«ДАМУ» арқылы дамыған

0
1620

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 26 сәуірдегі «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қорын құру туралы» қаулысына сәйкес «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры құрылған болатын. «Даму» қорының қолдауына ие болып, өз кәсібін дөңгелетіп жатқан компаниялардың қатарында қазақстандық қазандық зауыты «TeploStandart» ЖШС, «Party Food» ЖШС пиццериялар желісі, «Braining» ЖК қосымша білім беру орталығы және «Di Art Studio» ЖК сұлулық салоны бар.

Қазақстандық қазандық зауыты «TeploStandart» ЖШС 17 жылдан бері пеш және қазандық өндірумен айналысады. 40 адамды жұмыспен қамтып отырған зауытта орташа айлық мөлшері 120 мың теңге.
– Алғашында біз жер сатып алу үшін 70 млн. теңге несие алдық, кейіннен тағы да қосымша 50 мл. теңге несие алып зауытты қажетті жабдықтармен қамтамасыз еттік. Бұл біздің жұмыстың сапасы мен жылдамдығын арттыруға көмектесті. Қазір біз сапа бойынша ресейлік және еуропа өндірушілерімен қатар тұра аламыз – дейді зауыт директоры Дмитрий Страхов.
Оның сөзінше, бір қазандықтың бағасы 160 мың теңгеден басталады. Зауыт өнімдері әлі импортқа шықпаған, десе де елімізде өте танымал, әсіресе Солтүстік Қазақстанда сұранысқа ие.
Ал, қосымша білім беру «Braining» ЖК зияткерлікті дамыту орталығы 2018 жылдың сәуір айында «Даму» қорының қолдауымен жеке нысан алып, сол уақыттан бері өз алдына жұмыс жасап келеді. Ментальды арифметика, сапсан бағдарламасы, франшиза әдісі, жылдамдыққа оқу, ағылшын тілі секілді түрлі бағыттар бойынша 5 мұғалім жұмыс істейді. Елдегі болған карантинге дейін 160 бала оқыса, қазір 70-80 бала осы орталықтан қосымша білім алуда. Дамытушы бағдарламада негізделген мекеменің басқарушысы Толқын Абуғалиева ұрпақтың білімді болуына атсалысқысы келетінін айтады.
«Party Food» ЖШС пиццериялар желісі Талдықорған қаласындағы аса танымал, сұранысқа ие, жылдам тағам дайындау орталықтарының бірі. Осы салада 14 жылдық тәжірибесі бар компания «Даму» қорынан 7% жылдық мөлшерлеме бойынша 87 млн. теңге көлемінде несие алған.
– Екі жыл бұрын «біз енді кәсіби түрде жұмыс жасауымыз керек» деген ой келді. «Даму» қорының қолдауымен қажетті дайын өнімдерді сақтайтын ғимарат алдық. Карантинге қарамастан өте белсенді жұмыс жасаудамыз. Алматы қаласынан тағы үш орталық ашсақ дейміз. Қазір жөндеу жұмыстары басталып кетті,– дейді компания директоры Ирина Чен.
Сондай-ақ, ол компанияда барлығы 140 адам жұмыс істейтінін де тілге тиек етті. Қазір Талдықорған қаласында төрт және Қапшағай қаласында бір орталық халыққа қызмет көрсетуде.
«Di Art Studio» ЖК сұлулық салоны 15 жыл көлемінде халыққа косметологиялық қызметтер ұсынып келеді. «Даму» қорының мүмкіндіктерін пайдалана отырып 6% жылдық мөлшерде несиеге өз ғимараттарын алған. Сұлулық салоны тек қана қызметтерді ұсынып қана қоймай, осы қызметтер бойынша оқытумен де айналысады.
Кәсіпкер Динара Жузбакиеваның айтуынша, жеке кәсіппен айналысқанына бес жылдай болыпты. «Даму» қорының көмегімен жеке ғимарат алып, өзінің салонын ашуға мүмкіндік туған. Қазіргі таңда тек қызмет қана көрсетпей, шәкірт тәрбиелеу ісімен де айналысуда.
«Даму» Қорының Алматы облысындағы филиал директоры Тимур Екеевтің сөзінше, 2020 жылы кәсіпкерлікті несиелеуді қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаны іске асыру шеңберінде Алматы облысының кәсіпорындарына несиенің жалпы сомасы 16 млрд. теңгеге 104 жоба бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қаржылық қолдау көрсетілген.

Мадина АКМАТОВА

Кілтсөздер:КӘСІП


ПІКІР ЖАЗУ