Бизнестің берекесі – адалдықта

0
3919

Әрекет бар жерден берекет қашық емес. Қашаннан да солай. Дегенмен, қазіргі қиын-қыстау кезде күнбе-күн ізденіп, еселі еңбек етпей табысқа жете алмасың анық. Расында, қазірде жұмыстың көзі көп, бейнет ете жүріп, дәулетін арттырудың жолы да сан тарау. Тек, шыдамдылықпен ерінбей жұмыс істей білгеннің, бірге бірді жаңылыспай қоса алғанның бәсі артық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де, жастайынан еңбектеніп, нанын адал жолмен тауып жүрген шағын кәсіп иесі. Жас та болса бірнеше адамды жұмыспен қамтып, еңбек етем деген жандарға жол көрсетіп жүрген азамат.

Тірліктің көзін тапқан – байлықтың өзін табады. Өз тірлігінің көзін тауып, адал асын ішіп жүрген Елжас Көпесбаевтың бизнес әлеміне аяқ басқанына бірнеше жылдың жүзі болған. Жасы небәрі 29 да болсада бүгінде өз кәсібін бастап, талай сынақтардан да өткен. Әкесінен жастай айырылып, қиыншылықтың дәмін татқан азамат ерте есейіп, анасына қорған бола білді. Ең алғаш сауда сатқанын қарапайым қарбыздан бастадым деп есіне алған Елжас, бүгінде айтарлықтай жеңіске жеткенін жеткізді.
– Әкемнен жастай қалдық. Үйде үш ұлмыз. Мен ең кішкентайымын. Екі ағам бар. Ағаларым болса да маған сол кездегі анамның көрген қиыншылығы жаныма қатты батты. Мені ерте есейтті. Әлі есімде, 11 жаста едім. Үйге туысқан жездем қонаққа келіп, қолыма екі жүз теңге ұстатты. Одан алдын базардан өтіп бара жатып, үйіліп тұрған қарбызды көрдім де, осыларды мен де сатсам ғой деген ой келген. Содан қолымдағы екі жүз теңгені ала салып базарға қарай жүгірдім. Анам артымнан уайымдап қалғанын көрдім. Сонда да ештеңе демей, тура базарға бардым. Ол кезде автобуспен оқушыларға жол жүру құны 10 теңге болатын. Бірақ мен ылғи да жүргізушіден сұрап 5 теңгемен жүретінмін. Сөйтіп, 10 теңгені ары-бері жолыма қойдым да, қалған 190 теңгесіне қарбыз алдым. Өзім кішкентай бала болғандықтан сатушылар қызығып, маған ең төменгі бағамен берді. Сөйтіп, екі қалтаға салынған қарбызды арқалап, соларды сатуға кірістім. Ең алғаш тапқан табысым сол болды. Өзіме екі жүз теңгені алып қалып, үстіндегі пайданы анама әкеліп бергенім әлі есімде. Солай бір талай уақыт қарбыз сатумен айналысып жүрдім,-деген Елжас Тәңірбергенұлы, қазіргі жастардың өте жалқау, артық жұмыс жасағылары келмейтінін айтады. Тіпті, жұмыс жасаймын деген жігіттер маған келсе, қолдарына өз жұмысында тұрған арбаны беріп, қарбыз сатуларына көмектесе де аламын деген ниет білдірді. Тек қара жұмыс жасағылары келмей, дайын асқа тік қасық болғысы келетін жандардың әрекетіне қынжылатынын айтады.
– Білесіз бе, қазір бәрі жалқау. Артық қимылдағылары келмейді. Бір жұмыс жасаса, сол жерге барып келгендеріне мәз болатын ер жігіттер көрсем ызам келеді. Қазіргі заман мүмкіндіктерге толы. Еңбек етемін деген адамға ауадан да ақша жасауға мүмкіндік бар. Студенттер де қазір карантин деп бос үйлерінде. Неге екі қолдарын қимылдатпасқа? Ата-аналарына көмектеспейді? Өйткені жалқау. Есіме тағы да бос бөтелкелерді сатып, өте көп табыс тапқаным түсіп отыр. Ол кезде де мектеп оқушысымын. Көпқабатты үйлердің есіктерін қағып, 1-2 теңгеден бос бөлелкелерін сатып аламын да үстіне тиын қосып сатамын. Кәдімгідей пайда көп. Ештеңе де бірден бола бермейді. Әр нәрсе адал еңбекпен, маңдай термен келеді деп ойлаймын. Еңбектің наны тәтті деп те бекер айтылмаған. Қазіргі кездегі ұрлық, алаяқтық осы жалқаулықтың кесірі деп ойлаймын. Ақша табудың оңай жолы деп осындай қылмысқа да баратын адамдар бар. Ол бәрі бір жақсылық әкелмейді. Қандай табыс болса да, адал болу керек деген менде ұстаным бар.
Әсілі, адал адамның, іскер маманның мойнына жауапкершілік жүгі молырақ артылады. Жұмыстағы адалдық, қызметкерлеріне сенімділік, ешкімнің еңбегін жемеу сынды дүниелер басты орында болуға тиіс. Екі адамнан да, мың адамнан да тұратын кәсіпте жауапкершілік бірдей. Ол – адалдық. Осы ұстанымды ұстаған Елжас Тәңірбергенұлының алға қойған мақсаттары да көп.
– Болашақта үлкен жетістіктерге жетіп, өз еліме пайдамды тигізгім келеді. Жетім-жесірлерге қол ұшымды созсам деген арманым бар. Шынымды айтсам, алып-сату, кішігірім пайда табу сынды жұмысым болмаса осы уақытға дейін айтарлықтай бір іс бітірмеген екенмін. Алғаш есімді жинаған кезім қызымды қолыма алған күнім еді. Перзентханадан әйелімді шығаратын күні, оларды үйге әкелетіндей де мүмкіндігім болмай қалды. Қолымда бір тиын жоқ. Жеңіл машининам бар, бірақ бұзылып жатыр. Содан бір досыма өтініп, ақшаңды кейін беремін деп қызымды шығаруға барғанмын. Қызымды алғаш қолыма ұстағанымда, менің қызым болғанына оған қатты жаным ашыды. Сол кезде өз-өзіме уәде бердім. Содан бері қалайда жетістікке жетуім керек деген ой мазалай берді.
Бүгінде үлкен бизнестің иесі болып кетпесе де, екі жылдың ішінде айтарлықтай жетістікке жете білген кәсібінің өрге домалауы анамның ақ батасы мен жан-жарымның сенімі деген Елжас Көпесбаев әйел адамның қолдауының маңыздылығына да тоқталды.
– Анам қашанда мені қолдап отырады. Кішкентай қызымды өзі қарап келіншегім екеумізге бірге жұмыс жасауымызға жағдай жасап отыр. Екінші ағам да қазіргі кезде қасымда. Бірігіп еңбек етудеміз. Бауырларыңның жаныңда болғаны, қолдау көрсеткені мені қатты қуантады. Ал, жан-жарым өз жұмысын тастап, қазіргі кезде ол да қасымда. Бірге жұмыс жасаймыз. Келіншегімнің негізгі мамандығы – мұғалім. Шыны керек, әйелімнің табысымен күн көрген кезімізде болған. Талай сынақтарды өткіздік деп айтып едім ғой жоғарыда, мен жұмыссыз қалып, қиындыққа тап болған кездерімізде әйелімнің қолдауы өте көп болды. Ешқашан маған сен ештеңе жасамадың деп бетіме басқан емес. Мен саған сенемін деп ғана күш-қуат беріп келеді. Қазіргі кезде ажырасудың, балалардың тірі жетім қалуының бірден бір себебі де осы әйел затының шыдамсыздығынан деп ойлаймын. Осы кезде өз келіншегімнің шыдамдылығына, адалдығына, маған деген махаббатына үлкен рақметімді айтамын. Олардың сенімін ақтау маған тек алға ұмтылуға мүмкіндік береді.
Бүгінде бір қыз тәрбиелеп, отбасыларының асыраушылары болып отырған Елжас Тәңірбергенұлы мен Айжан Жәнібекқызының жеке кәсіптері кішкентай қызы Жанелдің құрметіне «ЖАНЕЛЬ» ЖК деп аталады. Осы кәсіпті бастар кезде Елжасқа қол ұшын созып, бағыт-бағдар берген жандар да табылды.
– Ең алғаш жеке кәсіпкер болып жұмысымды бастағанда көптеген қиыншылықтар болды. Үкімет тарапынан да, қаржылай да біраз қиналдық. Кәсіп бастағандар өте жақсы біледі. Бір қарағанда бәрі оңай болып көрінуі мүмкін. Алайда, ұсақ-түйек жұмыстар өте көп. Сондай кезде бізге үлкен көмек Абдырахмановтар отбасынан болды. Халиль Ғапурұлы мен жұбайы Арайгүл Абдығалиқызы менің кәсібімнің жүріп кетуіне өте көп үлестерін қосты. Ондай жандар өте аз. Ол кісілерден көп көмек көрдім. Алғысым шексіз. Өз бизнестері бола тұра маған да жол көрсетіп, ісімнің алға басуына бірден бір себепші жандар бола білді. Ол жандардың өз «ЖанСу» деп аталатын лимонад шығаратын кәсіптері де бар.Соған қарамастан өте қарапайым жандар. Тіпті, қазір сыртға шығып қарасаңыз Халиль мырзаның бастық па жұмысшы ма ажырата да алмайсыз. Өйткені кез келген кезде жұмысшыларына көмектесіп, кірісіп кете береді. Өмірімде осындай жандар кездескеніне өте қуаныштымын. Қазіргі кезде етене жұмыс жасап, әлі күнге дейін бір-бірімізге көмек қолдарымызды созып тұрамамыз. Өзім де осындай кісілерден көмек көргендіктен, алға ұмтылып, бір іс бастағысы келетін жастарға кеңесімді айтып, көмегімді бергім келіп тұрады. Жалпы кең болсаң, кем болмайсың дегенге қатты сенемін.
Құран Кәрімде айтылған Раббымыздың нығметтерін адам баласы тек қана еңбегімен пайдалана алады. Мұсылмандар үшін адал кәсіптің өте маңызды екендігін ұлық Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да саралап тұрып айтқан. Ол (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Адал кәсіп ету — әр мұсылманға парыз», «Адал табыс табу үшін шыққан адам жиһадта жүрген кісі тәрізді», — дейді.
Иә, Ислам діні адал кәсіп етуді уағыздайды. Дініміздің бұл әмірін ең бірінші болып бұлжытпай орындаған да әу баста пайғамбарлар болды. Риуаяттарға зер салған адамдар бүкіл пайғамбарларымыздың белгілі бір мұғжизаларды көрсетіп, адал кәсіппен шұғылданғанын аңғарады. Мысалы, Хазірет Адам алейһиссәлам егінші болса, Нұһ (ғ.с.) пайғамбар кеме жасаушы, Хазірет Идрис (ғ.с.) тігінші, Хазірет Мұса (ғ.с.) шопан, Дәуіт (ғ.с.) пайғамбар темірші, Зәкәрия ағаш шебері, Иса (ғ.с.) пайғамбар медицина ғылымының шоқтығы биік ұстазы болды. Бұл мәселелер кейінгілер үшін үлкен үлгі, өрісті өнеге.
«Еңбек адамды қашан да бақытқа бөлейді» деген сөз бекер емес. Адал еңбектің арқасында әр адам өз бақытын табады. Өзіне ғана тиесілі, өзіне ғана лайық жолмен жүріп, тірлік жасайды. Елжас Тәңірбергенұлы да адал еңбекке жастық шағын арнап келеді. Кәсіптің негізін қарапайым ғана адамдық парасаттан іздеп, өзі мұрат еткен ісін абыроймен атқарып жүр. Бүгінде көпке үлгі. Құдай қосқан қосағы Айжан  екеуінің алға қойған мақсаттары көп. Алайда, үкімет тарапынан ешқандай көмек болмайтынына біраз қынжылды. Тіпті, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың карантин кезінде кәсіпкерлерге жасаған көмегін де пайдала алмай отқандарын айтады. Блок посттардан өту, дүкендерге жеткізу көп қиыншылық тудырыпты. «Даму», «Атамекен» сынды кәсіпкерлік палатадан ешқандай көмекті ала алмаған Елжас Көпесбаев теледидардардан бәрі оңай айтылғанымен шарттары тым қиын дейді. Егер расымен де ең төмен пайызбен несие берсе, бірнеше жастарды аяқтандырып, талай адамды жұмыспен қамтып отыратын едім деген жас кәсіпкер біздің қаламызда бағаны бақылайтын мекемелердің жұмыстарына көңілі толмайтынын да айтты. Тіпті, әркім ойына келген бағаны қояды деп ренішін білдірді. Алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтырып, халыққа қолжетімді бағамен біраз істің басын бастап, көпке үлгі болғысы келетін жоспары да бар екен. Әсіресе, адалдыққа аса мән беретін Елжас бірінші орында халықты ойлау керек дейді. Себебі, халықтың ішінде өз ағаң, өз әпкең, өз туыстарың бар. Қандай кәсіп болса да адалдық пен адамгершілік болған жерде ісің алға басады дейді кейіпкер.
Ендеше, жастарға үлгі, жас та болса, бас болып, ел ағалары жасына келген адамның жасай алмағанын өз табан ет, маңдай терімен еңбек етіп, кәсіп ашқан азаматымызға біз де сәттілік, табыстар тілейміз.

Г.ЕРДАУЛЕТОВА.

Кілтсөздер:КӘСІП


ПІКІР ЖАЗУ