Қылмыскер қолға түсті

0
2700

   Алматы облысында адам өлтірген аса қауіпті қылмыскер қолға түсті. халықаралық іздеуде жүрген оны Алматы облысы полиция департаменті криминалдық басқармасының мамандары Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп құрықтаған. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаменті баспасөз қызметі мәлімдеді.

Мәлімет бойынша, қолға түскен қылмыскер 35 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматы. Ол 2016 жылдың тамыз айында Алматы облысының орталығында орын алған екі бірдей адам өліміне кінәлі деп айыпталуда. Талдықорған қалалық сотының тергеу судьясы 2016 жылдың 11 қазанда оған ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігіне сәйкес «Екi немесе одан көп адамды өлтіру оқиғасына» қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша күдіктіні күзетпен ұстау түріндегі қаулы шығарған.
Алайда қауіпті қылмыскерді іздеу үш жылдан астам уақытқа созылған. Себебі, іздеу салынған азаматтың тұрғылықты жері мен жұмыс орнын бірнеше рет ауыстыруына байланысты күдіктінің тұрған жерін анықтау мүмкін болмаған. Сондай-ақ, ол есепке қоюдан жалтарған. Екі облыстың жедел уәкілдерінің бірлескен еңбегінің арқасында ауыр қылмысқа қатысы бар шетел азаматы енді сот алдында жауапқа тартылады.

Л.КӘЛІМХАН.

Кілтсөздер:ЗАҢ АЯСЫНДА


ПІКІР ЖАЗУ