Отыз жылдағы ой-толғау

0
1365

Алматы облысы Талдықорған қаласы Тіл сарайында тұңғыш қазақ тарихшысы Қадырғали би Жалайыридің 490 жылдығына арнап жазылған төрт кітаптың тұсауы кесілді. Атап айтсақ, «Қадырғали би Жалайыри (библиографиялық көрсеткіш)», «Қазақ тарихының атасы», «Қадырғали би Жалайыри – Қазақ тарихының геродоты», «Қазақ тарихының көшбасшысы» атты кітаптар.

Бұл туындылар қазақ ұлтының орта ғасырлық ғұлама перзенті, тарихшы, этнограф,  географ,  шығыстанушы, философ, жазушы, публицист, қоғам қайраткері, ержүрек батыр, дарынды әскербасы, дінтанушы Қадырғали би Жалайыр туралы тұңғыш рет Отан тарихында шығып отырған ғылыми зерттеу ғұмырнамасы. Кітапта жалайыртану саласында қарымды еңбек етіп жүрген ғалымдар мен жазушылардың құнды еңбектерін әрбір тарауда пайдаланыпты.
Жиын алдында тарихшы, ғалымның ғұмыр дерегі мен қалдырған еңбектеріне қатысты фильм көрсетілді. Фильмде Қадырғали би Жалайыридың бет-бейнесі жан-жақты қырынан сыр шертілді. Қазақтың белгілі ғалымдары Әлкей Марғұлан, Шоқан Уәлиханов, жазушы Мұхтар Мағауиннің Қадырғали би туралы терең зерттеулерінен келтірілген деректер фильм мазмұнын аша түсті.
Іс-шара кітап авторы, тарихшы Құлтай Нұрқалбайұлының алғы сөзімен ашылды.
– Біз қазақ тарихының атасы Қадырғали биді әлі де қазақ жұрты оқып зерттей түссе, білсе екен деген оймен осы алғашқы ғылыми-зерттеу ғұмырнама кітабын жазып отырмыз. Бұл ғұмырнаманы жазу үшін талай еңбек еттім. Мәліметтерді жинауыма отыз жыл уақытым кетті. Осы уақытқа дейін кітаптың екі жинағы шықты. Әрқайсының басы 500 беттен, аяғы 560 бетке дейін болды. Талай кітапхананың есігін тоздырдым. Бұған кітапхана қызметкерлері: «Аға, кейбіреулер келіп 1-2 кітап қана сұрап алып кетеді. Ал сіз болсаңыз барлығын қарадыңыз ғой» деп күледі. Осы зерттеуге байланысты 300 бет материал жинадым . Әрине, мұның бәрі отыз жылдың ішінде жиналған дүние болғандықтан оңай іс емес, – дейді кітаптың авторы.
Түркі елдерінде және қазақ тарихында Қадырғали бидің «Жылнамалар жинағы» ерекше орын алады, ол ортағасырдағы қазақ тілінде жазылған тұңғыш тарихи шығармалардың бірі.  Бұл библиографиялық шығарманы жасаудағы негізгі мақсат – ортағасырлық ғұлама, дарынды, дара тарихшы ғалымның кейінгі ұрпаққа қалдырып кеткен қайталанбайтын бағалы асыл мұраларын зерттеу, зерделеу, ұрпаққа насихаттау.

Жинақ – тұлғатану тарихын зерттеуші мамандарға, ғалымдарға, жоғарғы оқу орындарының оқытушыларына, студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына, көпшілік оқырман қауымға арналған.
Жиынға қатысушылардың арасында 12 ғалым және тарихшылар мен жазушылар болды.  Атап айтсақ, Өмірәлі Шақарапұлы, Сәкен Нұрбеков, Бақберген Түкібаев, Сайлау Тойлыбаев, Күлімкөз Сартаева, Ерлан Сүлейменұлы, Бақыт Есімқұлов, Болат Керімбек, Наурыз Қылышпаев, Ришад Тұрғанбай. Оның ішінде Д. Қонаев университетінің ректоры, халықаралық Қадырғали би Жалайыр қоғамдық қорының президенті, заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Шақарапұлы және басқа да ғалым, тарихшылар сөз сөйлеп, тұщымды ойларын ортаға салды.

Арайлым НҰРЖАПАР


ПІКІР ЖАЗУ