Балаларым – бақытым
Айжан БЕЛЕГОВА: «Отбасымызда – төрт бала. Үш балам осы «Мейірім» шығармашылық орталығындағы үйірмеге барады. Тұңғышымыз – ШАХНҰР, 10 жаста. Қаладағы №14 орта мектеп-гимназиясында оқиды. Сабақтан босаған уақытында компьютерде отырып анимациялық мультфильмдер жасап, сүйікті ісімен айналысады. Оның әр нәрсеге қызығушылығы басым. Қазіргі таңда бейнелеу үйірмесіне әрі каратэге қатысады.
Орталықтағы бейнелеуден беретін ұстазы Айжан апайына рахмет. Сонымен қатар шығармашылық ұжымға да шексіз алғыс айтқым келеді. Жалпы ұлымның жетістіктеріне тоқталсам робототехникаға қатысып, конструктордан әр түрлі туындылар жасайды. Бос уақытында легомен әдемі ғимараттар, машина түрлерін жасағанды да жаны сүйеді.
Ал, Толғанайымның жасы сегізде. Ағасы – Шахнұр, артында екі інісі бар. Сабақтан босағанда үйдің тірлігіне көмектесіп, кішкентай бауырын қарасады. Барлық нәрсені байыппен, тыңғылықты жасайды. Қазіргі уақытта орталық бассейнге аптасына үш рет барып жүр, суда жүзгенді, сурет салғанды, би билегенді, гимнастикаға қатысқанды және ән айтқанды ұнатады. Сонымен қатар батик үйірмесіне қызығушылығы ерекше.
Әр сабақтан ерекше көңіл күймен келеді.
Жеке жетістіктеріне тоқталсам, бірнеше байқауға қатысып бас жүлде, бірінші орын алды. Алты жасында «Пай-пай ару» байқауында бас жүлдені жеңіп алса, «Чудеса талантов» атты ковбой биін билеп, бірінші орынды қанжығасына байлады.
«Мейірім» – шығармашылық орталығындағы ұстазы Клара апайға аналық алғысымды айтамын. Жалпы, балалар шығармашылығын дамытуда осындай орталықтың ашылғанына шын қуаныштымын.
Ұлым – Мағжан. Оның жасы алтыда. Балабақшада жүргенде тхэквондоға, биге қатысты. Қояндар биін билеп, республикалық деңгейде бірінші орын алды. Қазір қаламыздағы №14 орта мектеп-гимназиясында оқиды. Сабақтан тыс уақытында достарымен ойнайды, сүйікті істерімен шұғылданады, сурет салады. Қазір «Мейірім» шығармашылық орталығындағы бейнелеу үйірмесіне қатысып жүр. Бейнелеуге деген қызығушылығы ерекше. Сондай-ақ, каратэге, гимнастикаға қатысқанды, ән айтқанды ұнатады.
Үш баламның да осындай керемет орталыққа барып, өнерлерін ұштап жатқанына ризамын. Орталықтың директоры Гүлмира ханым мен оның ұжымына еңбектеріңіз жана берсін деймін».
Айжан ҚАЗБАНБЕТОВА: «Қызымның жасы алтыда. Есімі – Сезім. Ол қаладағы №14 орта мектеп-гимназиясының оқушысы. Кішкене кезінен гимнастикаға қатысып, ән айтқанды ұнатады. Ал, батик үйірмесіне деген қызығушылығы тіптен ерекше. Клара апайы мен «Мейірім» шығармашылық орталығының ұжымына айтар алғысым шексіз.
Балабақшада жүргенде жыл 12 ай ертегісінде тауықтың рөлін сомдап, жүлделі орын алды. Бос уақытында мультик көреді, сурет салады. Үйірмеде үйренген жұмыстарын қайталауды да ұмытпайды».
ӨЗ ТІЛШІМІЗ