айналып келгенде сорпадай қайнап сорлайтын несие аушылар болып тұр. Шамалары жеткені мен жетпегені де кредит алып, кіріптар болғандарға қатысты, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге шектеу қойылды. Бірақ бұл шартты кішігірім қаржы беретіндер толық орындап отыр ма? Бар мәселе осында. Себебі, базарлар мен көше бойларындағы кепілсіз, бір ғана жеке куәлікпен жедел несие береміз деген жарнамалардан көз сүрінеді. Тағы да цифрлық фактіге жүнісек, Қазақстан бойынша 55 миллион несие шарты жасалған дейді. Мақала басында айтылғандай 26 триллионның 17,6 теңгесі яғни (76%) бизнес несие, 7,4 триллионы (25%) бөлшек несие екен. 20,2 триллион теңгесі екінші банктерге, 290,6 милларды микроқаржы ұйымдарына, 4,4 триллион өзге қаржы ұйымдарына, 84 миллиарды онлайн несиеге тиесілі. Енді бизнес несие алғандардың зар-мұңын газетіміздің №19(970)15.05.2020 жылғы санында жарияланған «Кредит алып кіріптар болған шаруашылық» атты мақалада жазғанбыз. Кредит алу үшін серіктестік құрылу керек дегенге сеніп, дүние мүліктерін кепілдікке қойып, 5000000 теңге (бес миллион) несие алған шарушылық қарызын уақытылы төлесе де, несиесін төлей алмаған әрі серіктестікке мүше болған өзге шаруашылықтар үшін жапа шегіп, сот табалдырығын тоздырғанын, салы суға кеткенін, кепілге қойған дүние-мүлкін қайтарып ала алмай, арызданбаған мекемесі қалмағанын айтады. Жалпы республика бойынша мұндай кредитке байланып қалғандарды тізімдеп тауыса алмайсыз. Соның ішінде Алматы облысының шарулары да бар. Не кәсібін кеңейте алмай, не қосымша кредит ала алмай әуре-сарсаңға түскен шарулар мен кәсіпкерлердің айғай-шуынан құлақ тұнады. «Уақтылы несиесін төлегендер біз неге төлемегендер үшін жауап беруміз керек. Келісім шарттағы «солидарную ответственность» деген тармақ басымызға бәле болып жабысты» дейді «Агрокредит» акционерлік қоғамы арқылы кередит алған шаруашылықтар. Ал, бөлшек несие алушылардың 80 пайызы қаржы ұйымдарына 316000 теңге қарызы бары жөнінде бюроның атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева мәлімет таратқан.
2019 жылы портфель 22 пайызға артып, 580 мың адам алғаш рет несие алыпты. Қазақстан бойынша несие шарттарының жалпы саны 55,6 миллион, 5,4 трллион теңге тұтыну несиесі берілсе, оның 93 пайызы екінші деңгейлі банктерге тиесілі болған. 89 миллиард теңге ипотеканы несиелеуге жұмасалса, 400 миллиард теңге автонесиеге, 600 миллиард теңге кепілді несие беріліпті. Мұхтар Ниязов айтқандай ішімізге кіріп алып итімізді шығарып тұрған тағы бір «Онлайн» және «Жедел» атауларымен үйде отырып, басқа құжаттарды талап етпейтін, тек жеке куәлікпен ғана шағын несие беретіндерге басы бүтін байланғандар омарта жинаған арадай құжынап жүр. «Айдалада жатқан құйрық, бұл недеген батпан құйрық» дегендей «Технодом», «SuIpak» сауда үйлерінен дүние-мүлік, қыл-аяғы ұялы телефон алу үшін де «Каспий банк» арқылы несиеге тәуелділер уақытылы төлей алмай, сот орындаушылардың ұзын арқан, кең тұсауында шырмалып тұр. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» демекші онлайн әрі жедел несие беруші қаржы ұйымдарынан қаражат алғандар бір ұйымнан алған қарыздарын жаба алмай, екінші шағын несие беретін ұйымдардан, тіпті, үшінші, төртінші қаржы ұйымдарына барып, бірінен алып, екінші қарызын жапқан болып, жалтарып жүргендер де баршылық.
Кім жетіскеннен кредит алады дейсің. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тоқталар болсақ, үш ай мерзімге шегерілген несие мерзімі аяқталды. «Енді мойындарында несиесі барлар үшін, «тұр-тұрдан хабар келсе ұйқыдан маза кетедінің» кері келді. Яғни тықыр таянды деген сөз. Демек, банктер мен қаржы ұйымдары қарызы барлармен жұмыс істей бастайды. Мақала басында айтылғандай үш айға шегерілген қарыздар өскен өсім пұлымен қайтарылуы тиіс. Егер оны тағы да төлемей, не төлеуге мүмкінді болмаған жағдайда қарыз иелері үш сатыдан өтеді. Бірінші, банк не қаржы ұйымдары кредит алушымен телефон арқылы сөйлесіп, келісімге келіп қарыздарын кесте бойынша жабуды талап етеді. Олай болмаған жағдайда басқа банктер мен қаржы ұйымдарына хабарласып, ондағы шоттарға арест қояды және қарызы барлардың ісін колекторлық компанияға өткізіп жібереді. Олар да қарызды қайтару үшін түрлі писихологиялық қысым жасайды, ар-намысыңыза тиетін сөздер айтуы бек мүмкін. Әрі тұрақты жалақыңыз, атыңызда үй, дүние-мүлік барын анықтайды. Үшіншіден, ағайын туыстарыңызды және жұмыс орындарын мазалайды.Кей жағдайларда көлік жүргізу куәлігіне, шоттарға арест қояды, шетелге шығуға мүмкіндік берілмейді. Заң бойынша коллекторлық компания борышкермен күніне үш-ақ рет сөйлесуге әрі қарызды қайтаруға, талап қоюға мүдделі. Анығын айтқанда коллекторлық компания банк пен қаржы ұйымдары арасындағы делдал. Коллекторлық компания борышкерді сотқа бере алады.
Сот борышкерді, банк пен қаржы ұйымдарына тиесілі қарызды қайтаруға шешім шығарған жағдайда, борышкер банктегі қарызбен қоса өскен өсім пұлды әрі коллекторлық компанияның және сот орындаушылардың да алатын үлесін қоса төлейтін болады. Бұл дегенің «жығылғанға жұдырық сілтепті»-дегеннің нақ өзі. Әсілі, әу баста несие алушылар жеті рет өлшеп, бір рет кесіп алып несиені банк не қаржы ұйымдары белгілеген кесте бойынша мерзімінде төлеуге мүмкіндігі болған жағдайда ғана алғаны жөн. Олай болмаған да «қатықсыз қара су ішсең де» бойыңа сіңіп, ұйқың тыныш, отбасың ойрандалмай, бала-шағаңның қабағына кірбің түспей жүргенге не жетсін! «Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» деген осы ғой!

Айтақын МҰХАМАДИ

Кілтсөздер:КРЕДИТ


ПІКІР ЖАЗУ