Салт-дәстүрге сызат түсті

0
2398
1

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, заман ағымына қарай сан ғасырлық қазақ тарихындағы салт-дәстүрлер өзгеріске ұшырап, сарқыншағы болса да бүгінгі таңға аман-сау жетті. Қазірде атауы өзгерсе де, кейбір әдет-ғұрыптың қаймағын бұзбай сақтап отырған өңірлер де бар. Елдің кей аймағында қазақтың ежелгі салт-дәстүрлерін тас-тамай, күнделікті тұрмыста ұстанып жүр. Дегенмен, заман өзгеріп, қоғам дамыған сайын олардың да озығы қалып, тозығы ұмытылғанымен, түп тамырымыздан түбегейлі ажырап, көнеден келетін киелі дәстүрімізді ұмыттық деп айтуға да келмес. Бәлкім осы уақыт аралығында бір ел дәстүрінің элементтері бізге, біздің дәстүрдің кейбірі басқа бір елге енген болар, алайда ата-бабамыздан мұраға қалған ұлттық салт-сананы сол қалпында болашаққа қалдыру басты парыз екенін ұмытпаған абзал.
Қазақ – ежелден тойшыл халық. Бала дүниеге келгеннен бастап отау құрғанына дейінгі жасалатын үлкенді-кішілі қуаныштың түрі де жетерлік. Алайда, көргенін жасайтын халықпыз ғой, бүгінде осындай той-томалақтың арасында салт пен дәстүрдің бұрын мүлдем естіп те көрмеген су жаңа түрлері пайда болып, ел арасында кеңінен таралуда. Мәселен, алғашында үйлену тойында қалыңдықтың құрбыларына «гүл лақтыру» рәсімі ерсі көрініп, талай аға буын ақылын айтып, тоқтатуға тырысқан. Алайда көре-көре көз де оған үйренді. Одан кейінгі кезекте қызын ұзатқан әкенің қоштасарда қызымен бірге ел алдына шығып вальс билеуі де оғаш көрінгені рас. Осылайша туфли ұрлау, торт асату сынды өзге ұлт тойының элементтері еніп, санамызға сіңісті болып кетті. Осыған ұқсас ата дәстүрмізге керағар болмашы дүниелерді енгізуге әуестеніп, мән-мағынасыз тойдың да санын еселеп жібердік. Тіпті, соңғы жылдары жасалып келетін жөн-жоралғыларды қарап, ұлттық санамыздың күн санап уланып бара жатқанын аңғарасыз. Мәселен, күні кеше ғана әлеуметтік желіде таралған ақ кілемге отырғызып ұзатылған қыздың бейнежазбасы халық арасында кеңінен қызу талқыға түсті. Желі қолданушыларының басым көпшілігі мұндай салттың сан ғасырлық тарихымызда болмағанын айтып, таңданыстарын жасырмады. Тарихта «ақ киізге отырғызып, хан көтерген» дегенді естігенімізбен, қызды ұзатыпты дегенді құлақ шалмапты, тіпті көргеніміз осы ғана. Мұнымен өскелең ұрпаққа өз елінің ежелгі дәстүрін емес, қолдан жасалған жасанды жоралғыларды үйретіп, салт-дәстүрге сызат түсіргенімізді білмейміз. Неге?

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ