Өнерлі бала өрге жүзеді

0
1446

Динара БУТАЕВА:  –  Ұлым – Санжар Айдынұлы, он жаста.  Қаладағы №19 мектеп-гимназиясында оқиды. Отбасымызда екі баламыз бар. Санжар екінші бала. Үйдің кішісі болғандықтан ағасына еркелеп жүреді, екеуінің қарым-қатынасы жақсы. Ұлым көп нәрсеге қызығады. Соның бірі – бокс. Спортты жақсы көреді, өзі шымыр. Сол себептен де өз қалауымен боксқа бердік. Қазіргі таңда біраз жүлденің иегері болды. Тек бұл ғана емес, мектепте де үздік оқушы.  Ал, «Мейірім» шығармашылық орталығына 2021 жылдың қазан айынан бастап барады. «Вокал» және «Актерлік шеберлік» үйірмесіне қатысады. Бұл орталыққа келгелі бері  балам жан-жақты ашылды: ән айтады, актерлік деңгейін шыңдады, өзімен жұмыс жасауды үйренді.

Қазір байқасаңыздар көп бала гаджет, ұялы телефоннан шыға алмай қалған. Ал оның зияны болмаса, пайдасы аса көп емес. Біз бос уақытымызды қалай ұтымды жұмсасақ болады деп ойланып жүргенімізде  осы орталыққа тап болған едік. Бұл орталықты естіген соң Санжардың да қызығушылығы оянды. «Мейірім» шығармашылық орталығынның ұжымына  алғыстан басқа айтарым жоқ.  Ұстаздары – шебердің шебері-ақ.   Ұлым әр  үйірмеге қуана барады. Орталықтың ұстаздарына тек сәттілік тілеймін. Жұмыстары  алға басып,  балаларды қуантып жүре бергей.

Тамаша ЕГЕУБАЕВА:  –  Қызым – Әмина, отбасындағы төрт баланың үшіншісі.  Жасы алтыда.  Алдында екі ағасы,  інісі бар.  Бауырларын өте қатты жақсы көреді. Ағаларының тілін алса, інісіне қамқор болып, мейіріммен қарап жүреді.   Қаладағы № 14 орта-мектеп гимназиясында оқиды. Бос уақытында сурет салғанды, кітап оқығанды ұнатады. Сонымен қатар,  қолы босай қалса маған көмектесіп, қолқабыс етеді.

«Мейірім» шығармашылық орталығына қазан айынан бері барып жүр. «Домбыра» және «Сурет» үйірмелеріне қатысады. Қызым сабақ беріп жүрген ұстаздарының барлығын жақсы көреді. Әсіресе, сурет үйірмесіне барғанды ерекше ұнатады. Орталықтың жетекшісіне, үйірме ұстаздарына көп рахмет. Оқушылардың ешқайсысын бөліп жармай, бәріне бірдей білгенін үйретеді. Орталықтың  ұжымына   шығармашылық табыс тілеймін. Еңбектері жанып, төккен маңдай терлерінің жемісін оқушылары жақсы нәтижелермен көрсетіп, ақтай берсін.

Гүлшат АЯХМЕТОВА:  –  Қызым – Махаббат  Бауыржанқызы.  Жеті жаста. Үйдің екіншісі. Алдында ағасы, одан кейін  сіңлісі және інісі бар. Балаларымның бір-бірімен қарым-қатынасы жақсы, тату жүреді.  Үлкендері кішкентайларға көмектеседі, қамқорлық көрсетеді.  Қызым – атына заты сай, барлығын жақсы көріп тұрады.  Айналасындағы жандармен тез тіл табысады, жатырқауды білмейді.

Ол  қаладағы № 12 орта-мектеп гимназиясында оқиды. Сабаққа ынтасы жақсы, үй тапсырмасын өзі орындап, маған тексертіп отырады. Өлеңді  мәнерлеп оқу байқауына қатысады. Соның бірі  Абай Құнанбаев  оқулары. Бұл байқауға қатысып, марапатқа ие болған.  Бұдан да бөлек біршама  жүлде алды.  Қызымның мінезі – нәзік, ой-қиялы озық. Кішкентайынан сурет салғанды жақсы көреді.  Бір кіріссе, сағаттап отырады. Би билегенді  ұнатады. Қазіргі заманның талабына сай,  тик-ток қосымшасы арқылы би билеп,  түрлі бейнетүсірілімдер түсіреді.

«Мейірім» шығармашылық орталығын құрбымнан ести салысымен, дереу құжаттарын тапсырдық. Орталыққа барып жүргенімізге үш ай уақыт болды. «Сурет салу», «Батик» үйірмесіне қатысады. Үйірме өзіне қатты ұнайды. Сурет салудың қыр-сырын үйренді,  қазір өте әдемі суреттерді салып жүр. Ал  «Батик» үйірмесінде киім, матаға сурет салып үйреніп жүр. Қызым күнде сабақтың қызықты өткенін, апайларының сондай жақсы кісілер екенін айтып отырады.  Расында, ұстаздардың  қайсысы бірін алып қарасаңыз да, балаларға қарым-қатынастары өте жақсы. Сабақты үйрету методикалары әртүрлі әрі қызықты.

«Мейірімнің» ұстаздарына үлкен табыс тілеймін.  Еңбектері жана берсін.  Отбасылары аман болсын. Осындай мықты ұстаздардың сабақ беріп отырғаны  біз үшін  мақтаныш. Орталық  одан әрі   көркейе берсін деймін.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

 


ПІКІР ЖАЗУ