ҰЯТ ЖОFАЛДЫ

0
2358

Адамзаттың қорқынышына айналған коронавирус  ден-саулыққа ғана емес, ел экономикасына да әсер етті. Індеттен сақтану мақсатында Қазақстан 5 мемлекетпен 117 тұрақты автобус бағытын тоқтатып, 4 елдің шекарасындағы жеке автомобиль өткізетін 20 пункт жабылды. Туристік компаниялар шығынға батты. Карантин кезінде азық-түліктің, киім-кешектің, тұрмыстық заттардың да бағасы қымбаттады. Барлық жер жабылып жұмыссыз қалған жандар  көп болды. Мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп, жұмысы тоқтап қалған адамдарға 42500 теңгеден бөлінді. Бірақ шынайы мұқтаж жандар осы көмектен де тыс қалған жағдайлар болды.

Қоғамдық көліктердің жүру уақытын қысқартып, сенбі жексенбі күндері мүлде тоқтатып тастады. Халық тиісті жерге жету үшін таксимен жүруге тура келді. Осы кезде көлігі барлардың бәрі такси жүргізушісі болып, ойына келген бағасын айтып жатты. Халық өзі қиналып, қалтасы жұқарған сәтте бұл – жығылғанға жұдырық болды. Бір қаладан екінші қалаға қатынау үшін жол ақысын бұрынғыдан екі-үш есеге дейін артық төледі. Карантинге дейін Алматы – Талдықорған жол ақысы 2000-2500 теңге  болса, карантин уақытында 4000-нан 7000 теңгеге дейін көтерілді. Сол секілді Талдықорған – Үштөбе арасы карантинге дейін  400-500 теңге болса, карантин кезінде 2000 теңгеге  дейін шарықтады. Жағдай белгілі, жолда қойылған блокпосттар, қалаға кіргізу үшін жүргізілетін тексерулер, соған қарай жол ақысы қымбаттады. Ал, қазір карантин тоқтап, індет саябырсып, елдегі жағдай бірқалыпты болып жатса да, қала аралық такси жүргізушілері жол ақысын төмендететін ойы жоқ. Алматы – Талдықорған арасы 3000-4000 теңге, ал Талдықорған – Үштөбе арасы 1000 теңге болып тұр. Алайда, екі қала арасындағы жол ұзарған жоқ, жанармай бағасы да еш қымбаттамаған, сол қалпында. Яғни, такси жүргізушілеріне жол ақысын көтеруге ешқандай себеп жоқ. Тек карантин уақытында тапқан табыстарына үйреніп алған ба дейсің. «Неге қымбат» десең «Баға солай» деп ұрсып беретіндер де бар. Бағаны төмендетпеу үшін өзара келісіп алған. Қаланы білетін, бұрыннан екі ортада жүрген жолаушылар амалын тауып арзан бағаға тауып  жатады, ал қаланы білмейтін, бірінші рет бара жатқан адам тап болса одан да қымбат сұрайды. Осындайда адамдар ұят дегенді  мүлде ұмытты ма дейсің.   Қиын жағдайда халықтың қалтасына салмақ салмай, «Сәл де болса көмек қой» деп ең бірінші адамгершілікті ойлайтын жүргізушілер жоқ,  керісінше өз пайдасын ойлайды.

Адамгершілікті бірінші орынға қоятын қазақы құндылығымыз қайда кетті?! Блокпосттар алынып, карантин кезіндегі тексерулер тоқтаса да жол жүру құны төмендемей тұр. Неге?

М. МҰРАТБЕКҚЫЗЫ.

Кілтсөздер:НЕГЕ?


ПІКІР ЖАЗУ