Жол құрылысы саласында маман тапшы

0
1579

 Болашақ мамандықты дұрыс таңдау – жауапты іс. Бір жылдан астам уақыт қашықтықтан білім алушылар үшін де, білім берушілер үшін де сыналар шақ болды. Әсіресе, үлкен өмірге енді қадам басатын жас түлектер үшін, яғни, мектеп бітіруші жастардың мамандық таңдау сәтіндегі толғанысы –  әрбір ата-анаға да, ұстаз бен шәкіртке де ой салады. 

«Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызды» деп Ыбырай Алтынсарин атамыз қалай көрегендікпен жырлаған десеңші. Бүгінгі ақпараттар ағыны сәт сайын ойыңды онға, санаңды санға бөледі. Жаңа ғасырдың талабы мен мақсаты бұрынғы жылдарға қарағанда мүлдем өзгеше. Қазіргі кезде жоғары табыс пен жақсы қызмет қай салада екенін жастар жақсы біледі. Тек жолын таба алмай жүретіндері бар.  Осы орайда, қандай мамандықты таңдасам екен, қандай оқуға барсам екен деп жүрген жастарға  кәсіби бағдар беруді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» былтырғы жылдан бастап жүйелі жүргізіп отыр. Өйткені, бүгінгі таңда автомибиль жолдары құрылысы саласында білікті маман тапшы. Жол құрылысы саласының қазіргі тыныс-тіршілігіне сер салып қарайтын болсақ, маман тапшылығының салдарынын біраз қиындықтар туындап отырғаны аңғаруға болады. Мысалы, жол салу үшін шет елден мамандар шақыртып, еліміздің қаржысын сыртқа шашып отырғанымыз рас. Жол салу құрылысында маңдайының терін төгіп, еңбек етіп  жүрген  өз еліміздің азаматтарының басым бөлігі кәсіби мамандар емес. Жаңадан салынып жатқан жолдардың сапасы нашар болуының бір себебі сол шығар мүмкін…

Білімді де, білікті мамандардың оқып-жетілуіне жол ашып, бағдар беруде «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалының мамандары да жоспарлы жұмыс жүргізіп отыр. Өткен жылы мектептерді аралап, оқушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, карантиндік режим басталғалы онлайн кездесулер өткізіп, жол құрылысы саласының жұмысымен таныстыруда. Кездесу барысында жолды жөндеу, сақтау және пайдалану жұмыстары  маңызды  мәселеге айналып отырғаны  жастарға кеңінен айтылып жүр. Жол саласында істеу үшін қай оқу орнына, қандай мамандыққа  тапсыруға болатынын да спикерлер түсіндіріп айтуда. «Жол құрылысы — ел экономикасының ең өзекті саласына айналды. Жол салу үшін оқыған білімді маман керек екенін жастарға тағы да айтып, жол құрылысы саласының маманы болуға шақырамыз» — деп «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалының мамандары барлық кездесулерде жастардың назарына салып отыр.

Қымбатты, жас түлек, автомобиль жолдары саласының маманы бол, еліңе қызмет ет!

Ақбөпе ЖИЕНҚҰЛОВА,

журналист.


ПІКІР ЖАЗУ