Дәмі тіл үйірер тәттілер дайындайды
Көксу ауданында нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыс жоспарлы түрде атқарылуда. Бүгінде аудан бойынша 257 адам өз кәсібін ашып үлгерген. Солардың бірі – Назерке Жақсыбекқызы.
Ол кондитерлік саланы небары тоғыз айда үйреніп шыққан. Алғашында тіл үйірер тортты қонақ келгенде ұсыну үшін қызығушылықпен үйрене бастаса, содан кейін туыстарына, одан қалса таныстарына тапсырыс арқылы жасай бастаған. Дәмді торттарына тамсанған достары «Тапсырыс арқылы ақша таппайсың ба? Торт безендіру әдісің ерекше…» деген сөздермен ұсыныс тастайды. Сөйтіп, жұмыспен қамту орталығына барып, үш айлық оқу курсты оқығаннан кейін кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, 555 600 мың теңге қайтарымсыз грантты иеленеді. Ол қаражатқа ыстық толқынды пеш және мұздатқыш сатып алып, кондитерлік кәсібін қолға алады.
«Мен инстаграмм парақшасындағы әдемі торттарды бірден жасамадым. Басында қолымның икемі келмеген соң, дәмді болса да, безендіруім аса болмай арзан бағада жасадым. Сөйтіп, клиенттер тауып, тапсырыс ала бастадым. Негізі торт қана емес пирог, бәліш, той дастархандарының сәнін берер тәттілерді қосымша табыс көзі ретінде жасаймын.
Бір қызық есіме түсіп отыр. Бірде бір қыз әкесінің туған күніне орай тапсырыс берді. Мен оны 17 желтоқсанда дайын болатын торттар тізіме жазып қойыппын. Содан ол қыз 16 желтоқсан күні таңертең ерте тортын алу үшін хабарласады. Менің сонда ұялғаным әлі есімді. Содан келесі жолы сол қыздың анасының туған күніне орай қымбат тортты арзан бағада жасап бердім. Бұл қателіктен кейін күндерді шатастырған емеспін» деп ағынан жарылды ол.
Назерке айына 300-400 мың теңге арасында табыс тапса, мереке күндері табысы екі еселенетін көрінеді. Кондитерлік цех ашуды ойлағанымен оны кейінге қалдырып отыр. Себебі, қазіргі таңда қолынан бал тамған кондитер үшін табыс көзі емес, балалардың тәрбиесі маңызды екен.
«Тортты сәндеу тұтас бір шығарма жазғанмен бірдей. Қазір көпшілігі ашық түстерге баса мән береді. Әсіресе, қызыл, жасыл, көк түстерге тапсырыс көп. Балалар туған күні, мерекелік кештерге арналған тортта әркім өзіне ұнайтын кейіпкеріне тапсырыс береді», – дейді ол.
Әдемілікпен қатар дәмі тіл үйірер торт жасау оңай шаруа емес. Ұқыптылық пен тазалықты талап ететін бұл саланы меңгеру екінің бірінің қолынан келмес. Тынымсыз еңбегінің арқасында кәсібін нәсіп еткен Назеркеге ісіңіз берекелі болсын дейміз.
Ардагүл ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ