Халық санағы калай өтеді?
2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазан аралығында Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы өтпек. Санақ «Қазақстанда әркім маңызды!» ұраны аясында ұйымдастырылмақшы.
Бұрынғы санақтармен салыстырғанда биылғы санақты барынша цифрландыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін Ұлттық статистика бюросының арнайы сайты ашық тұрады: sanaq.gov.kz. Бұл санақ аясында барлық сұраққа онлайн жауап беруге мүмкіндік береді. Қазанның соңғы екі аптасында интервьюерлер тұрғындардың үйлерін аралап, планшеттер арқылы ыңғайлы формада толтыратын болады.
Осы бағытта халықты ақпараттандыру барысында Алматы облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаменті басшысының орынбасары Динара Орысбайқызы «Jetisy Media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында алдын ала ақпарат берді.
Оның айтуынша, әр санақ сайын халқымыздың санының өскенін білудің өзі бір бақыт. «Санақ не үшін керек десеңіз, мемлекет елдегі халық санын, этникалық құрамын дәл білуі үшін, халықтың тұрмысын зерттеу үшін, бұрынғы есептермен салыстырып, өзгеру серпініне талдау жасайды. Санақ нәтижесі бұдан кейінгі есептерге, алдағы жылдарға жос- пар, болжам жасау үшін аса маңызды» – дейді Д. Орысбайқызы.
Өз сөзінде ол санақ жүргізу үшін республика бойынша 9,5 млн. қаражат бөлінгенінін де айтып өтті. Ол қаражат электронды құрылғыларға сондай-ақ, қызметкерлердің жалақсынына жұмсалмақ.
Баспасөз-мәслихатында 2021 жылдың ұлттық санақ парақтарындағы сұрақ тізбесі айтарлықтай ұлғайтылғандығы туралы да айтылды. Санақ жүргізу кезінде Қазақстан азаматтарына барлығы 87 сұрақ қойылса, мұнда барлығы 67 сұрақ және оған қосымша 20 нақтылаушы сауал кіріктіріліпті.
Халық санағына қатысатын әрбір Қазақстан азаматы елдің әлеуметтік бағдарламаларын жоспарлауға және дайындауға ауқымды үлес қосады деп сенейік.
Ардагүл ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ