Тәуелсіздік неге тасада қала береді

0
2613

1986 жылы жастардың бас көтеруі, отаршылдық империяға қарсы толқуы тегіннен тегін емес еді. Сан ғасырлар бойы аттың жалы, түйенің қомында жүріп, сом білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ұлан-байтақ жерін, қарға тамырлы елін қорғаған ата-бабалар, батырлар дербес мемлекет болуды мақсат етті. Алайда арманға жету жолы оңай болған жоқ.

Тәуелсіздікке ұмтылған қазақтың қаны судай ақты. Ақтар келіп бір қырды, қызылдар келіп екі қырды. Жетпіс жыл кеңестер одағында бодан болдық. Іште қатқан шемен шер жиналып, қан-соқтаға айналды. Елдің бетке ұстар қаймақтарын атты, шапты, абақтыға жапты. Алаш ордасын ойрандады. Тың жерге түрен саламыз деп 15 одақтың аш-жалаңашын, жуанын да, жуасын да Қазақстанға тоғытты. Қазақты тілінен, дінінен айырды. Осының бәріне іштей тынған қазақ елу жыл ел ағасы болған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты тақтан алғанда мойынын ішіне алып мөңкіген тұлпардай тулады. Қазақ жастары алаңға шықты. Тізесін батырып, қорқытып үйреніп қалған Ресей империясы қоңыр қойдай момын елді басып, жаншып, «жаптым жала, жақтым күйемен» күйреткісі келді. «Қазақты қазақ қана басқару керек» деген жастар ұранынан сескенбей тұмсығын шүйірген Г.Колбинге тізгін берді.
Міне, осы барыс жылы бастау алған ұлттық көтеріліске биыл 34 жыл толады. «Орда бұзар отыз жастың» ар жақ бер жағы. Алайда, әлі күнге дейін жастардың қанымен келген Тәуелсіздік жаңа жыл деген жасанды мерекенің тасасында қалып қояды. Есесіне «Григорян» күнтізбесі бойынша «Иса» пайғамбардың туған күніне орай келетін жаңа жылды қараша аяқталмай желтоқсан іргеден кірмей тұрып, алаулатып, жалаулатып, шырша тігіп, мұз қалашықтар салып, миллиондап қаражат шығындап тойлап жіберетін жаман әдет сүйегімізге сіңіп, қанымызға дарып кетті. Сан рет шуладық, туладық, «айта-айта аузымыз ауырып, жаза-жаза қолымыз жара» болды. Саңырау құлақтай естімей қойған биліктің құлағының қалқаны ашылып, «Тәуелсіздік мерекесі өтпей, алаңға шыршалар тігілмесін» деген қаулы да шықты. Бірақ, оған құлақ асқан жергілікті билікті көрмедік. Республиканың кей өңірлері шырша тігіп жарысты, шыққыр көзіміз оны да көрді. Ал енді шынтуайтына келгенде Тәуелсіздік деген қасиетті ұғым қайда қалды? Біле білген жанға, санасы ояу, көкірегі даңғыл адамдарға 16 желтоқсан Ұлт-азаттық Көтерілісі емес пе? Қазақ мемлекеті үшін бұл күн қаралы күн болуы керек еді. Дәл осы күні тәуелсіздік жолында шейіт болғандарды аза тұтып, жазықсыз-қуғын сүргін көргендерді ел алдында қадірлеп, жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету парызымыз еді. Алайда, бұл басқа сарында кетті. Желтоқсаншыларды облыстық, аудандық қалалық әкімдер қабылдап, қолдарына конверт ұстатып жіберетін әдет болды. Ақпарат құралдары жылда Желтоқсан көтерілісі туралы жазғандары болмаса, әлі толық, түбегейлі зерттелмеген, архивтерде шаң басып жатқан тың деректер қаншама? Желтоқсаншылар дейміз-ау, осылардың өзі екі-үшке жарылды. Бір жылдары жалған желтоқсаншылар деген ақпарат құлақты жарып, басты айналдырды. Жалған құжат жасатқандар жайлы да оқыдық. Қойшы, пенде болған соң, аласы да, құласы да болатыны заңдылық. Алайда, тасада қалып қойған Тәуелсіздік туралы қашанғы ескі ақпарттармен желбір-жекендей жорта береміз? Неге осы күнге дейін шынайы деректерге ден қоймадық. Сонда біздің қай жеріміз Тәуелсіздік? «Тәуелсіздік бізге қан-төгіссіз келді» дейтіндерге 1986 жылы 168 адам өліп, 5000-ға жуық адам жараланған, 8500 адам ұсталды, абақтыға тоғытылды деген деректі қалай дәлелдейміз? Қазақстанның даму жолындағы, «тар жол тайғақ кешуі» тасада қалып, неге шырша мерекесінде мұз қала салып жарысамыз. Керісінше жергілікті билік, әкімшіліктер халықтың тәуелсіздік жолындағы ұлттық рухын аспандатып, арғы тарихқа бір шолып, 16 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінен бас-тап, мемлекет құру жолында, қазақ тілінің дамуына жанқиярлық іс тындырған Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов, Ілияс Жансүгіров тағы басқа да тұлғалардың рухын жаңғыртып, Желтоқсан көтерілісімен сабақтастырса, қажет болса 16-17-18 желтоқсанға дейін азалы күн деп, бізге тәуелсіздік осылай келген десе, өскелең ұрпақ тарихын танып, батырларын ардақтап, боздақтарына құрмет көрсетіп өспей ме? Менің балабақшаға барып жүрген беске толатын немерем «16-желтоқсан – ел мерекесі тасыған. Қазақ деген халық, жұрт, Қиын күн кешкен басынан» деп Тәуелсіздік туралы тақпақ жаттап жүр. «Ой, жарайсың балам, апайларың Тәуелсізік туралы не айтты десем. Ата, бізге аяз ата келеді»,– деді. Міне, біздің бүлдіршіндердің де санасын улап жатқан баяғы шырша, көз бояған аяз ата!
Тәуелсіздік тәлімді ұғым, оны кім қалай түсінеді?.. Елбасының өзі «Біз түптің түбінде 22 наурызды жаңа жыл деп бекітеміз» –дегені бар еді. Енді осы жоспарды жүзеге асыруды Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолы қойылған бұйрық болмаса, біздің жергілікті билік, жоғарыдан пәрмен болмай тәуелсіздік туралы бүйректері бүлк етпейді ғой! Себебі, Тәуелсіздіктен бұрын Нұрсұлтан қаласында мұз қалашықты салуға 28 миллион бөлініпті деп ақпарат құралдары қала әкімі Алтай Көлгіновтің құлағын шулатып жатыр. Ол да ақталып «бюджеттен бір тиын да бөлінген жоқ, бұған кәсіпкерлердің өздері қолұшын созуда» деп шыр-пыр болуда. Егер дәл осы бағытпен кете берсе, Тәуелсіздік тасада қалмай қайда қалады?

Айтақын БҰЛҒАҚОВ

 


ПІКІР ЖАЗУ