Коронавирустен өкпесі 95 пайызға қабынған жүкті әйел аман-есен босанды
Облыс орталығына өте ауыр күйде санавиациямен жеткізілген алакөлдік Жұлдыз Нұрғалиева 2021 жылдың 9 сәуірде ашылған Талдықорған қаласындағы перинаталды орталық базасында коронавирустық инфекциясы және полисегментті пневмониясы бар жүкті және босанатын әйелдерге арналған инфекциялық бөлімге түсті. Өкпесі 95 пайызға дейін қабынған жүкті әйелге дер кезінде кесір тілігі жасалып, медицина мамандарының арқасында өмірге дені сау шақалақ келді.
Отадан кейін келіншек бір ай бойы инфекциялық бөлімде, ал жаңа туылған нәресте перинаталды орталық дәрігерлерінің қадағалауында болды.
Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбековтың айтуынша, облыстық перинаталды орталықтағы коронавирустық инфекциясы және полисигментті пневмониясы бар жүкті және босанатын әйелдерге арналған инфекциялық бөлімде өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар қамтылып, олардың жұмыс істеуіне қолайлы мүмкіндік туғызылған. Осы уақытқа дейін науқастың жағдайын облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Лейла Серікбаева жеке бақылауына алып, назарда ұстады.
Сәуір айының 27-і күні түскен Жұлдыз Нұрғалиева ақ желеңділердің үздіксіз күресі мен емінің арқасында дертінен айығып, қатарға қосылды. Ол күні кеше, мамырдың 24-і күні ауруханадан аман есен шықты. Бір ай бойы дертімен арпалысқан ана ауруханадан шығар күні алғаш рет баласын қолына алды. Дәрігерлердің арқасында бөпесі мен өзінің аман есен үйге шыққанына шын қуанған Жұлдыз аналық алғысын білдірді.
– Маған екінші мәрте өмір сыйлаған барлық дәрігердің алдында басымды иемін. Олар өз ісін жетік білетін, жауапкершіліктері мол, нағыз гиппократ антына адал жандар. Облыстық аурухананың бас дәрігері Анарбек Монгол мұндағы әр науқастың жағдайы үшін алаңдап, күн-түн демей келіп, тексеріп кетіп жүргенінің өзі дертті жеңіп шығуға үлкен күш берді десем болады. Сондай-ақ, перинаталды орталықтың бас дәрігері Қанат Жұмашевқа да алғысымды
білдіремін. Олар өздерінің ерекше қамқорлығы мен ақ еділ көңілдері, жұмыстарына деген адалдығы мен емі арқылы ғажайып іс атқаруда. Осындай қатерлі істе алдыңғы шепте жүрген облысымыздың реаниматолог-дәрігері Азиз Садықовқа, анестизиолог-дәрігерлер Берікжан Уәлиевке, Гүлжан Боталбаеваға, Әсет Енсинге рахметімді айтамын Дәрігерлердің арқасында қолыма баламды алып, аман есен үйге оралудамын, – деп ағынан жарылды ана.
Талдықорған қаласындағы облыстық
ауруханасының баспасөз қызметі.